Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Елбасымен бірге өткерген тәуелсіздік тарихындағы маңызды қадамдар облыстық “Нұр Отан” партиясында өткен диалог алаңының тақырыбына айналды.
Майшамның жарығымен жұмыс істеген жылдардың қиындығын еске алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов Елбасымен бірге елдің кезең-кезеңмен еңсерген белестеріне тоқталып өтті.
– Бүгінгі күннің жетістіктеріне қол жеткізуде Елбасы әлем елдерінің тәжірибелеріне арқа сүйеді. Көлемі жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орын алатын ұланбайтақ жеріміздің тұтастығын сақтауда үлкен жұмыс жасалды. Елбасы нарыққа көшу керектігін айтқанда, бұл идеяны жақтағандар қатары сирек болатын. Астанаға көшу турасындағы шешімі де жұртшылықтың сенімсіздігін тудырған еді. Сол уақытта жасалған сенімді қадамдар бүгінде бейбіт аспан астында қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанды қалыптастырды, – деді Ескендір Елеусізов.
Елбасы өзінің әр жылдардағы Жолдауларында білім беру саласына үлкен көңіл бөліп келеді. “Балапан” бағдарламасы арқылы мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету, Назарбаев Зияткерлік мектептерін салу арқылы оқушыларға білім беру сапасын жоғарылату, студент жастарды гранттар мен түрлі бағдарламалар арқылы шетелдерге оқытуға жіберу мәселелері Елбасының назарынан тыс қалған емес. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина алдағы оқу жылдарында да білім беру саласында бірқатар өзгерістер енгізілетінін жеткізді.
Диалог алаңына қатысушылар мемлекеттік тілді дамыту жайын қызу талқылады. Қазағы аз біздің өңірде бұл мәселе өзектілігін жойған емес. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің Тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласбаеваның айтуынша, басшысының тапсырмасымен қазақ тілі курстарына барып жүрген мемлекеттік қызметшілер тілді толық меңгеріп жүр деуге келмейді. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында үштұғырлы тіл саясатын дамыта отырып, қазақ тілінің өрісін кеңейте түсу қажет.
Әлемнің 45 елінде тұрып жатқан 5 миллион қазақ назардан тыс қалған емес. Олар Елбасының, Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауында. Елімізде тілі басқа болса да, тілегі бір ұлт өкілдерінің де тілі мен діні, мәдениеті мен салт-дәстүрі ұмыт қалмасын деген мақсатта арнайы діни және білім беру мекемелері мен ұйымдар жұмыс істейді. “Мұның барлығы да білікті де көреген Мемлекет басшысының өлшеусіз зор еңбегі”, – деді өз сөзінде “Ұрпақ” мәдени-ағарту орталығының жетекшісі Сағындық Салмұрзин.