Қазақстандық он үш жасар шахматшы қыз – Жансая Әбдімәлік биыл Түркияда өткен әлем чемпионатында жиырма жасқа дейінгі қыздардың арасында 77 шахматшының ішінен асқан ұшқыр да тапқыр ойын өрнегімен көзге түсіп, дүниежүзілік доданың күміс жүлдесін еншіледі және “Ең жас халықаралық гроссмейстер” атанды.
Осы таяуда ғана отандасымыз Чехияның Брно қаласындағы “Брно Опен – 2013” деп аталған ашық чемпионатта тоғыз ұпайдың жеті жарымын еншілеп, бас жүлде алды.
Ж. Әбдімәлік алты рет жеңіске жетіп, үш партияны тең аяқтаған. Бірде-бір мәрте опық жемеген. Онымен бас жүлдеге жиырма жасқа дейінгі 69 шахматшы қыз таласқан. Брнодағы жеңістен кейін Жансаяның рейтингіне 30 ұпай қосылды.