«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП, шағын қалаларды дамыту қолға алынбақшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, онда төрт мәселе қаралды. Соның алғашқысы – Қызылжар ауданының он айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының кейбір мәселелері жөнінде аудан әкімі Еркебұлан Кәменов хабарлама жасады. 

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, қызылжарлықтардың аталмыш салада қол жеткізген көрсеткіштері айтарлықтай. Қаңтар-қазан айы аралығындағы қорытынды бойынша ауданның өндірістік кәсіпорындары 7,3 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Өндіріс саласында 8 жаңа нысан ашылып, 58 адам жұмыспен қамтылған. Биыл сатып алуға жоспарланған 700 бас ірі қараның орнына 800 мал әкелінген. Соның ішінде 174 бас түлік “Сыбаға” бағдарламасы бойынша сатып алынған. Ауданның мектепке дейінгі тәрбие беру жағдайы оңынан шешілуде. Ауыл-аймақтарда 5 балабақша мен 55 шағын орталық жұмыс істеуде. Соңғысының қатары мемлекеттік жеке серіктестік есебінен артуда. 2014 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамту 100 пайызға орындалады, деді әкім. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының аясында 91 млн. теңге бөлініп, 35 жас маман жұмыспен қамтылған. Дегенмен де, ауданда онколог, психолог, нарколог сынды дәрігер мамандар әлі де тапшы. Қызылжарлық тұрғындардың өткен мерзімдегі орташа жалақысы 69 500 теңгені құраған. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, өсім небары 6 пайызға тең. Өңір басшысы осы мәселеге қатысты сын айтты. Ауданның орташа жалақы мөлшері облыстық орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Самат Ескендіровтің пікірінше, бұл мәселеде өзгелерге қарағанда, облыс орталығына жақын орналасқан ауданның мүмкіндігі мол. Тұрғындардың табысын арттыру бойынша барлық мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Бескөл ауылының бір бөлігін электрмен қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр. Бұған жеке тұрғын үйлердің көптеп салынуы себеп болса керек. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша бұл мәселені облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяев пен аудан әкімі пысықтайтын болады.

Отырыста қаралған екінші мәселе – облыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыс барысы. Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Павел Филипповтың мәліметінше, 2013 жылдың он айында облыс аумағында табиғи және техногендік сипаттағы 691 төтенше жағдай тіркеліп, салдарынан 91 адам қаза тапқан. Адамдардың өрттерде жан тапсыруына маскүнемдік (122 оқиға) басты себеп болып отыр. Өкінішке қарай, ересектердің қарауынсыз қалған балалар да тілсіз жау құрбанына айналған (22 оқиға). Өрттердің көбі – жеке тұрғын үй секторының үлесінде. Департамент басшысының айтуынша, тұрғын үй секторы мемлекеттік өрт бақылауы жүзеге асырылатын аумаққа жатпайтындықтан, бұл жердегі өрттердің алдын алудың негізгі әдісі тек үгіт-насихат жүргізу болып отыр. Осы бағытта ТЖД СҚО ІІД-мен бірлесіп бес жыл ішінде 1425 рейд өткізіп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін түсіндірген.

Дегенмен, аталмыш салада материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, кадрлардың жетіспеушілігі апаттардың алдын алуды толық деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр. Облыс аумағында 393 елді мекен өртке қарсы қорғаныс құралдарымен қамтылмаған. Бұған қоса, жылы бокстар болмағандықтан, техниканың басым бөлігі қыс мезгілінде орын алатын өрттерді сөндіруге уақтылы шыға алмайды. Аудан әкімдіктері әлі күнге дейін бес мыңға дейін адам тұратын елді мекендерде 12 өрт сөндіру бекетін салу бойынша қаржыландыру көздерін белгілемеген.

Отырыста облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу барысы талқыланды. Биыл бұл бағытқа 5 млрд. 429 млн. теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі күнгі нәтиже бойынша, облыста 9,4 км. жол қайта қалпына келтіріліп, 28,4 км. және 7 су өткізетін құбыр күрделі жөндеуден өткен. 384519 шаршы метр алаңның шұңқырлары тегістелген. Сөйтіп, автожолдарды жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың қорытындысы мынадай: жақсы жағдайдағы километрлер саны – 2 пайызға, қанағаттанарлық жағдайдағы жол 3 пайызға ұлғайтылды. Бұл 162 мың адам тұратын 235 елді мекен үшін көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл көрсеткіш, негізінен, облыстық маңызы бар автожолдарды маршруттық тәсілмен орташа және шұңқырлық жөндеу жұмыстарын орындау есебінен құралғанын атап өткен жөн. Самат Ескендіров СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исмановқа жөнделген жолдардың сапасын тексеруге байланысты комиссия құрамына депутаттарды енгізу керектігін ескертті. Мұны облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов те қолдады. Оның айтуынша, тұрғындардан Жамбыл ауданындағы Баян-Архангелка арасындағы жол сапасына қатысты шағымдар жиі айтылуда. Сондай-ақ Есіл ауданының Покровка-Ильинка бағытындағы Амангелді, Жарқайың, Өрнек және Мектеп ауылдарының тұрғындары жол машақатын көруде. Өрнек ауылындағы қиыршық тас дайындайтын зауыттың жүк көліктері кесірінен қазба жолдың бытшыты шыққан. Бейбіт Исмановтың айтуынша, бұл жолды жөндеу үшін келесі жылға жобалық-сметалық құжат әзірленуде.

80-ші жылдардан бері қараусыз қалған облыс жолдарын жөндеуге бөлінген қаржының жеткіліксіздігі айқын сезіледі. Тозығы жеткен жолдардың жағдайын жақсарту бір жылдың ішінде шешілетін мәселе емес. Өңір басшысы келесі жылы бұл бағытқа бұдан да артық қаржы құйылып, жол мәселесі біртіндеп шешіледі деген үміттеміз, деді.

Аудандық маңыздағы қалаларды дамыту мәселесі жөнінде облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Өтеуленова есеп берді. Бүгінгі күні Мамлютка, Булаево, Тайынша және Сергеевка қалаларының дамуы қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ қазір әзірленіп жатқан “Шағын қалаларды дамыту” бағдарламасы жобасына сәйкес, жұмыс үш негізгі бағыты бойынша жүргізіледі. Олар шағын қалалар брендингі, экономиканы әртараптандыру, бизнесті және инфрақұрылымды дамыту болып табылады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp