Кеше Петропавл қалалық Мәдениет үйінде облыстың іскер әйелдерінің басын қосқан форум өтті. Тұңғыш Президент күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов және республикалық “Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы” қолғамдық бірлестігінің президенті Раушан Сәрсембаева қатысты.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Форум басталмас бұрын құрметті қонақтар Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған “Әйелдердің жаңа экономикаға қосқан үлесі” көрмесі мен “Арманмен қанаттанған” әйелдердің портреттік галереясын тамашалады. Осыдан кейін басталған форумды ашқан “Солтүстік Қазақстан облысының іскер әйелдер қауымдастығы” ҚБ-нің төрайымы Бақытжан Сәмиева әйелдердің атқарып отырған жұмысы мен елдің дамуына қосқан үлесі зор екендігін атап өтті. Ал өңіріміздегі белсенді әйелдердің жеткен жетістіктеріне тоқталған облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов:
– Әйелдердің мансаптық өсуі жолын қамтамасыз ету – еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі. Әйелдердің жұмыспен қамтылу пайызы еркектерге қарағанда әлі де төмен. Мәселен, біздің өңірімізде бұл көрсеткіш 40 пайызды құрап отыр. Ал әйелдер қауымын Елбасы біздің алдымызға қойып отырған міндеттерді жүзеге асыруда қуатты күш санауға болады, – дей келіп, бүгінгі таңда әйелдердің ана ретінде мемлекеттік тілді дамытудағы мүмкіндігі толыққанды пайдаланылмай отырғандығын жеткізді. Әйел отбасы, ошақ қасында болғандықтан, баланың тәрбиесімен тікелей айналысып, оның мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне тікелей әсер ете алатындығын атап өтті.
“Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Раушан Сәрсембаева жергілікті іскер әйелдерге мемлекеттің беріп отырған мүмкіншіліктерін ер адамдарға бәсекелес болмай пайдалану қажет екендігін айтты. Әйел – алдымен жар, ана. Көркем тілмен “нәзік жан” атанған әйелдер отбасындағы да, қоғамдағы да мәселені шешуде табиғатына тән иілгіштік қасиетін ұмытпағаны абзал деген ойын жеткізді. Форум барысында қыз-келіншектердің жеткен жетістіктері ауызға алынып, дәл сондай биіктерге жетуге әр білімді, ақылды әйелдің құқығы бар екендігі айтылды. Форум барысында жетістіктерімен өзгелерге үлгі болған іскер әйелдер сахна төріне шақыртылып, оларға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметте белгілі бір белесті бағындырған әйелдер ортаға шығып, өз ойларымен бөлісті. Шараның соңында форумның қарары қабылданып, концерттік бағдарлама көрсетілді.