“Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі” ММ облыстық филиалында теңгенің 20 жылдығына орайластырылған тағы бір салтанатты жиын өтті. Онда филиал директоры Жомарт Қажырахымов бір топ әріптесіне “Теңгеге – 20 жыл” медалін табыс етті.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Осыдан 20 жыл бұрын еліміздің егемендігінің бір белгісі ретіндегі Ұлттық валюта – теңгенің қолданысқа енгізілу үдерісіне өзіндік үлес қосқан талай қаржыгер жерлестеріміз бар. Осы күні солардың бір тобының еңбегі еленіп, төстеріне мерекелік медаль тағылды. Жиырма жылдың белесі артта қалып, сондағы орта буынның самайларына ақ түссе де, олар әлі күнге дейін өз қызметтерін абыройлы жалғастырып келеді. Бұл күнгі салтанатты жиында Ұлттық банк филиалының директоры теңге қолданысқа енгізілгеннен бері қаржы саласында еңбек етіп келе жатқан бір топ әріптесін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Олардың қатарындағы еңбек ардагерлері, облыс әкімінің бұрынғы орынбасарлары Иван Чиркалин мен Федор Сутуловқа, “Эксим-банк” АҚ филиалының директоры Әлия Башееваға, “Қазақстан Халық банкі” АҚ филиалы директорының орынбасары Олег Бейнертовқа, Мамлют ауданындағы “Талапкер” КС-нің басшысы Сәуле Жүсіповаға, “Сұлтан ММК” АҚ қаржы жөніндегі директоры Виктор Кельбрантқа, “Тұрғын үй жинақ банкі” АҚ филиалының директоры Балахмет Молдиновке, “ВТБ банк” АҚ филиалының бас бухгалтері Татьяна Нетесоваға, “БанкЦентрКредит” АҚ филиалының қызметкері Зоя Петуховаға, “Дельтабанк” АҚ филиалының бас бухгалтері Сапура Рамазановаға, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің аға оқытушысы Ирина Цвингерге және “Еуразиялық банк” АҚ филиалы директорының орынбасары Әсия Шаштаулетоваға медаль табыс етілді.
Ал келесі күні қаржы саласында ұзақ жылдар еңбек еткен 28 зейнеткер де “Теңгеге – 20 жыл” медалімен марапатталды.