Өмірге дені сау сәби әкеліп, тәрбиелеп, оқытып, қоғамға пайда әкелер азамат етіп тәрбиелеу – ата-ана үшін үлкен бақыт. Ал егер бауыр еті балаңыздың есту қабілеті нашар немесе мүлдем естімесе, не істеуге болады?
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Әлемдік статистикаға сүйенер болсақ, әрбір мың баланың ішінде үшіншісі осындай кемістікпен туады екен. Құлақ мүкістігі бар балалар біздің өңірде де аз емес. Жақында “Улыбка” балалар қайырымдылық қорының президенті Галина Бондаренкоға осындай сырқатпен ауыратын ата-аналар хат жазған. Хат мәтініне сүйенер болсақ, 2007 жылдан бастап біздің өңірдегі саңырау балаларға кохлеарлық имплантация операциясы жасалған. Бүгінде ондай балалар саны – облыс бойынша жиырма екі. Аталмыш операция арқылы баланың есту қабілеті жүйкесінің істемейтін бөлігі жасанды затпен алмастырылады. Ал арада 5-6 жыл өткен соң міндетті түрде құлақ қондырғысын ауыстыру қажет екен. Бұрын аталмыш операция Алматы қаласында квота арқылы тегін жасалған. Бүгін ондай операцияны Астанада да жасайды. Қуаныштысы, содан кейін барлық баланың есту қабілеті жақсара түскен. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай қолдаудан кейін балалар естіп, тіпті, шама-шарқынша сөйлеп те үйреніп қалған екен. Ал енді аталмыш аппаратты ауыстыратын кез келгенде ата-аналар қайда барып, көмекті кімнен сұрарларын білмей отыр.
Операциядан аман-есен өтіп, еміс-еміс ести бастаған баланы көру ата-ана үшін бір ғанибет емес пе?! Ал егер онымен тиісті мамандар жүйелі түрде жұмыс істесе, баланың өз қатарластарына бір табан болсын жақындауына мүмкіндік туады екен. Қазір балалармен арнайы мамандығы бар сурдоаудармашылар, психологтер жұмыс істейді. Олардың бірқатары жоғарыда атап өткен есту қабілеті нашар мектеп-интернатпен қатар, ауруханаларда арнайы ашылған кабинеттерде жұмыс жүргізеді екен. Олардың бірі – Оксана Рудокова.
– Балалармен біз күн сайын жұмыс істейміз. Бұл дегеніңіз үлкен шыдамдылықты қажет етеді. Олардың құлағы естімеуімен қатар, сөйлеуінде де қиындық бар. Сондықтан да әр баламен жеке-жеке жұмыс істеу керек. Ата-аналардың көмегі де бұл жерде үлкен рөл атқарады. Сөйлесе берсе, баланың ақырындап тілі шығады. Ым тілін оқыса, бала еріннің қозғалысы арқылы мән-жайды түсініп, жауап беруге талпынады. Қазір біз оқытып жүрген балалардың барлығы жап-жақсы ілгері басып келеді. Енді тек олардың құлақ құрылғылары ауыстырылса, есту қабілеттері, тіпті, жақсара түсер деп үміттенеміз. Бес-алты жыл бойы жұмыс істеп, енді нәтижесін көре бастағанда ол балалар қайта естімей қалса, өте қиын болады, – дейді ол.
Құлаққа тағатындары ескі, қазір одан да жақсылары шыққан. Осындай жаңашылдықты көріп отырған ата-аналар бар нәрсеге қолдары жетпей, сан соғуда. Бала дыбыстарды ажырату үшін құлаққа арналған құрылғыларды арнайы мамандар әрбір алты ай сайын қарап, дұрыстап беру керек екен. Өкінішке қарай, мұндай мамандар Қазақстанда жоқ. Сол үшін ата-аналар Ресейге, нақтырақ айтар болсақ, Санкт-Петербург қаласында орналасқан медициналық орталыққа барады. Аппарат сынып қалған жағдайда оны жөндеудің өзі үлкен проблема болып отыр. Ата-аналардың айтуына сүйенер болсақ, титтей бір бөлшектің өзі қалтаға айтарлықтай салмақ салады екен. Немересінің келешегін ойлаған Балымжан Файзулина – бұл мәселемен тікелей таныс жандардың бірі.
– Темірлан есімді немеремнің тоғыз жасында есту қабілеті нашарлап, операция жасаттық. Қазір 9-сыныпта оқиды. Шүкір, 80 пайыз естиді. Мұның барлығы – дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің нәтижесі. Ол үшін, әрине, атқамінер ағаларға алғыс айтамыз. Бірақ, аппарат қойылды, ал оны ауыстыру, жөндеу сияқты маңызды жақтары қарастырылмаған. Мәселен, жақында ғана аппараттың бір бөлшегін 25 мың теңге төлеп жөндеттік. Оны тиісті орынға жібереміз, 2-3 ай тосамыз, содан кейін бәрі қайта қайталанады. Ол қандай зат болса да сынады, тозады емес пе? Енді өзіңіз санай беріңіз жылына қанша ақша керек екенін. Мемлекет қанша қаржы жұмсап, біздің балаларға операция жасады. Бұл оң нәтиже беріп жатыр. Ал енді осындай олқылық кездесіп, жарты жолда қалып қою қаупі туындап тұр. Мені және осындай мәселесі бар ата-аналарды алаңдатып отырғаны да осы, – дейді ол.
Бескөл ауылында тұратын Үмітжан Өтенова да баласына операция жасатқан ата-аналардың бірі. Аппараттың сынған бөлшегін ол жақында 33 мың теңгеге Мәскеуде жөндеткен. Қазір баласы арнайы мектеп-интернатта білім алады.
– Қалаға күнде қатынаймыз. Қысы-жазы осы. Суық соғып, жауын жауып тұрса да, сырқат баланы алып, мектебіне әкелемін. Басқа амал жоқ. Оның кінәсі қанша, құлағында кемістік бар екен деп үйде отырғызып қоймаймын ғой. Біз де 2009 жылы осы операцияны жасатқанбыз. Қазір бала аздап естиді, тілі келгенше сөйлейді. Мен өзім оны түсінемін. Оңай емес, әрине, бірақ, арнайы мамандар бар, солар оқытады, үйретеді. Жол алыс болса да, күнде келіп жүргеніміз де сол. Әйтеуір, шыбын жанды шүберекке түйіп, бала үшін бәрін жасайсың ғой. Енді ғана бала оңалып келеді дегенде мынадай қиындық туындап отыр. Бастаған жақсы істі аяғына дейін апарса, жақсы болар еді. Бәрінен де балаға қиын соғайын деп тұр, – дейді ана.
Айта берсе, бұл тізім аз емес. Баланың естуіне жағдай жасау үшін керек қаражат көп, ал оны барлық ата-ананың қалтасы көтере бермейтіні айдан анық. Көмек сұрап, әр есікті қаққан ата-аналар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдерімен де кездескен. Бірақ, олар болса нақты осы мәселе бойынша көмек көрсете алмайтындарын айтқан. Иә, ақ халаттылар баланың операциядан кейін қайта оңалуына көмектеседі, олармен жұмыс істеп, өмірге бейімделуіне жағдай жасайды. Оған ауруханаларда сурдоаудармашы жұмыс істейтін кабинеттердің де бар екендігі дәлел. Бұл да бала үшін өте қажет көмек. Дегенмен де дәл қазір уақытты оздырмай, аппаратты ауыстыру керек. Егер ауыстырмаса, ол сынып, бала естімей қалады. Мұндай өзгеріс олардың жүйкесіне кері әсер етеді. Балада бас ауруы пайда болады екен. Жасы кішкентайлар бұрын естіп жүрген дыбыстардың бір күн ішінде қайда жоғалып кеткенін түсінбей, қиналатынын айтады ата-аналар. Яғни, олар бір сәтте саңыраулар әлеміне түсіп кету қаупі туып тұр. Ата-аналарды қорқытатын жайт та осы. Мәселенің бір шешімі болып қалар деген үмітпен олар Петропавл қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің өкілдерімен сөйлескен. Алайда, олар: “Алдымен өтініш жазыңыздар, кейін көреміз” дегеннен басқа тұшымды жауап бере алмаған. Иә, мұндай жауап та оларға кішкене болсын үміт отын ұялатар еді. Бірақ, ата-аналардың біразы бұған дейін аталмыш мекемеге барып, өтініш жазған екен. Ал олар өз алдына белгілі себептерге байланысты көмектесе алмайтындарын жеткізген. Әрине, бәрі де заң аясында.
Қалай болғанда да бүгінгі күнге дейін мәселе шешімін таппай келеді.
Әрине, мұндай қиын кезде қоғам болып көмек қолын созбасақ, күні ертең ол балалардың қайтадан естімей қалу қаупі бар. Оның алдын алу үшін барлық жағдайды жасау керек. Осы ретте қарашаның үшінен бастап “Улыбка” балалар қайырымдылық қоры “Өмір сүру және есту” атты марафон бастады. Қор президенті Галина Бондаренконың айтуына қарағанда, мұндай игі шараның мақсаты – кохлеарлы имплантация жасаған балаларды қолдау. Марафон желтоқсан айының басына дейін жалғасады.