Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
ЕЛІКТЕЙДІ ЕКЕНБІЗ…
Дәстүр сабақтастығынан, заманалар жуықтығынан, әдеби-эстетикалық ұстанымдарының ұқсастығынан туындайтын “еліктеу” дейтін әдеби термин ауызға да алынбайды, қаламның ұшына да ілінбейді: аты да, заты да кеспірсіз болып көрінеді көбімізге. Шешек шыққан ауылдай еліктеуден айналып өтетіндігіміз қисынсыз емес: әлдебір әдеби-көркемөнер үлгілерін әдеби жағынан саналы түрде көшіріп алғандай болудың немесе жаңғыртудың несі жақсы? Десе де түпнұсқаға жуықтаудың деңгейі еркін тәржіма мен еркін стильге салудан дербес туындыға дейін ауытқитындығын неге ескермеске?! Еліктеу көшіру емес, ғибрат тұту екендігін қайда қоямыз?! Ендеше әдеби ықпалдың нышаны болып табылатын еліктеу қалыптасу мен дамудың міндетті кезеңі деген тұжырымға тоқтауға тиіспіз.
Шартты түрде алғанда Асан қайғыдан басталатын әдебиетіміздің тарихына тереңірек үңілетін болсақ, мұндай құбылысты кез келген ғасырдың ақындарының туындыларынан аңғара аламыз. Алғашқы автопортреттің авторы болып табылатын Қазтуғаннан бастап, өзіміздің өрен жүйрігіміз – Шал ақынға дейінгі ақын-жыраулардың төкпелеткен туындыларының сырт көзге егіз қозы сияқты ұқсас болып көрінетіндігінің себебі белгілі: Шалкиіз бе, Үмбетей ме, Ақтамберді ме – бәрі де өзара ғибрат тұтудың көрінісі ретінде бірін-бірі толықтыра түсті.
“Сөйлегенде сөзі аузына сыймаған,
Еріккенде қызыл тілін жимаған”, – деп желдей есілген, жүйріктей көсілген олардың түйдек-түйдегімен түсіретін толғаулары күні бүгінге дейін оқырмандарды тамсандырумен келеді. Өзінен екі-үш ғасыр бұрын ғұмыр кешкен, міне, осы ақын-жыраулардың өздеріне де, сөздеріне де қатты еліктеген Махамбет, өзі айтқанындай, еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, әрі ақын, әрі батыр бабаларынан асып түспесе, кем болған жоқ. Жыраулар поэзиясының соңғы аккорды сияқты болып көрінетін оның туындылары әрісі – Асан қайғыдан бастап, берісі – Жанкісіге дейінгі төрт ғасырлық тарихы бар төл өлең-жырларымыздың қынаптан суырылған қылышындай жарқылдады.
Осы Махамбеттен 40 жыл кейін туған кемеңгер ақынымыз – ұлы Абайдың көне дәстүрлерін ғибрат тұтумен және оны одан әрі дамытумен ілгерілеп отырған төл әдебиетімізді орыстың және Батыстың озық әдебиетінің бай үлгілерімен байытып, қазақ поэзиясын мазмұн, түр жағынан, сонымен бірге тақырып тұрғысынан да аршындап алға бастырғаны белгілі. Өзінен бұрынғы поэзиялық үлгілерге табан тіреген ұлы ақынға Шығыстың да, Батыстың да әдебиеттерінің әсері аз болмағандығы да аян.
“Болмасаң да, ұқсап бақ!” – деп ұлы Абай тектен-тек айтқан жоқ: еліктеу көбіне-көп ілгері тартпаса, кері шегіндіре қоймайды. Ақын бабамыздың өзі пір тұтқан классиктердің бірі Науаи екен: оның дастандарына емес, ғазелдеріне еліктегенін бәріміз білеміз. Бұған “Әлифбиі” мысал: араб алфавитімен тізілген ғазел Науаида да бар.
Әдебиетте мүлдем жаңа өріс іздеп, өзгеше өрнектер табуға талпынған жаңашыл бабамыздың өзіне дейінгі сөз дүлдүлдерінің кейбірін қаламымен түйрегені, әрине, ұлы ақынға ғана жарасатын қасиет. Бір қызығы – “Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау” деп қатты кеткен кемеңгер ақынымыздың олармен үндесетін тұсы да бар. Ол Дулаттың дегенін қалай қайталағанын өзі де аңғармай қалғандай:
“Мөңіреп жұрттан ой қайтты,
Бұзауы өлген сиырдай”, –
дегенді Дулат бұрындау айтса, ұлы Абай осы ойды шиырлай түсті:
“Адасып қалған күшіктей
Ұлып жұртқа қайтқан ой”.
Қалай болған күнде де ақынның тұлғасы қаншалықты ірі болса, оның ықпалы да соншалықты зор болатыны, бейнелеп айтқанда, айналасына түсіретін жарығы да мол болатыны айдан анық. Қара басымызды алып жүруден бастап, биік адамгершілікке дейінгі аралықты түгел қамтыған жан-жақты құбылыс болып табылатын Абай көктегі Күніміздей: баршамызға нұрын шашып тұр. Оның тікелей шәкірттері болған ұлдары – Ақылбай мен Мағауияның немесе ақынның айналасында болған Көкбайдың жүріп өткен жолдары көбіміздің алдымызда сайрап жатыр. Бұл ретте Абайдың ағасы – Құдайбердіден туған Шәкәрімнің орны бөлек: ұлы ақынның тікелей тәрбиесін көрген ол ағасының бағытын одан әрі жалғастырып, ағартушылық идеясынан туындаған азаматтық лирикасынан айнымады, әлемге әйгілі бірқатар шығармаларды қазақшаға аударды, философ, ойшыл, тарихшы ретінде қаншама туындылар жазды, сазгерлігімен де көрініп, жиырмаға жуық ән шығарды.
Ұлы Абайдың әбден орнықтырған әдеби дәстүрлерін дамытуға Ахмет Байтұрсыновтан бастап, Сұлтанмахмұт та, Міржақып та, Мағжан да – бәрбәрі қалам сілтеді. “Кітапты молда теріс оқыр” деп басталатын шумақтың сиқырынан шыға алмаған Сұлтанмахмұт:
“Мынау төрде ишандар,
Аузы-басы қисаңдар.
Ат, тоныңмен жұтады,
Аузына егер сыйсаңдар”, – деп жазса, Мағжанды “Жаздыкүн шілде болғанда” баурады:
“Шілдеде самал ескенде,
Жайлауға ауыл көшкенде,
Ат-айғырға мінісіп,
Қыз-бозбала жарысып,
Тереңнен әзілдескенде”, – деп төкпелетті келіп!
Мағжан демекші, осы бабамның бүкіл шығармашылығын жалғыз мақаласына сыйғыза білген Жүсіпбек Аймауытов: “Мағжан – еліктегіш ақын”, – деп саусақтарын бүккендей, оның қандай ағымның толқынында тал бесіктегідей тербетілгенін санап бергендей болатын. Өз заманынан оза туған, ең бастысы – еуропалық үлгідегі ақындар шоғырына жататын Мағжанның әрісі – Данте мен Гетеге, берісі – Фет пен Мережковскийге еліктемеуі мүмкін де емес еді. Бұл бабамыз татар ақындарының туындыларын да тамсана оқыған тәрізді: ара-тұра Ғабдолла Тоқайдың стилі де қылаң беріп қалады.
Иә, ұлы Абайдан басталған реформаторлық рух Мағжанда бейнешілдік, сөз құдіретін асқақтату жағынан анық аңғарылса, өмірде де, өлеңде де кеңес заманының қызыл сұңқары атанған Сәкеннің өлеңдерінің түрінен де, ырғағынан да мен мұндалап тұрды. Дәстүрлі силлабикалық поэзиямызға тоникалық жүйенің екпінді ырғақтарын енгізген Сәкеннің жаңашылдығында дау жоқ, алайда мұның бәрі Маяковскийдің ықпалы еді. Оның “баспалдақтары” оң жамбасына келген Сәкен тұтастай поэмалар да жазса, Сәбит те қалысқан жоқ: “Москва. Мосторг” деп сатылауға көшті:
“Тыңдайық, жаңа дабылды
Жолдас Маяковскийден”, – деп жырлады.
Бунақтап, бөлшектеп, тақпақтап айтуды талап ететін Маяковскийдің барабандай дүңкілдеген дүр стилі талай ақынның табандарын “баспалдаққа” тигізді. Мен осы “баспалдақтың” астында қалып қойған ақындарды да білемін: олар жалаң еліктеуден аса алмады, өз стильдерін таба алмады.
Жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылуды адам жанын тазартатын құзырет дейтін болсақ, бұдан прозаиктер болса-болмасын қалыс қала алмайды: әдеби ықпалға еріп, олар да алдындағыларға еліктейді. Бұл ретте олардың бәрін бірдей тізе бермей, біреуіне ғана тоқталайық. Мәселен, өзіміздің даңқты жерлесіміз Ғабит Мүсірепов. Күллі кеңес жазушыларының көсемі де, шешені де болған Горькийді оның пір тұтқаны соншама – аналарға арналған бір емес, бірнеше әңгімесін қазақшаға аударғаны қапысыз дайындығы екен: аналарға арналған бір емес, бірнеше әңгімені өзі де жазды. Ол әр сөйлеміндегі әрбір сөзін ойнату үшін барын салатын хас суреткерге тектен-тек еліктеген жоқ: талғампаз Ғабит Горькийдің шығармашылығына тәнті болды.
КСРО-ның жүздеген жазушысын аузына қаратқан Горькийдің мемуары түрткі болған Сәбең одан асырып түсірді: “Өмір мектебі” – оның ең шоқтықты шығармаларының бірі.
Міне, осылардың бәрін желк-желк етіп мектепте жүргенде-ақ оқып шыққан менімен тұстас соғыстан соң туғандар кітапқұмарлар ретінде де жарқырап көзге түскен болатын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының қақ ортасында бір-бір студент болып шыға келген оларды Алматыда Төлеген Айбергенов марқұм… қарсы алды: жүйткіп бара жатқан составтарды елестететін оның өлеңдері бізді де бірге ала жөнелді… Ол кезде Төлегеннің бір шумақ өлеңін жатқа айта алмайтын студент жоқ еді. Ақындар да сәнге айналады екен ғой: Төлегеннен кейін Мұқағали жарқ ете түсті. “Ат суара барғанда жылғаға сен”, – деп басталатын бір өлеңін жатқа айтып жүрдік.
Осы әрекетіміздегі еліктеудің ұшқыны жүрек түкпіріндегі жыр жалынын лапылдатты: әлгі студенттердің бәрі болмағанмен, бірнешеуі кейіннен ақындықтың аспанында қанат қақты. Айтпақшы, Олжасқа еліктеп, орысша жазуға ден қойғандар да табылды. Абырой болғанда, солар далада қалған жоқ: күні бүгінге дейін қалам сілтеп жүр. Төлеген мен Мұқағалиды пір тұтқандар да пұшайман болған жоқ: бәрі де өз стильдерін таба білді.
Ал менің қолыма түскен алғашқы жыр жинағы әлі есімде: Тұрсынхан Әбдірахманованың “Әннен-әнге” деп аталатын алақандай кітабы еді. Осындай алақандай жинақтардың жүзін емес, мыңын сатып алдым. Солардың бәрін де Құрандай қадірледім: үстелдің сирағының астына, шәйнектің астына қойғызбадым, көмір жанбай жатқанда қабықтың орнына лапылдатпадым… Әлгі кітаптардан құрақ көрпе жасайтын адамдай бәрін жайып қоюшы едім. Әттең, тап-тұйнақтай қылып жүретін әдеттен адамын: жолдарға төсейтін төрт бұрышты өрнектастар тәрізді кітаптарым төрде шашылған қалпы жатады. Бір ғажабы – бозбала болсам да, шығармашылық ахуалдың темірдей тәртібі сақталады: әлгі кітаптарды ешкім қозғамайды.
Бірақ мені бұл “өрнектастар” қатты қызықтырмады: студенттердің көбі Төлеген мен Мұқағалиды ауыздарынан тастамаса, мені тереңнен толғайтын Жұмекен сүйсіндірді. Әрі өлеңдерін ішкі ұйқасқа құратын оның туындылары кестелі келеді.
Кеңестік кезеңде өсіп-өнген біз орыс ақындарын да орыстардан кем оқыған жоқпыз. Алпысыншы жылдардағы “жылымық” тұсында оқырмандарын аядай кітапханаға емес, ат шаптырым стадионға тоғыстырған Е.Евтушенко, А.Вознесенский, Б.Ахмадулина сияқты суырылып шыққан ақындардың өлеңдерін миымыздың сүзгісінен талай рет өткізгенбіз. В.Хлебников, А.Ахматова, М.Цветаева, Б.Пастернак – бәрі де қазақ оқырмандарына таныс.
Әркім өзінің жанына жақын адамды іздейді ғой. Шындықты тіліп тұрып айтатын Е.Евтушенко болса менің жаратылысыма кереғар. Оның есесіне А.Вознесенский мені бірден баурады: ескі сарынмен шиырламай, реформа жасаған ақын жаңашылдығымен қызықтырды. Оның бірді-екілі тіркестерін кейіннен эпиграф ретінде пайдаланғаным бар.
Әрбір өлеңін өзгеше сомдаудан танбайтын елден ерек ақындар көп емес, бірақ жоқ емес. Соңырқатпай қоймайды солар: аз жазса да, мәз жазған Семен Кирсанов бөле-жара көрінумен болды: Э.Межелайтис бастаған Балтық бойының ақындары жаттандылықтан ада болатын. “Бір-біріне ұқсамасын ақындар!” – деп В.Маяковскийдің айтқанын ұмытпай, сартап болған тақырыптарды шиырлай беретін кеңестік ақындардың жазғандарына бірдеңе жетіспей жатқандығын іштей пайымдап, жоғымыздың орнын былай толтыратынбыз: қолымызға тиген шетел ақындарының өлеңдеріне шұқшиятынбыз. Құдықтың ішіне түсіп кеткен құрбақадай түк көрмеген біз сияқты емес, олар еркін көсіледі: жанрдың шеңберімен шектелуді білмейді. Мәселен, чех ақыны Витезслав Незвалді қайта-қайта оқығаным есімде. Оның өлеңдерін Жұмекен ерігіп аудара салған жоқ: егіліп-төгіліп жырлайтын Незвал оның жанына жақын болып шықты деп болжауға болады.
Ал “Шіркін, осындай өлең жазса ғой!” дегізген төл классиктеріміздің есімдерін еске алсам, бәрін айтпай, бірін айтсам, “Бұлбұлға” деген алғашқы өлеңімен-ақ миллиондарды тамсандырған Ілияс Жансүгіров ойыма оралады. Оның “Мезгіл суреттерінің” жадымда жатталып қалғандығы сондай – екінші нұсқасы тәрізді өлеңді қағазға түсірдім. Менің атымды да, затымды да білмейтін белгілі ақын Тұрсынхан Әбдірахманова “Жетісу” газетінде осы өлеңіме жылы лебіз білдірді.
Бәрінен де қуаныштысы сол – мен Мағжанның шығармашылығымен жұрттан бұрынырақ таныстым: марқұм Хамза Абдуллиннің аузына түкірген ұстазының зайыбы Зылиқа таратқан қолжазба түріндегі қолдан түптелген жинақ менің қолыма тигенде жетпісінші жылдар еді. Осы күнге дейін сөремде тұрған әбден сарғайған сол жинақ жайдан-жай жалым-жұлым болған жоқ: жиырма жыл бойы жасырып оқыдым. Ешкім айта алмаған ақиқатты қаңтарда да қатпайтын ақ бұлақтай атқылатқан ақынның батылдығына тәнті болушы едім, сөйтсем оның стиліне де сүйсінген екенмін: өлеңдер жинағымды оқып шыққан бір әріптесім: “Сенде Мағжанның сарыны бар екен”, – деді. Бұған таңғалуыма тура келді: өзім аңғармаған жайт еді.
Құп, солай-ақ болсын: өрен жүйріктерді өнеге тұтудан ешкім өспесе, өшпейді!