«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРТАПҚЫШ ӨЗ ЕҢБЕГІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ өзгенің мойнына артпауы жөн

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан – әлемдегі ең өнертапқыш елдердің бірі. ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде соңғы 20 жыл ішінде 30 мыңға жуық ғылыми жетістік патенттелген көрінеді. Біз ЖОО-ның не болмаса ғылыми-зерттеу институттарының ашқан жаңалықтарына емес, қарапайым тұрғындардың ойынан шыққан өнертабыстарды қалай жүзеге асыруға болады деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Себебі, инновациялық патент те белгіленген 3 жылдың ішінде жүзеге асырылмаса, күшін жоғалтады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары өздерінің өнертабыстарын жүзеге асыру үшін ірі кәсіпорындармен келісім жасайды. Сондықтан олардың ғалымдары мен студенттері ойлап тапқандары серіктес кәсіпорындардың базасында жүзеге асырылады. Ал қарапайым тұрғындардың арасынан шыққан өнертапқыш кімге сенуі керек? Өзіне, мемлекетке, қалталы азаматқа?.. Бұл тізімді әлі де толықтыра түсуге болады. Бірақ біз негізгі осы үш бағытқа тоқталғымыз келіп отыр. Қарапайым адам өзіне сеніп, өнертабыс ойлап тапты. Оның тиімді, оңтайлы және қажет екеніне көз жеткізіп, патенттеді. Сызба нұсқасы қағаз күйіндегі өнертабысты әрі қарай жетілдіру үшін оны жүзеге асыру керек. Ал бұған қаржы қажет. Қарапайым өнертапқыш не істейді? Мемлекетке емес, ол алдымен қалталы азаматқа барады. Психологиямыз сондай. Ал қалталы азаматтар, яғни кәсіпкерлер өнертабысты жүзеге асырумен емес, нарық сұранысына қажет екені дәлелденген дайын дүниені сатып алуға ниетті. Себебі, құр патент ішкі беттері басылмаған кітаптың мұқабасы сияқты. Құр мұқабаны ұстап, кітап дүкеніне барып: “Бұл – бестселлер болатын кітаптың мұқабасы. Сатып аласың ба?” дегенмен бірдей. Сол себепті өнертапқыштың бұл ұсынысы оны қызықтыра қоймасы сөзсіз. Бір бағыттан тауы шағылған өнертапқыш мемлекеттің қолдауына да сенімсіздікпен қарап, “Өнертабысыңды комиссияның алдында дәлелде немесе таныстыр” дегенді алынбас қамалдай көріп, аттонын ала қашады немесе “Өнертабысымның мықты екенін өзім білемін”, деп бұлданады. Ал “бәсекелестік” деген ұғымның өнертабысты жүзеге асыруда да бар екенін ескере бермейміз. Жыл сайын мыңдаған қазақстандық патент алса, оның барлығы бірдей іске жарамды деген сөз емес. Оның ішіндегі заман талабына сәйкес келетіндері ғана сұранысқа ие. Өнертапқыштардың ойлап тапқан дүниелерін жүзеге асыруға келгенде, сауаттарының аздығынан ведомстволар тарапынан ақпараттандыру жұмысының жеткіліксіз жүргізілуі де себеп. Олай дейтініміз, соңғы жылдары Қазақстан тың инновацияларға ерекше назар аударып, олардың авторларын қолдау үшін гранттар бөлуді қолға алған. Түрлі бағдарламалардың негізінде қаладағы, ауылдағы өнертапқыштар ой жемісін комиссия алдында сәтті қорғай алса, мемлекет бөлген қаржыдан оның қолын ешкім қақпайды. Алайда, мемлекет тарапынан осындай қолдаудың бар екенін өнертапқыштардың барлығы бірдей біле бермейді.  

Сарапшылар ғылыми әлеуетіміз Жапония мен Ресейден кем түспейді дегенімен, өнертабысымызды жүзеге асыруға келгенде қозғалысымыз тым баяу. Себебі: “Мен өнертабысымды патенттедім. Кім алады?” деп үйден шықпай, тұтынушы іздейміз. Ол үшін қолыңа қажетті қағазыңды алып: “Елде өнертапқыштарды қолдауға бағытталған қандай бағдарламалар бар?” деген сұрақпен іздену қажет. Біз де осы сауалмен облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ирина Кузнецовамен тілдестік.

– Бүгінгі таңда инновациялық жұмыстарға басымдық берілуде. Ғылымның, сандық және нанотехнологияның дамуы нарықтың сұранысын өзгертті, – деді Ирина Сергеевна.

Бүгінде елімізде инновациялық әрекетті насихаттау үшін “NIF$50K” жыл сайынғы конкурсы өткізілуде. Конкурстың мақсаты – тұрғындарды инновациялық белсенділікке бағыттап, инновациялық кәсіпкерлікті насихаттау. Сондай-ақ жаңа технологиялар аясында әлеуметтік маңызды бастамаларды анықтап, қолдау көрсету. Сонымен қатар, елімізде “Инновациялық автобус” конкурсы өткізілуде. Астана қаласынан шығатын автобус еліміздің әр өңіріне барады. “Инновациялық автобусқа” барған әр өнертапқыш өз жаңалығының таныстырылымын өткізеді. Конкурстың нәтижесі бойынша 1 жеңімпаз және 2 сыйлық иесі анықталады. Олар ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Мәселен, үстіміздегі жылы гранттың көлемі – 7,2, 2,5 және 1 миллион теңгені құрайды.

– Егер бұлар өнертапқыштың көңілінен шықпаса, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын пайдалануға болады. 2012 жылдан бері аталмыш бағдарлама аясында гранттық қаржыландыру тетігі қолға алынған. Мақсатты гранттар жаңашылдығымен және сонылығымен ерекшеленген бизнес-идеяларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі, – дейді Ирина Кузнецова.

Бір кәсіпкерге бөлінетін грант көлемі 3 миллион теңгеден аспайды. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында өңірімізде 7 кәсіпкер 16,8 миллион теңгенің грантын алған. “Іздегенге – сұраған” демекші, ізденген адам өз өнертабысын жүзеге асырудың тетігін табады. Тек өнертабысты ойлап табуға көмектескен ізденімпаздығыңызды оны жүзеге асыруда да пайдаланған жөн.

Тағы бір айта кететін ақпарат – үстіміздегі жылы облыс орталығында Ұлттық Зияткерлік меншік институтының филиалы ашылды. Енді өнертапқыштар өз дүниесін патенттеу үшін ат арытып, Астанаға бармайды. Қажетті құжаттарды облыс орталығындағы аталмыш филиалға тапсырады. Құқықтық сараптама жұмыстары 9 айдан 1,5 жылға дейін уақытты алуы мүмкін.

– Осы орайда азаматтың өтінімді берген уақыты түгіл, минуты, секундына дейін анықталады. Себебі, кім бірінші өтінім берді – сол патентке ие. Жалпы тұрғындардың патент, куәлік алуға қатысты құқықтық сауаттылығы төмен. Осы орайда Кәсіпкерлік және туризм, Индустриялық-инновациялық даму басқармаларымен, “Даму” қорымен байланыс орнатып, солар арқылы кәсіпкерлермен кездесіп тұрамыз, – дейді Ұлттық Зияткерлік меншік институты филиалының директоры Марина Терехина.

Ал жалпы облыс орталығында аталмыш филиалдың ашылғанын да жұрт біле бермейді. Сол себепті бастарына алма түспей-ақ тың дүние ойлап тапқан кейбір өнертапқыштар патент алу үшін үш күнін жоғалтып, Астанаға барады. Жылға жуық тосып алған патенті үш жылдан кейін жарамсыз болып қалады. Парадокс!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp