«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІН және ДӘСТҮРЛЕР САБАҚТАСТЫҒЫ ел бірлігін нығайта түседі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қызылжар” орталық мешітінің ұйымдастыруымен М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Дін және дәстүр” атты конференция өтті. Аталмыш шараға ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов, Дін істері агенттігінің діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы жөніндегі басқармасының басшысы Айнұр Әбдірәсілқызы арнайы шақырылды. Жиынның басты мақсаты – өскелең жастарды имандылыққа баулып, Исламды құрметтеп, ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, дін мен дәстүрді сабақтастыру мәселелерін қарастыру.

Конференцияны “Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы Хамзат Әділбеков жүргізді. Бірінші болып ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы сөз бастап, асыл дініміздің мәні мен мағынасына тоқталып, құндылықтарын терең аша түсті. Конференцияға келген жастарға халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының түп-тамыры сүннет пен хадистерде жатқанын жеңіл де түсінікті түрде айтып жеткізді.  

Ал филология ғылымының кандидаты, бірнеше құнды еңбектердің авторы Айнұр Әбдірәсілқызы өз кезегінде рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудағы әйелдің рөлі, қазақтың қайсар қыздары мен абыз аналарымыздың салт-дәстүрге, ұлттық құндылықтарға көрсеткен құрметі туралы мысалдар келтіре отырып, зал толған студенттердің, әсіресе, қыз балалардың назарын өзіне аудартты.

Әл-Азхар университетінің түлегі, магистр, теология ғылымының кандидаты, еліміздің дін саласында қызмет жасап жүрген білікті ғалым Сансызбай Шоқанов “Әдет-ғұрыптың шариғаттағы орны” деген тақырыпты кеңінен айшықтап, жиналған жастарға жеңіл де түсінікті жолмен жеткізе білді.

Сондай-ақ конференцияда ҚР ІІМ Ішкі әскері Әскери институтының жалпы білім беру кафедрасының профессоры, философия ғылымының кандидаты Сәуле Сүлейменова, СҚМУ-дің тарих және қоғамдық, гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымының кандидаты Зәуре Қартова “Дін және мультимәдениет”, “Қазақ мәдениеті мен тарихындағы Ислам дінінің маңызы” тақырыптарында дайындаған баяндамалары аясында ой өрбітті.

Іс-шара барысында студенттер бірнеше сұрақ қойып, теолог, дін саласындағы мамандардың тарапынан қанағаттандырарлық жауаптар алды. Жиында оқылған баяндамаларды, айтылған ойларды қорытындылап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығару үшін бас имам Кенжетай қажы Дүйсенбай сөз алып, конференцияға қатысқандар мен баяндамашыларға алғысын білдірді. Салмақты пікірлерді ұйып тыңдаған конференцияға қатысушылардың бұл жиыннан терең мағыналы ой түйгені сөзсіз.

“Қызылжар” орталық мешітінің баспасөз қызметі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp