Еркін күрестен өткен Қазақстан біріншілігінде солтүстікқазақстандық жас балуандар бес алтын, бір күміс, бір қола медальға ие болды. Турнирде облыс намысын 7 қыз және 8 ер бала қорғады. Балуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түсті.
Өңір құрамасының мүшесі Нұрқожа Қайпасов 59 кг. салмақ дәрежесінде 5 кездесу өткізіп, жеңіске жеткен. Бір атап өтерлігі, аталмыш салмақта жерлесімізбен бірге жеңіс үшін 44 балуан бақ таластырған. Осы жеңісінен кейін спортшы еркін күрестен Қазақстан Республикасының 4 дүркін жеңімпазы атанды. Ал ел біріншілігінің 3 дүркін чемпионы Досым Ержан 53 кг. салмақ дәрежесінде топ жарды.
Нәзік жандардың ішінде жерлесіміз Екатерина Фирстоваға тең келер қарсылас болмады. 52 кг. салмақ дәрежесінде белдескен жас балуан қарсыластарын бірінен соң бірін жығып, алтыннан алқа тағынды.
Қазіргі уақытта спортшылар желтоқсанның 10-ы күнінде Көкшетау қаласында өтетін жарысқа қызу дайындық үстінде.
(Өз тілшімізден).