Бұрнағы күні “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ облыстық филиалында аудан әкімдерінің қатысуымен өтетін дәстүрлі брифинг болды. Бұл жолы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев аталмыш өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен таныстырды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Үстіміздегі жылы гектарынан 17,4 центнер өнім алып, облыс бойынша көш бастаған ауданның ауыл, мал шарушылығы, өнеркәсіп пен әлеуметтік салаларда жеткен жетістіктері айтарлықтай көрінеді. Осыны тілге тиек еткен Қайрат Пішенбаев аудан экономикасы агроөнеркәсіп кешеніне тәуелді екенін жеткізді. Жалпы өндіріс көлемі бойынша ауыл шарушылығы аудан экономикасының 63,5 пайызын құрап отыр. Осы орайда агроөнеркәсіптің әлеуетін жетілдіру үшін жыл сайын техника паркі жаңартылып, мемлекеттің қолдауымен берілетін арзандатылған жанар-жағармайды тиімді пайдалануда. Ал мемлекеттің етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуда көрсетіп отырған қолдауы оң нәтиже беріп отыр. Мәселен, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамытуға 70 миллион теңгеден астам субсидия бағытталған. Ал үстіміздегі жылы 68 жоба жүзеге асырылып, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар 1834 бас ірі қара мал сатып алған.
“НұрСен Агро” ЖШС құрған репродуктор шаруашылықта 17 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғандығын айтқан Қайрат Пішенбаев жекелеген өнеркәсіп өнімдерін өндіруде өсім бар екендігіне тоқталды. Ұн мен ет өндіру сәйкесінше 4922 және 523 тоннаға жеткен. Ал бүгінде экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарып отырған шағын және орта шаруашылықтың 1527 субъектісі тіркеліп, олар 6595 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Тұрғындарды жиі мазалайтын және толғандыратын таза ауызсу, жол мәселесі ауданда жоспар бойынша шешіліп жатқан көрінеді. 68 елді мекеннің 61-і топтық су тарату торабына қосылса, қалған жеті ауыл құдықтың және көрші ауылдардан тасымалданатын сумен күн көріп отыр. Аудандық маңыздағы жолдардың ағымдағы жөндеу жұмысына және ұстауына жергілікті бюджеттен 149 485 мың теңге қаржы бөлініпті. Бұл орайда аудан басшылығы ауыл ішіндегі жолдардың жағдайы нашар екендігін жеткізді. Бүгінде ауыл ішіндегі жөндеуді қажет ететін жолдарды анықтау үшін түгендеу жүріп жатқан көрінеді.
Ауданның білім беру саласына тоқталсақ, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен қамту 98,1 пайыз. Ал денсаулық сақтау саласында жеткен жетістіктері мен сатып алынған материалдық-техникалық базаны тілге тиек еткен аудан әкімінен қанша маманның жетіспей отырғандығын сұрадық. Қайрат Пішенбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда орталық аудандық ауруханаға 2 дәрігер жетіспейді. Сондай-ақ жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері тарапынан ауданның мемлекеттік қызметшілеріне отандық “Отау ТВ” спутниктік желісіне мәжбүрлеп қостыру науқаны жүргізіліп отыр ма, “Совет” ет комбинаты жұмысын тоқтатты ма деген сұрақтар қойылды. Бұл орайда аудан әкімі Қайрат Пішенбаев “Отау ТВ” спутниктік желісіне мәжбүрлеп қостыру алыпқашпа сөз екендігін айтқанымен, мемлекеттік қызметшілердің отандық телеарналарды қарап, еліміз бен көрші өңірлерде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отырғандығын өз басы құптайтындығын жеткізді. Ал “Совет” ет комбинатының жұмысы әзірге тоқтап тұрғанымен, бұл жабылады деген сөз емес. Басы ашық тұрған мәселе алдағы уақытта оң шешімін табуы үшін тиісті шаралар қолға алынған көрінеді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.