«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАНДЫҚ ЖАСТАР ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде “Елбасымызбен біргеміз!” атты жастардың патриоттық акциясы болып өтті. Оған “Жас Отан” жастар қанатының, “Жас ұлан” мен “Жас қыран” оқушылар ұйымдарының мүшелері, белсенді жастар, кәсіби дайындық пен қызмет көрсету колледжінің студенттері қатысты. 

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,  

журналист.

Бұл күні зал көрерменге лық толды. “Нұр Отан” партиясының жалауын, түрлі-түсті шарларды, Елбасыны қолдаған жазулары бар бөкебайлар мен плакаттарды қолдарына ұстаған жастар патриоттық форумның сәнін келтірді. Сонымен қатар жастардың жүргізушілермен қосыла ұрандатқан “Қазақстаным – Отаным, Елбасы – дастаным!”, “Гүлдене бер, Қазақстаным!”, “Жаса, жаса, Қазақстаным!”, “Біз, жастар біргеміз, “Жас Отан” – жол бастар!”, “Еліміздің жастары – Елбасымыздың сенімді тірегі!” сияқты жалынды сөздері көпшілікті отансүйгіштік сезімге бөлеп, ерекше әсер бергендей болды.

Сахна төріне көтерілген “Нұр Отан” партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Қазанов жастар қауымын айтулы мерекемен құттықтады.  

– 1 желтоқсан – мемлекет тарихының мерейлі күні. Өйткені, бұл күні Қазақстанда мемлекеттік мереке – ҚР Тұңғыш Президенті күні атап өтіледі. Нұрсұлтан Назарбаев ел басшысы болып тарих сахнасына шыққалы бері 22 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде Тәуелсіздіктің шаңырағын шайқалтпады. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан өз орнын алды. Халқымыздың қолдауына ие Тұңғыш Президентіміз Сіздерге, жастарға, үлкен үміт артып, еліміздің болашағын жас ұрпақпен байланыстырады, – деген “Нұр Отан” партиясының өкілі бүгінгі берекелі күнге жетуге сүбелі үлесін қосқан Мемлекет басшысының еңбегін тілге тиек етті.

Форум жүргізушілері ҚР Тұңғыш Президенті туралы көптеген деректер айтып, оның өмірлік жолын жастарға үлгі-өнеге ретінде паш етті. Онымен қоса, сахнаға көтерілген “Балдәурен” балабақшасының балғындары мерекеге орай жаттаған тақпақтарын мәнерлеп оқып, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.

Шараның құрметті қонағы – 40 жылдық еңбек өтілі бар, білім берудің үздігі, еңбек ардагері Светлана Голенкова жастар алдына шығып, Отанды сүю неден басталатынын сөз етті. Өмірлік тәжірибесі мен көрген-білгені мол ұстаз әр азамат өз елінің тарихын жете білу керектігіне тоқталып, жастарды Елбасыдан үлгі алуға шақырды.

Сахнаға көтерілген ауданның белсенді жастары Азамат Шәріпов пен Людмила Макарова қатысушыларға Елбасымен көзбе-көз кездескендіктерін мақтана айтты. Барша жастарды аянбай еңбектенуге, білім алуға шақырған жалынды жастар ойларын ортаға салды.

Шара барысында бокс, жекпе-жек пен кикбоксинг бойынша облыс чемпиондары мен спорт шеберлігіне үміткерлер ортаға шығып, өнерлерін көрсетсе, №4 Булаево орта мектебінің оқушылары флешмоб ұйымдастырды.

Мереке соңы аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары даярлаған концертке ұласты.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp