«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІРІ ҚАРАНЫҢ АБЕРДИН- АНГУС ТҰҚЫМЫ және оны ұстаудың ерекшеліктері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Асқар ҚАЗБАЕВ,

облыстық Аумақтық инспекция биологиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы.

Қара малдың абердин-ангус тұқымы Солтүстік Шотландияның Абердиншир және Ангус графстволарында өсіп шықты. Елу жыл ішінде ол әлемде ең көп тараған етті қара мал тұқымдарының біріне айналды. Қазіргі уақытта ол АҚШ пен Аргентинада, Канада мен Жаңа Зеландияда, Англия мен Австралияда көптеп өсіріледі. Бұл малдың бірінші асылтұқымды кітабы 1862 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Абердин-ангус тұқымды мал орта денелі, тұрқы ұзын, мүйізсіз болып, бойының биіктігімен ерекшеленеді. Ол негізінен қара түсті болады, алайда олардың қоңыр-қызыл түстілері де кездеседі. Жаңа туған бұзаудың салмағы – 35-38, жасы толған сиыр – 550-750, бордақыланғандары – 850-900, бұқалары 1000 килограмм тартады. Сойғандағы еті 60 пайызға дейін жетеді. Ол мәрмәр етімен ерекшеленеді.

Абердин-ангус тұқымды қара малды құрамажемсіз, тек жайылымда бағып-ақ өсіруге болады.

Канада, Австралия мен АҚШ-та өсірілген малдар ауа райы ұқсас Солтүстік Қазақстанның жағдайына тез бейімделеді. Қатты аязда да өздерін жақсы сезінеді, өйткені олар қатал климат пен температураның күрт өзгеруіне үйренген.

“Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қызылжар өңіріне 2012 жылы абердин-ангус тұқымды 1784 бас ірі қара мал әкелінді: Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” КС-іне 200 бас – АҚШ-тан, “Белое-Агро” ЖШС-іне 112 бас – Даниядан, Тимирязев ауданындағы “Атамекен-Агро-Тимирязево” ЖШС-іне 258 бас – АҚШ-тан, “Мичуринское” ЖШС-іне 259 бас – АҚШ-тан, Жамбыл ауданындағы “Шатило және К” ЖШС-іне 251 бас – Ирландиядан, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Возвышенка СК” ЖШС-іне – 48 бас, “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” ЖШС-іне 150 бас – АҚШ-тан, Есіл ауданындағы “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС-іне 146 бас АҚШ-тан әкелінді.

Бүгінгі күні малдар қытымыр қысты артқа тастап, Солтүстік Қазақстанның ауа райы жағдайына жақсы бейімделді деп айтуға әбден болады. Олар қысқы маусымда сабан қалың төселген қораларда байлаусыз ұсталды, шашпаларда еркін жүрді. Асылтұқымды малдарды қатпаған салқын әрі сапалы сумен суарып отырды. Бұл малдар азық талғамайды, олардың рационы негізінен ірі жемазықтан құралады: әртүрлі шөп, пішендеме, дәнді-бұршақты дақылдардан жасалған құрамажем, жазда – көк шөп. Оларды мүмкіндігінше ұсақтап берген жөн. Рационды теңдестіру үшін малдардың азығына витаминді-минералды қоспалар, ас тұзын қосу қажет.

Биыл АҚШ-тан Уәлиханов ауданындағы “Жолдасбай-Агро” ФШ-на – 346 бас, Мамлют ауданындағы “Белое-Агро” ЖШС-іне – 196 бас, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Агрофирма Приишимский” ЖШС-іне 181 бас абердин-ангус тұқымды мал әкелінді. Аталмыш мал Қазақстанға жөнелтілер алдында Пенсильвания және Вест Вирджиния штаттарындағы үш карантин алаңында 21 күн болып, олардың бәріне вирусты диарея, жұқпалы ринотрахеит сияқты індеттерге қарсы екпе егілді, сол сияқты эндо-эктопаразиттерге қарсы өңделді. АҚШ тұтастай алғанда Шмалленберг ауруынан ада ел екенін атап айту керек. Қазір малдар әкелінгеннен бері карантинде ұсталып, Кеден одағының Бірыңғай ветеринарлық талаптарына сәйкес қажетті диагностикалық зерттеулерден өткізіліп жатыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp