Облыстық әкімдіктің кіші залында мемлекеттік қызметке алғаш кіріскен мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдады және бірқатар мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан сүбелі үлестері үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұл шара Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімовтің ұсынысына және ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Байменовтің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңестің төрағасы Мұрат Қадырбек ашты. Ол жиналғандарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.
– Тұңғыш Президент күніне орайластырылған шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетімізді жаңғыртудағы, жаңартудағы жанқиярлық еңбегіне, ұлтқа адал қызмет етуіне деген айрықша құрметтің көрінісі ретінде ұйымдастырылып, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға, қазақстандықтардың бойында өз Президентіне деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға бағытталған. Елбасымыздың ерен істері арқылы тәуелсіздік тұсауын кеше ғана кескен жас мемлекетіміз іргесін нығайтты, керегесін кеңейтті, шаңырағын биіктетті. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы өркениетті елдердің туымен қатар желбіреп, еліміздің әлемдік дәрежедегі абыройы асқақтай беруіне мемлекеттік қызметшілердің де қосар үлесі зор, – деді Мұрат Қадырбек.
Одан кейін сөз алған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Светлана Зайцева: “1991 жылдың 1 желтоқсанында еліміз Тұңғыш Президентті сайлады. Біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігі де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты, ол – демократиялық қоғамды құрушы. Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы өзінің күш-қуатын қоғамды біріктіруге, азаматтардың жайлы өмір сүруіне арнады. Оның бастамасымен жүзеге асырылып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар Қазақстанның жарқын болашағы үшін қызмет етіп, өз жемісін беріп келеді”, – деді.
Тұңғыш Президент күніне орай мемлекеттік қызметке алғаш кіріскен мемлекеттік қызметшілер: Тимирязев ауданындағы Ақжан ауылдық округінің әкімі Елена Первышина, осы аудандағы, Құртай ауылдық округінің әкімі Күләш Шаяхметова, Сергеевка қаласы әкімі аппаратының бас маманы Нұрбек Сапаров, СҚО бойынша мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің лицензиялау және аттестаттау бөлімінің бас маманы Азамат Омаров салтанатты түрде ант қабылдады.
Шара соңында мемлекеттік қызмет жүйесіндегі көп жылдық, абыройлы еңбектері мен Қазақстан Республикасының мемлекеттігін нығайтуға қосқан үлестері үшін және Тұңғыш Президент күні мерекесі құрметіне орай бірқатар мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.