ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Халықаралық қатынас, қорғаныс істері жөніндегі комиссияның төрағасы Икрам Адырбеков пен комиссия мүшесі, армия генералы, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесі қарсаңында жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болып, №6637 әскери бөлімі мен Петропавл Әскери институтының жеке құрамымен кездесті, Қорғаныс министрлігіне қарасты зауыттардың тыныс-тіршілігімен танысты. Аталмыш нысандарға халық қалаулыларын облыс әкімі Самат Ескендіров бастап барды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Икрам Адырбеков пен Мұхтар Алтынбаев жұмыс бабындағы сапарын №6637 әскери бөлімнің оперативтік резервімен танысудан бастады. Бөлім бастығы, ішкі істер қызметінің полковнигі Ақиқат Жұмаханов жеке құрамның жарақтануы жайлы айтып берді. Қарулану және жару жұмыстары жөніндегі офицер Василий Сергачев әскери бөлім қонақтарын Ресей мен Түркияда шығарылған “РПГ-7В”, “Печенег”, “СВДС”, “АКМ”, “СР-3М”, “9А-91” сияқты заманауи ату құралдарымен таныстырды, ал арнайы жедел мақсаттағы “Бүркіт” тобы “Автобуста кепілге алынғандарды құтқару” әрекеттерін көрсетті. Мина іздеуге машықтанған иісшіл иттер де назардан тыс қалған жоқ.
Келесі кезекте Парламент депутаттары мен өңір басшысы әскери техника қатарын аралап, әскери бөлімнің ауласында орналасқан жаттығу қалашығында болды, спорт кешенінде “Құрмет кітабына” жылы лебіздері мен қолтаңбаларын қалдырды.
ІІМ Ішкі әскері Петропавл Әскери институты бастығының міндетін атқарушы, ішкі істер қызметінің полковнигі Марат Батыров ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына фойеге қойылған ЖОО-ның үлгісі арқылы оқу орнының қалыптасқан жағдайы мен болашағы туралы айтып берді. Аталмыш институтта 850 курсант әскери білім алып жатыр, 350 қызметкер келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Алдағы жылы институт қызметкерлеріне арналған 100 пәтерлік тұрғын үйдің және жаңа оқу корпусының құрылыстары басталады. Олардың жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Икрам Адырбеков пен Мұхтар Алтынбаев Әскери институттың құралу және даму тарихына арналған мұражайдың жәдігерлерімен танысып, “Құрмет кітабына” ЖОО жайлы жылы лебіздерін жазып қалдырды.
Парламент Сенатының депутаттары мәжіліс залында Әскери институттың жеке құрамымен кездесу кезінде ҚР-ның Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған жұмыс сапарларының басты мақсаты туралы айтып, курсанттар мен офицерлердің өзекті сауалдарына жауап берді. Аталмыш ЖОО-да соңғы жылдары Қырғызстан мен Тәжікстанның азаматтары да әскери білім алып жатыр. Биыл оқу орнын алғаш рет сондай 20 курсант бітіріп шықты. Туысқан халықтардың өкілдері өздерінің Петропавл Әскери институтында тегін оқып, білікті маман болып шығуларына жағдай жасап отырған Елбасына, институттың қолбасшылық құрамына алғыстары шексіз екендіктерін жеткізді.
Кездесу барысында “Әскери қызмет туралы” және “Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету туралы” Заңдарда кездесетін қайшылықтарға байланысты бірнеше сауал қойылды. Икрам Адырбеков пен Мұхтар Алтынбаевтың ұсынысы бойынша Үкіметтің қарауына жолдау үшін Сенат депутаттарына олар жазбаша тапсырылатын болды.
Кездесу соңында халық қалаулылары БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынас, қорғаныс істері жөніндегі комиссияның төрағасы Икрам Адырбеков Қызылжар өңіріне №6637 әскери бөлімімен және Петропавл Әскери институтымен, бұрын қорғаныс мақсатына жұмыс істеген зауыттармен жақынырақ танысу, Парламентте қабылданған заңдардың қалай жұмыс істеп жатқандығын өз көздерімен көру үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қызылжар өңіріне арнайы ат басын тірегендерін атап айтты.
Сенат депутаты, армия генералы, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев институттың жеке құрамымен кездесу ашық әңгіме түрінде өткендігіне, курсанттар мен келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер көкейде жүрген ойларын жалтақтамай, бүкпесіз ортаға салғандарына ризашылық сезімін білдірді, көтерілген мәселелерді Үкіметтің қарауына ұсынатындықтарын жеткізді.
***
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сенат депутаттары облыстағы машина жасау кәсіпорындары – “С.М.Киров атындағы зауыт” пен “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ларының жұмыс барысымен де танысты. Алдымен Икрам Адырбеков пен Мұхтар Алтынбаев С.М.Киров атындағы зауыттың өндірістік учаскесінің құрастыру цехын аралады.
Мәскеуден көшірілген бұл зауытта алғашқы жылдары небары 50 маман жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысы жылдары әскери құрал-жабдықтар шығару жөніндегі тапсырыстың молаюына байланысты өзге жұмысшыларға қажеттілік туындап, ұжым жергілікті тұрғындар қатарынан бір мың адамға толыққан. Содан бері зауыт өз жұмысын тоқтатқан емес. Зауыттың бас директоры Марат Әбілмәжіновтің айтуынша, мұнда жалпы саны 8 мыңнан астам адам еңбек етеді. Депутаттар бас сұққан құрастыру цехының қызметкерлері бүгінде “Отау ТВ” отандық операторы үшін жерсеріктік сандық қабылдағыштарды құрастыру үстінде екен. Зауыт аталмыш жабдықтарды жасауға үлкен көлемде тапсырыс алған. Бұдан басқа зауыт темір жол қондырғыларының 100-ден астам түрін өндіреді. Екі ауысымда жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысы 100 мың теңгеден астам.
Депутаттар зауыт мұражайымен де танысты. Бас директордың кеңесшісі Геннадий Лукашевич атап өткендей, кезінде “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған өндіріс орны алғашқы жылдары радиола мен электр таратқыш шығарған. Ұжымдастыру жылдары мұнда тапсырыс көлемі артып, колхоз басшылары үшін хабар тарататын қабылдағыштар мен радиоқұралдар құрастырыла бастапты.
Ал 1200 адам жұмыс істейтін Петропавл ауыр машина жасау зауыты мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика және темір жол салалары үшін арнайы техника мен жабдықтар жасауға көлемді тапсырыс алған. Кәсіпорын биылғы жылы 5 500 млн. теңгенің өнімін шығаруды көздеуде. Бүгінгі күні зауыт негізінен темір жол тораптарын жөндеуге арналған құрал-жабдықтарды әзірлейді. Бұған қоса кәсіпорынның шығаратын өнімінің 80 пайызы мұнайды қайта өңдеуші химиялық өндіріске қажет қондырғылардан тұрады. Қазақстан бойынша мұндай қондырғылар әзірге тек бізде шығарылып отыр. Депутаттар бас сұққан энергомашина цехында Екібастұз ГРЭС-і үшін қыздырғыш панельдері құрастырылуда. Цехтың екі ауысымда жұмыс істейтін 200-ден астам жұмысшысы бұған дейін алюминий цистерналар мен доңғалақ техникасын жасап, жөнелткен. Зауыт биылғы жылдан бастап таңдаулы осызаманғы технологиялар базасында қазандықтарға арналған қыздырғыштың түр-түрін дайындап келеді. Бұл жобаға 600 млн. теңге бөлінген. “ПАМЖ” зауытында жасалған энергетикалық қазандық қондырғылар еліміздің ірі электр станцияларында жоғары сұранысқа ие.
Механикалық және құрастыру цехтарында да жұмыстың қыза түскен сәті екен. Олардың жағдайымен танысқан соң сенаторлар зауыттың жұмысшыларымен сұхбаттасып, оларды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.
* * *
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Роман Ким, Николай Логутов және Анатолий Маковский солтүстікқазақстандық кәсіподақ белсенділерімен кездесті.
Басқосуды ашқан облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Жамал Ахметова бұл кездесудің Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтіп отырғандығын тілге тиек ете отырып, Елбасы мен мемлекетіміздің ұстанып отырған саясатына өзінің үлкен бағасын берді. Халық қалаулылары атынан мінбеге көтерілген Николай Логутов кәсіподақ ұйымдары қызметкерлерінің тосып жүрген заңнамасына тоқталды. Ол өз сөзінде бұрынғы 1993 жылғы қабылданған заңнама бүгінгі күннің талабына сай келмейтінін, сондықтан да “Кәсіподақтар туралы” жаңа Заңның қажеттігі туралы өз пікірін жеткізіп, бүгінде Парламентте талқыланып жатқан заң жобасын халық қалаулылары үлкен маңызды құжат ретінде жан-жақты пысықтап жатқандарын айтты. Сондай-ақ бүгінгі басқосуда айтылған ұсыныстар мен тілектер де ескерілетінін мәлімдеді. Николай Николаевич Парламент Мәжілісі депутаттарының жұмысына қысқаша тоқталып, бүгінгі таңда қандай заңнамалар Парламент Сенаты депутаттарының назарына ұсынылғандығын, өздерінде қандай заңнама жобалары қызу талқыға салынып жатқандығын сөз етті.
Кездесу бұдан әрі кәсіподақ белсенділерінің халық қалаулыларына сұрақтар қоюымен жалғасты.
Кездесу соңында кәсіподақ ұйымдарының бірқатар белсенділеріне салтантты түрде ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.