Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайының артуы туралы айтты.
«Еліміздің тұрақты экономикалық өсуі әлеуметтік саладағы көптеген әлеуметтік бастамалар мен бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік берді. 2013-жылғы қаңтар-қазан айларының қоырытындысы бойынша еліміздің ІЖӨ 5,8% өсті», – деген вице-премьер өз сөзін: «Дүниежүзілік банктің ақпаратына қарағанда, Қазақстан 2011 жылдың өзінде-ақ табысы ортадан жоғары елдер қатарына енген екен. Сөйтіп қазір Малайзия, Түркия сияқты елдермен қатар тұрған ол осы бағыттағы позициясын нығайта түсуде», – деп қосты ол.
Қазақстанда бала туу көрсеткіші 2004 жылмен салыстырғанда шамамен 100 мың адамға артқан. «Демографиялық өсiмнiң артуы 2013 жылдың «драйверiнiң» бiрi болатын. 2005 жылы басталған туу көрсеткiшiндегi серпiлiс әлi де жалғасуда. Сарапшылардың берген бағасы бойынша, ол 2016 жылға дейiн жалғасады. Мысалы, 2004 жылы 270 мың сәби дүниеге келсе, ал 2005 жылы – 279 мың, 2006 жылы – 302 мың, 2007 жылы 322 мың бала дүниеге келдi. Ал 2011 жылы 372 мың бала туып, 2004 жылғы көрсеткiштен шамамен 100 мың адамға артты», – дедi Е.Орынбаев. Вице-министрдiң айтуынша, туу көрсеткiшiнiң артып жатқанын есепке алып, келешекте еңбек нарығында проблема туындамаудың алдын алу қажет. «2004-2005 жылдары дүниеге келгендер қазiр 8-9 жас шамасында. Бұл – «Балапан» бағларламасы, мектепке дейнгi бiлiм беру бағларламасына және денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларға деген сұранысты тудыратындар. 90-шы жылдары туу көрсеткiшiнде дағдарыс болғандықтан, қазiр еңбек нарығындағы жағдай әлдеқайда қолайлы», – дедi ол. Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаевтың пайымынша, 2005 жылдағы балалар туу көрсеткіші жоғары кезеңде өмірге келгендер 2023 жылға қарай жұмыс іздеп, қиналуы мүмкін.
Биыл Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру жасы 70,3 жылды құрайды. 2012 жылы бұл көрсеткіш 69,6 жылды құраған екен. Е.Орынбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші кеңестік кезеңдегі деңгейден асып түсті. «Бізде өмір сүрудің ең жоғары орташа ұзақтығы 1974 жылы 68,3 жыл болған еді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өмір сүру ұзақтығының 63 жасқа дейін төмендеуі байқалды. Яғни, соңғы жылдары біз оның қалпына келтіріп қана қоймай, тарихи жоғары көрсеткіштен асып түстік», – деді Е. Орынбаев.
20 жылдан кейін Қазақстан қалаларындағы халықтың саны 65 пайызға жетпек.
«Қазіргі кезде қалаларда 9,4 миллион адам тұрып жатыр. Атап айтқанда бұл ел халқының 55 пайызын қамтып отыр. Алдағы 20 жылда урбанизация тағы 10 пайызға артады деп күтілуде», – деді ол. Осы орайда ол Қазақстан бойынша урбанизация деңгейі біркелкі емес екендігін сөз етті. Яғни, кейбір өңірлерде халықтың қалалық жерге ағылу көрсеткіші жоғары болуда. «Бұл тұрғыда бірінші орындарда Астана, Алматы қалалары, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстары тұр. Сонымен қатар халық саны төмендеп келе жатқан өңірлер бар», – деді Е. Орынбаев.