Қазақстан халқы Елбасыны белді саясаткер ғана емес, шығармашылық тұлға ретінде де таниды. Президенттің қазақтың қара домбырасымен де, жай да ән шырқағанын тыңдап, түрлі спорт түрлерімен шұғылданғанын көріп, талай ғылыми еңбектерін оқыды. Сол себепті де еліне жақын Елбасының жан-жақты азамат екенін мойындайды.
Досан БАЙДИЛДИН,
№2 Благовещенка орта мектебінің
10-сынып оқушысы.
Елбасының бос уақыты мүлдем жоқ екенін бәріміз жақсы білеміз. Оның күнделікті жұмыс жоспары алдын ала бір жылға жасалатынын естіп едім. Бірақ Президент спортқа әрқашан уақыт табатын сияқты. Ел тұрғындарын бұқаралық спортпен шұғылдануға шақырған Елбасының айтуынша, бұл “сергектікті, айқын ой мен бойда мемлекетті басқаруға арналған энергияны сақтау үшін қажет”. Президент бала кезінде күреспен әуестенген. Ал есейген шағынан бастап негізінен үлкен теннисті өзінің хоббиі санады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев – кәнігі гольфшы. Спорттың осы түрінің елімізде кең дамуына Президенттің өзі үлес қосты. Волейбол, футбол ойнап, бассейнде жүзеді, фитнес үйірмесіне барып тұрады, тауда шаңғы тебеді. Тауға өрмелеумен және ат спортымен де айналысады. Елбасы – дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорттың зияткерлік түрлерінің де білгірі. Мен бұл спорт түрлерінің кейбірі бойынша дене шынықтырып жүрмін. Әр адам тым болмаса бір спорт түрімен айналысу керек қой деп ойлаймын.
Мен республикалық телеарналардың бірінен Елбасының қасында тұрған қарапайым тұрғындарға қосылып, ән шырқағанын көріп, таңғалдым. Себебі, мен Президент елдің тағдыры үшін жауапты болғандықтан, қатал тұлға шығар деп ойлап едім. Осыдан кейін Елбасы жайлы ақпараттарды іздестірсем, Нұрсұлтан Назарбаев жас шағында домбыра, гитара, баян, аккордеон, мандолина сияқты музыкалық аспаптарда ойнапты. Халық әндерін, халық сазгерлерінің шығармалары мен ұлы Абайдың әндерін нақышына келтіре айтып, вокалдық мүмкіндіктерін жетілдірген. Украинаның Днепродзержинск қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып жүрген кезінде жергілікті фольклорды, әсіресе, украин халқының әндерін үйренген. Кейін жауапты мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, ұлттық музыканың, қазақстандық өнерпаздар шығармашылығының дамуына тікелей атсалысты. Елбасының өзі қазақтың бай рухани мұрасы қатарына бірнеше әнді қосты. “Үшқоңыр”, “Жерім менің”, “Елім менің” әндері атамекен, Отан тақырыбына арналды. Бұған қоса, Нұрсұлтан Әбішұлы әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов пен көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің “Менің Қазақстаным” әнінің тың игеру жылдарынан қалған жолдарын өзгертіп, Гимнге айналдырғаны белгілі. Мен де ән айтуды жақсы көремін. Елбасындай саяси тұлға емес, мектеп оқушысы болғандықтан, өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға уақытым жетерлік.
Елбасының ең басты қызығушылығы – ғылыми шығармашылық пен әдебиет. Оның барлық еңбегі мемлекет дамуының тарихи жолын саралауға, келешектегі бағыт-бағдарын айқындауға арналды. “Ғасырлар тоғысында”, “Бейбітшілік кіндігі”, “Қазақстан жолы”, “Тәуелсіздік белестері”, “Сындарлы он жыл”, “Жүз жылға татитын он жыл” және басқа да оннан астам кітабы әлем сарапшылары жата-жастанып оқитын дүниелерге айналды. Экономика ғылымының докторы – “Шаруашылық есеп”, “Қазақстан экономикасы: жаңарудың шындығы мен келешегі”, “Арал жағалауы мәселелері мен оларды шешу жолдары” және тағы басқа көптеген ғылыми жұмыстың авторы. Ақыл-ой мүмкіндіктерін дамыту, зияткерлік әлеуетті арттыру – Елбасының басты ұстанымы. Ғылыми шығармашылықпен қатар, Тұңғыш Президентіміздің ақындық таланты да бар. Осындай шығармашылық тұлға басқарып отырған елдің азаматтары, әсіресе, жастары шығармашыл, ізденімпаз болуға міндетті емес пе?! Біздің еңбекқор, шығармашыл болу керектігімізді Елбасының өзі де айтып жүр. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалған ғой. Иә, біздің Елбасы – жастар үлгі тұтатын тұлға!
Жамбыл ауданы.