Рухани байлық, парасаттылық қай уақытта да материалдық игіліктерден жоғары бағаланып, құндылығымыз болып саналған. Дін – әрбір халықтың өзіндік қайталанбас тарихы, мәдениеті аталған құндылықтарымыздың алтын құндағы болып табылады. Сондықтан да еліміздің қазіргі дамуында, бүкіл әлемдегі сияқты, дін ерекше орын алып отыр.
Мұратбек ЗЕЙНУЛЛИН,
облыстық Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы.
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы аса күрделі кезеңдерде, еліміздің алдында мемлекеттік құрылыстың шешуі қиын міндеттері тұрған кезде, Қазақстанның мемлекеттік іргетасын қалауда ұлттық емес, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мүддесі көзделді. Бұл ұстаным Конституциямыздың негізіне алынып, “Біз – Қазақстан халқы” деген тұжырымнан көрініс тапты. Бұл Қазақстанның егемендігі жекелеген ұлттардың емес, барша халқымыздың тұтастығы мен бірлігіне негізделгенін пайымдатады. Сөйтіп, ол ұлттық және діни бейініне қарамастан, барлық азаматтардың тең құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді.
Бүгіндері Қазақстан Республикасы барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің үнқатысуының халықаралық орталығына айналды. Біз биылғы жылы әлемдік қоғамдастықта заңды түрде өзара түсіністік, бейбіт тұрмыс, ойдағыдай өмір сүру, мүдделердің үйлесім табуы жолында маңызды қадам болып отырған әлемдік және дәстүрлі діндердің алғашқы съезінің болғанына 10 жыл толуын атап өттік. Содан бері Астанада тағы да үш съезд болып өтті. Ал елордамыз заңды түрде “Татулықтың рухани астанасы” деп танылды. Съезді өткізу және Астанада Бейбітшілік пен келісім сарайын салу идеясы республикамыздың әлемдік діндердің қазіргі заманымыздың жаңа, әдеттегіден басқа қауіп-қатерлері мен қоқанлоқысына бірлесіп қарсы тұру жолдарын табу мақсатымен сындарлы үнқатысуға ұмтылысын көрсетті.
Қазақстанның ТМД елдерінің арасынан алғашқылардың бірі болып рухани келісім идеясын шынайы күшке айналдыруының маңызы зор. Тәуелсіз тұрмыстың алғашқы жылдарының қиындықтарына қарамастан, нақ біздің республикамыз 1992 жылы І Бүкілдүниежүзілік рухани келісім конгресін өткізді. Содан бері 18 қазанда Қазақстанда Рухани келісім күні аталып өтіледі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының тиімді іс-қимылы дінаралық үнқатысу қоғамымыздың ықпалдасуының шарттарының бірі болып отырғанын айғақтайды. Әлемде теңдесі жоқ азаматтық қоғамның бұл бірегей институты халықтық дипломатияның шынайы органына айналды. Ассамблеяның төрағасы – Конституцияның кепілі – Президенттің өзі. Мұның өзі Ассамблеяның жоғары қоғамдық-саяси мәртебесін айғақтайды.
Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің ең көпұлтты және көпконфессиялы өңірлерінің бірі болып табылады. Облыс аумағында жүзден аса ұлттың өкілдері тұрмыс кешуде. 132 діни бірлестік пен олардың филиалдары жұмыс істейді. Олардың алпыс төрті – ислам, отыз бірі – православие, он бірі – католик, жиырма алтысы – протестант бірлестіктері. 162 діни нысан бар. Олардың алпыс бесі – мешіттер, жиырма жетісі – православие шіркеулері, қырық төрті – католиктік костелдер мен ғибадатханалар, жиырма алтысы – протестанттардың мінәжат үйлері.
Дін барша қазақстандықтардың рухани мәдениетінің қосымша буыны тәрізді болып, қоғамға жан-жақты кескін-кейіп, сонымен бірге ғажайып өзіндік бейін береді.
Өңірімізде ислам мен православиенің және басқа діндердің арасында жақсы қарым-қатынас орныққан. Осының әсерімен ең көп конфессиялардың жұмысы қайталанбас, өзіндік сипаттарға ие болып отыр. Мұсылмандардың Ораза айты, Құрбан айты және христиандардың Рождество, Пасха сияқты діни мейрамдарды ресми тойлау, діндерді құрметтеудің жақсы дәлелі деп білеміз. Бұл мейрамдарда діни сезімдерге қарамастан, адамдардың бірін-бірі құттықтауы жақсы дәстүрге айналған. Атап айтқанда, Құрбан айтында Петропавл және Булаев епархиясының епископы Гурий мен Римкатолик приходының деканы Дариуш Пашинский мешітке келіп, мейраммен құттықтады.
Біздің Тұңғыш Президентіміз және мемлекетіміздің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев көреген көшбасшы бола отырып, экономикалық және саяси жаңғырудың, ішкі және сыртқы саясаттың, сондай-ақ еліміздің таяудағы және ұзақмерзімді болашақтағы мүдделерінің арасында қажетті тепетеңдікті таба білді.