«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ – ЕРІМЕН, ЕР ЕЛІМЕН МАҚТАНАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде екінші рет аталып өткелі отырған Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасының өмірі мен қызметі жайлы сыр шертетін суреттер мен құжаттарды тамашалап, тәуелсіз еліміздің қалыптасу кезеңдерін бір сәтке көз алдымыздан өткізбек үшін облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне арналған залға бас сұққан болатынбыз.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өткеннің елесі мен бүгінгінің тынысын біріктіруді мақсат тұтқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы Елбасыға арналған кең әрі жарық залға кірген бетте бірден жергілікті суретші Алексей Шимов салған жарқын жүзді Елбасының үлкен суреті және көгілдір аспан астындағы “Бәйтерек” көзге оттай басылды.

6 бөлімнен тұратын залдың әрқайсысында Елбасының өмірі кезең-кезеңімен сипатталыпты. Бөлменің бергі жағы Нұрсұлтан Әбішұлының бабасы Қарасай батырдан басталып, Елбасының бүгінгі күнге дейінгі өмір жолы, ел саясатының дамуы және Солтүстік Қазақстанға жасаған сапарлары баяндалған.

Залмен таныстырған облыстық мұражай бірлестігінің қызметкері Гүлназ Өмірбекова экспозицияларды қызықты деректермен толықтырып отырды. Көрмеге Елбасының шежіресі қойылыпты. Бала Нұрсұлтан 12 атасын толық білген екен. “Жеті атасын білген ел жеті жұрттың қамын жер” деген қазақ мақалы Нұрсұлтан Әбішұлы сынды біртуар азамат жайлы болса керек. Өзі төрт баланың ең үлкені болыпты. Бала жасынан алғырлығымен танылған. Оған көрмеде тұрған Шамалған орта мектебіндегі 7-сыныпты аяқтағандағы куәлігінің көшірмесі дәлел. Сыныптастарының оқу үлгерімі орташа болса, Елбасыныкі – кілең “бестік”. “Мінезі өте жақсы” деп жазылыпты. 1960 жылы Украинадағы техникалық училищеде оқыған кезде Мақтау қағазымен марапатталған. Президент сол уақыттан-ақ қоғамдық жұмысқа белсене араласа баста-ған.  

Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуының маңызды кезеңдері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметі, Қарағанды облысы мен Теміртау қаласының тарихы жайлы сыр шертетін мұражай экспозициялары көрме залының көркін келтіріп, өте жарасымды орналастырылыпты. Шыны әйнектің арғы жағында Теміртау қаласынан әкелінген көрікшінің арнайы киімі де тұр. Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірінде Теміртау мен Қазақстан Магниткасы ерекше орын алады. Ол туралы Елбасы: “Егер де менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан да Президент болмас едім”, – деген екен.

Елбасы біздің өңірге де ат басын жиі бұрады. Сол уақыттарда ашылған нысандар мен ұйымдастырылған мерейтойлардан және өңірдің егіншілерімен кездескен уақытындағы түсірілген суреттер де көрмеден орын тапқан.

Дүниежүзінің 20 тіліне аударылған Елбасының еңбектері залдың төріне қойылған. Сондай-ақ теңгенің 20 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылып, онда төл теңгеміздің тарихы, алғашқы тиындар мен теңгелердің және бүгінгі валютаның нұсқалары қойылыпты.

– Мұражайға келген қала қонақтары, облыс тұрғындары мен оқушылар бірінші кезекте осы залды тамашалайды. Менің ойымша, Тұңғыш Президент залындағы тарихи маңызды құжаттар мен суреттер – келер ұрпақ үшін баға жетпес асыл қазына, – дейді мұражай қызметкері.

 

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp