Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі – өңірімізде егіншілікте озық технологияларды пайдалана отырып, мол астыққа қол жеткізіп жүрген ірі агроқұрылымдардың бірі. Алдыңғы жылы 17 мың гектар егістік алқаптың 14 мыңына жоғары өнімді “Астана”, “Омбы-35”, “Омбы-36” сұрыптарын егіп, әр гектардан орташа есеппен 33 центнерден өнім алса, былтырғы қуаңшылықтың өзінде гектар берекелілігін 20,4 центнерге жеткізіп, облыс бойынша жоғары көрсеткіштен көрінген шаруашылықтардың бірі атанды. Биылғы жылғы ауа райының қолайсыз жағдайының өзінде серіктестік 16,2 центнерден астық жинады. Осы шаруашылықтың қарамағындағы “Отан” орденінің иегері Арыстан Жүнісов басқаратын бөлімшенің көрсеткіші 19 центнерден асты. Ерсайын Ғабдуллин, Ағыбай Шорманбаев сынды озат механизаторлар қыр кемесімен 15-18 мың центнерден астық жинап, орақ науқанында ғана 600 мың теңгеден астам табыс тапты.
Аталмыш серіктестік техника паркін шетелдік комбайндармен, себу кешендерімен толық жаңартуымен де, әлеуметтік салаға жан-жақты көмек көрсетуімен де, қарамағындағы жұмысшыларға ай сайын орта есеппен 60 мың теңгенің үстінде еңбекақы төлеуімен де ерекшеленеді. Бір кездері осы жердегі кеңшарды басқарған Еркебұлан Мәмбетовтің ұйымдастыруымен құрылған коммандиттік серіктестік бірнеше жылдан бері тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Ат шаптырым жерді алып жатқан механикалық қырман, онда өткен жылы ғана сынақтан өткен “БК-40” астық тазалайтын және кептіретін қондырғы, оттығы сабан теңімен жұмыс істейтін болып қайта жабдықталған польшалық “EKOPAL S” бидай кептіргіші мен астық сақтайтын қоймалар осы талапқа толық жауап береді.
Соңғы үш жылда Меңкесер және Бексейіт ауылдарында мектеп жасына дейінгі балалар үшін әрқайсысы 25 орындық “Еркетай”, “Жұлдыз” шағын орталықтарын ашып, жылыту жүйелерімен жабдықтап, оның заманауи ғимараттарын бюджетке тегін өткізген де – осы шаруашылық. Осы ұжымның былтыр Елбасының бастамасымен тағайындалған республикалық “Парыз” әлеуметтік серіктестік байқауында қола медаль алғандығы да сондықтан. Ал өткен жылғы 27 қазан күні Астанадағы “Қазақстан” орталық концерт залында қайырымдылық жасаумен айналысып жүрген тұлғаларға құрмет көрсетуге арналған “Білім меценаты – 2012” шарасы мен олардың есімдерін “Меценаттың алтын кітабына” жазу салтанатында “Мәмбетов және К” КС-нің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов күміс медальмен марапатталды.
Коммандиттік серіктестік Еркебұлан Мәмбетовтің басшылығымен кеңшар таратылғаннан бері ұмытыла бастаған мал шаруашылығын қайтадан қолға алып отыр. Соған орай агроқұрылымның бас директоры, республикамыздағы ең алғашқы “Жыл адамы” марапатының иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Мәмбетовті сөзге тартқан едік.
– Еркебұлан Нұрмағанбетұлы, 15 жылдан астам уақыт тек егіншілікпен айналысып келіп, мал шаруашылығына бет бұруларыңызға не себеп болды?
– Бұл біз үшін таңсық іс емес. Кеңшар кезінде 2 бөлімшеде де сауын сиырлар мен бордақылайтын мал болған. Біздің осы салада аянбай еңбек еткен бірталай сауыншыларымыз бен механизаторларымыз Үкімет наградаларымен де марапатталған. Алайда, өткен ғасырдың 90-жылдарының орта шеніндегі экономикалық тоқырау, мал өнімдерінің құнсыздануы бұл саланы мүлдем жойып алуымызға әкеліп соқтырды.
Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауларында асылтұқымды мал шаруашылығын, оның ішінде етті мал шаруашылығын дамыту мәселесін басым бағыт ретінде қойып отыр. Ол үшін Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау да көрсетілуде. Соған орай біз де ақылдаса келіп, етті репродуктор шаруашылық ұйымдастыруға бел будық.
– Мал шаруашылығын ұйымдастырамын деп айтуға оңай. Ол үшін дайындық қажет емес пе?
– Біз бұл өзекті мәселеге әзірлікті 2011 жылы бастағанбыз. Көпжылдық екпе шөбіміз бар. Құнарлы шөптен кемінде бір жарым жылдық орама шөп, арпа сабанын әзірлейміз. Жарма жеткілікті. Мал әкелетін болғандықтан, жаңа жерге әрқайсысы 100 бас малға арналған 2 қора салдық. Жанында жайылымдық шашпалары да бар. Оның айналасын қоршап, санитарлық өткізу қосынын жасадық.
“Қазагроқаржы” арқылы мемлекеттің демеуқаржысымен шаруашылығымызға асыл тұқымды етті мал алуға қол жеткіздік. Сөйтіп, АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан абердин-ангус тұқымды 200 бас тайынша мұхит асып, 2012 жылы қаңтардың 15-інде бізге келіп жетті. Кемеде, сосын жүк көлігінде ұзақ жүріп келген мал алғашында 320-350 кг. болғанымен, бізге жеткенше біраз салмақ жоғалтты. Олар бірте-бірте естерін жинап, күн сайын салмақ қоса бастады. Аз күннің ішінде 3 бұзау дүниеге келді.
Шетелдік малдар талапқа сай карантиннен өтті. Сол үшін барлық жағдай жасалды. Келісім бойынша асылтұқымды 6 бұқа әкелінді.
– Мал әкелінгенімен, әлі де шешімін күткен мәселелер бар шығар? Соның бастыларына тоқталсаңыз?
– Өткен жылы шаруашылығымыздың өз күшімен сиырларға және олардың бұзауларына арналған екі мал қорасын салдық. Осындай жұмыспен айналысатын өзіміздің құрылыс бригадамыз бар. Олардың қолынан бәрі де келеді.
Шетелдік малмен жұмыс істейтін болғандықтан, Меңкесер ауылының солтүстік жағынан жаңа ферманың қадасын қаққан едік. Содан бері төрт қора салғанымызды, америкалық асылтұқымды етті малдарды сонда қабылдағанымызды жоғарыда айтып өттім. Жемшөп базасы да қашық емес. Алайда, мемлекеттік бағдарламада оларға электр қуаты желісін тарту, су құбырларын жеткізу қарастырылмаған. Алғашында малдарды тасымал сумен қамтамасыз еттік. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша берілген 7 млн. теңге көлеміндегі жәрдемқаржы туындаған біраз мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Қазір асылтұқымды мал фермасына баратын жол да жасалды, малдарды суару үшін жерасты ұңғымасы да қазылды, электр желісі де тартылды.
– Мұхит асып келген малдардан өткен жылы алынған еркек торпақтарды облыста бірінші болып аукционға шығардыңыздар. Сол туралы айтып берсеңіз?
– Былтыр асылтұқымды сиырлардан 136 төл алынды, оның 72-сі – ұрғашы мал. Аукционға тек бір жасар, бір жасқа толар-толмас 350-450 кило салмақтағы еркек торпақтарды ғана шығардық.
Саудаға ең алғашқы болып “Шанс” бұқасы түсті. 8 наурызда ғана 1 жасқа толған торпақтың тірі салмағы 430 кило болатын. Тәуліктік салмақ қосуы 1126 грамды құраған, алғашқы бағасы 560 мың теңгеге бағаланған бұқа аукционда 1 млн. 80 мың теңгеге сатылды. Оны “Новомихайловка – 2030” ЖШС директоры Владимир Щеголев жеңіп алды. Бәрінен де 450 килолық “Гарик” бұқасының бәсі жоғары болды. Баға 1 млн. 120 мың теңгеге жеткен кезде Мамлют ауданындағы “Стан ” ЖШС-іне тең келер ешкім болған жоқ.
Осылайша алғашқы аукционда 18 мал өз иесін тапты,
кейін 13 бұқа сатылды. Қазір қотанымызда 450 бас асылтұқымды мал бар. Өзімізден артылғанды жергілікті қосалқы шаруашылықтардың малдарын асылдандыру мақсатына жұмсаймыз.
– Алдағы жоспарларыңыз қалай? Мал басын көбейту ойларыңызда бар ма?
– Бүгінгі статистика деректеріне сүйенетін болсақ, еліміздегі ірі қараның 80 пайыздан астамын қосалқы шаруашылықтар ұстайды. Біздегі жағдай да осындай. Олардағы малды асылтұқымды деп айта алмаймыз. Қалыптасқан жағдайға орай осы қосалқы шаруашылықтарға назар аударуымыз керек сияқты, бірақ бұл тұрғыда шешімін күткен мәселелер аз емес. Оны ауыл өмірінен көріп жүрміз.
– Осы жағдайға кеңірек тоқтала кетсеңіз.
– Біз шетелдің асылтұқымды малдарын қан ауыстыру, өзіміздің жерімізге бейімделген
тұқымдарын алу үшін әкеліп жатырмыз. Бірақ алдағы уақытта кез келген шаруашылық үшін осы малдардың элиталық ұрығын пайдалану, қосалқы шаруашылықтардың малдарын жасанды жолмен ұрықтандыру мәселесін жүйелі түрде жолға қою әлдеқайда арзанға түсетінін ойлағанымыз абзал. Шетелден мал тасу қай жыртығымызды жабады?! Біз құрғалы отырған репродуктор шаруашылықты осыған бағыттасақ па деген ойымыз бар.
– Жергілікті тұрғындар барынша мал ұстауға мүдделі ме? Шаруашылықтарыңызда оған толық жағдай жасалған ба?
– Біз жергілікті тұрғындардың қосалқы шаруашылықтарымен айналысуы үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Олардың үйлеріне әкеліп, үйіліп берілетін шөптің бір тоннасы – 3 мың, жарма – 10 мың теңге. Жыл сайын ауыл тұрғындары үшін бір мың гектардан астам алқапқа арпа егеміз. Қосалқы шаруашылықтар олардың сабанын пайдаланады.
Қалай дегенмен, біздің адамдар бұрынғы кездегідей, өңірімізге Алла тағаланың өзі берген ағаш қойнауларынан қол шалғымен шөп шабуды ұмытқан. Бәрі техникаға сенеді. Өзің әзірлеген жемшөптің тегін болатындығын елемейтін сияқты.
– Бұл мәселенің бір жағы ғана емес пе? Қосалқы шаруашылықтардың мал басын көбейтуге құлықсыз болуының басқа себептері жоқ па?
– Бар. Кемінде 1,5-2 жыл өсірген мал өнімдерінің нарықтағы бағасы өте төмен, жұмсаған шығыныңмен сәйкес келмейді. Бір-екі мысал келтірейін. Бізде қосалқы шаруашылықтарда сауылған сүт жыл бойы жиналады. Шаруашылығымызда оны тоңазытатын қондырғымыз да бар. Келісім бойынша ол сүт облыс орталығындағы “Сүт одағы” не “Масло Дел” ЖШС-леріне жеткізіледі. Жергілікті тұрғындардан қазір оның бір литрі 60 теңгеден сатып алынады. Жазғы баға одан да төмен. Оның өңделгеннен кейінгі бағасы одан екі-үш есе артық. Айырмашылық бар ма? Жер мен көктей. Енді етті алып қарайық, қаладағы базарларға ауылдықтардың апарып тапсыратын бір килограмм етінің көтерме бағасы шамамен 800-850 теңгеден аспайды. Қазіргі баға одан да төмен. Өз өнімдерін базарда тұрып сатуға уақыты көтермейтін қосалқы шаруашылық иелері асығыс тапсырған тауарларының нарықта тұтынушыларға қандай бағамен өтіп жатқанын жақсы біледі. Біледі де, қолындағыны бұлдай алмағандығына өкінеді. Одан не пайда?
Елбасымыз өткен жылғы Жолдауында: “Үкіметке бөлшек сауданы делдалдарсыз жүргізуді мемлекеттік қолдаудың тетігін жасап, енгізуді тапсырамын”, – деп атап айтты. Осы тапсырма іске асса, ауылдық тауар өндірушілерді мемлекет тарапынан көрсетілген нағыз қолдау, шынайы қамқорлық деп бағалауға әбден болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.