«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАРАСАТТЫ ЖАСТАР – ЕЛІМІЗДІҢ ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егемен елдің топырағында туған өрендер бұл күндері ержетіп, еңбекке белсене араласуда. Саналы ұрпақ қазіргі таңда “Тәуелсіз жұртыма менің тигізер пайдам қандай?” деген сауалды өздеріне жиі қояды. Олардың мақсаттары да биік. Бірі еліміздің өнерін өркендетіп жүрсе, енді бірі спортта оза шауып, бас бәйгені қолдан бермеуге барын салуда. Тағы біреулері білім көкжиегінде самғап ұшып, ғылымға көңіл бөлуде. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенттері Ақнұр Тасқұл, Гита Расули және Айнель Байқадамова осындай жастардың қатарында. Олар – Назарбаев стипендиясына ие болған үздіктер.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Біздің оқу орнымызда қаншама студент бар. Олардың мінез-құлқы, білім дәрежесі, тәрбиесі де әрқилы. Өйткені, әр адам өзінше жеке тұлға емес пе?! Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің 3-курс студенті Ақнұр Тасқұлға жақсы мінездеме ғана бергім келеді. Ашық мінезді, әр ісіне тиянақты, айналасына ойлы, сабырлы көзбен қарайтын студентіміз курстастарына да үлгі боларлық”, – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Мүкарам Тайжанова. Сабаққа алғыр Ақнұр бала кезінен әдебиетке құмар боп өсіпті. Содан болар, ол өз келешегін тіл және әдебиет ұстазы мамандығымен байланыстырып, болашақ шәкірттерін бай мұрамыздан сусындатуды арман тұтады.

Университет қабырғасында жүріп, Ақнұр тағы бір қырынан көрінді. Түрлі ғылыми жобаларға қатысып, оның жазған жұмыстары журнал беттерінде жариялануда. Қазір ол – “Жас ғалымдар” ұйымының, сондай-ақ студенттердің кәсіби одағының мүшесі. Президент стипендиясы иегерінің құрбылары: “Біз Ақнұр Тасқұл сияқты замандасымызбен мақтанамыз және оның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Елінің даңқын асқақтатуға, өркендеуіне өзінің лайықты үлесін қосады деп сенім білдіреміз”, деген ойда. Мен де тәуелсіз мемлекетіміздің арқасында туған елде, ел келешегі үшін білімді ұрпақ тәрбиелеуде өз күшімді жұмсаймын дейтін жастардың пікірі бұл. Ақнұрдың ақылы бөлімде оқитынын ескерсек, Президент шәкіртақысын алуы – оған үлкен көмек. Оқу бағасы шарықтаған уақытта ата-анасына қолғабыс бола жүріп, сабақты тек “бестік” бағамен оқуға тырысу арқылы замандастарына өзгелерден оқ бойы озық тұруға жол сілтейді.  

Гита Расули де – жоғары оқу орнының беткеұстар студенттерінің бірі. Оның бір жақсы қасиеті – мемлекеттік тілді еркін меңгеруі. Ол ҚР жоғары оқу орындары студенттерінің үздік ғылыми жұмыстары конкурсында 3-орын алып, ғалымдардың назарына ілікті. Мәскеу, Апатиты және Петропавл қалаларында өткен зерттеулер бойынша бірнеше рет мақала жазған. “Мен Елбасымыздың Қазақстан жастарына, солардың ішінде маған да жасаған жақсылығына өте ризамын және оған алғысымды білдіремін”, – дейді Гита. Ол болашақта орман шаруашылығы ісінің маманы атанбақшы. Ерлерге тән мамандық болса да, бұл саланың ғылыми тұсын өркендетуге асық. Ал “Туризм” мамандығы бойынша білім алатын Айнель Байқадамова болашақта өз өңіріміздің әсем табиғатын, көрікті жерлерін насихаттайтын түрлі жобаларды жүзеге асыруды арман етеді. Айнель жыл сайын аталып өтілетін Халықаралық туризм күніндегі шаралардың барлығына қатысуға тырысады екен. Интернет беттеріндегі туризм саласына қатысты жаңалықтарды қалт жібермейді. Осыдан болар, оқытушылар бойжеткеннің зеректігі мен білімдарлығына тәнті. Айнель – дене шынықтыру факультетінде Президент стипендиясын алатын жалғыз студент.

Шәкіртақыдан үміткерлерді анықтауда оқуда озат, қоғамдық өмірге белсене қатысып, халықаралық додаларда топ жарған жастарға басымдық берілген. Осы талаптан шыққан аталмыш университеттің 21 студенті Президент стипендиясын иеленді. Шәкіртақы талапты жастардың оқу мен ғылыми-шығармашылық қызметтерін ынталандыру үшін тағайындалды.

Салауатты ойлай білген жас қана саламатты өмір сүруге бейім, бәсекеге даяр. Осындай сападағы жастар легі ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін күшейтіп отыратын нағыз қазына болып қалыптасады деген сенімдеміз. Бұған Елбасының өз бастамасының арқасында қолға алынып жатқан Президент стипендиясы ұлттық жобасы толығымен жауап береді.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) А.Байқадамова, Г.Расули, А.Тасқұл.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp