«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАЙЫНДАР АРАСЫНДАҒЫ АЛАУЫЗДЫҚ баршамызға ой салды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры тағы бір жаңа қойылымын дүниеге әкелді. Бұл жолы өнерсүйер қауымның назарына Олжас Жанайдаровтың “Бір, екі, үш…” атты пьесасы бойынша қойылым ұсынылды. Оның қоюшы-режиссері – ҚР мәдениет қайраткері Батырбек Шәмбетов. 

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш пьеса бұған дейін өзге театрларда бірнеше мәрте сахналанған. Заманауи оқиға жанрында жазылған туындының сюжеті кез келген ортада кездеседі. Ағалы-інілінің арасындағы алауыздықтың салдарынан туындаған жайттар адамды түрлі ойға жетелейді. Басты кейіпкер Жолан ағасы Қайратпен Мәскеуде бір бөлмелі пәтерде тұрып жатады. Бірі анасын жек көрсе, енді бірі маскүнем әкесінен безінген. Бала кезінен бақытсыздыққа душар болған қазақ жігіттерінің ой-өрісіне, сөзіне, талғамына қарасаң, не орыс, не қазақ емес. Екеуі пәтерге таласып, қойылым желісі бойы бір-бірін ауылдағы әкелеріне қуумен әлек болады. Осы арада өзге елдегі өгей қандастардың ұлттық құндылықтардан ажырағандығы айқын сезіледі. Қазақ тілінен жұрдай, түнекте қалған тағдырлардың болашағы бұлыңғыр, жағдайы мүшкіл болып елестейді. Жолан да, Қайрат та тіл үйренуге талпынып, ет пен бауырсақ жеуді аңсап, елге оралғысы келгенімен, күйбең тіршіліктің шеңберінен аса алмайды. Қиын тағдырға душар болғанына бірі әкесін, бірі анасын кінәлап, тек армандаумен күн кешеді. Туған тілінен, салт-дәстүрінен, тарихынан қол үзген жандар ақыры қайғылы қаза ұшырайды.

Қоюшы-режиссер Батырбек Шәмбетов “Дәл осы туындыны таңдауыңыздың себебі не?” деген сауалымызға былай деп жауап қатты: “Қойылым бүгінгі заманға тән рухани тәрбие мәселесі аяққа тапталған кезеңді бейнелейді. Теледидарды қоссаңыз, екінің бірінің осындай проблемаға тап болғанын байқаймыз. Анасы өз баласын өлтірді немесе баласынан безінген ата-аналар жайында хабарлар тыңдаймыз. Мұның бәрі адами құндылықтардың жоғалып бара жатқанын көрсетеді”. Сонымен қатар режиссерді қазақ тілінің жағдайы алаңдатады. Пьесаны осы себепке байланысты сахналаса керек. Мәңгүрт күйде жүрген жандардың салт-дәстүрден, ділден жұрдай болуы тіл білмегеннен, бойларында өз ұлтына деген жанашырлықтың болмауынан туындауда. Салт-дәстүрден алшақ кеткеніміз соншалықты – арамызда, тіпті, етті мүшелеп, бас табаққа салудың жөнін білмейтіндер де бар, дейді режиссер. Қойылым мақсаты қоғамның осындай әлсіз тұстарын көрсетіп, халыққа ой салу болып табылды.

Аталмыш қойылымның жас буын өкілдері үшін берері мол. Тілді білмегендерімізге ой салып, адамгершілік құндылықтарсыз қандай күйге түсетінімізді ұғындырады. Әрі қойылымдағы рөлдерді Тұрақ Дұрысбеков, Асылхан Рәзиев, Зарина Уәлиева, Думан Адыкенов сынды жас әртістер сомдайды. Бұл жастардың сомдауындағы қойылым баршаның ықыласына бөленді.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp