«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢДАУЫМ – ҚАЗАҚСТАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Менің туған жерім – Әзірбайжан. Алтын бесік ауылым Таулы Қарабақтың қақтығыс алаңында орналасқандықтан, балалық, бозбала шағымның алаңдаушылықпен өткенін жасыра алмаймын. Қазір онда ата-анам, бауырларым тұрады. Ал менің Қазақстанды мекен етіп жатқаныма отыз жылдан асып барады. Тағдырымның ділі де, діні де бір, тілі ұқсас, жаны жайсаң қазақ ағайындармен тоғысқанына еш өкінбеймін. Өзім де, отбасым да Қазақстанның толыққанды азаматтары ретінде бар мақсат-мүддемізді, күш-жігерімізді Отанымыздың гүлденуіне арнап келеміз.

Гюлага ИЛДЫРЫМОВ,

облыстық мәслихаттың депутаты,

“Құрмет” орденінің иегері.

Мен Қазақстанды жүрегіммен қалаған жандардың бірімін. Мектепте оқып жүргенде бұл ел туралы көп естігенмін. 1984-1986 жылдары күтпеген жерден азаматтық борышымды өтеуге Қазақстанға аттанғанда кеудемді шаттық кернеп сала берді. Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын қазақтың ақселеулі сайын даласы мен адамдардың мейірім шуағы төгілген жылы жүздерінің жақын тартқаны соншалық, қалай тұрақтап қалғанымды да білмей қалдым. Содан бергі ғұмырымның Қызылжар өңірінде жалғасып келе жатқанын Алла тағаланың маңдайыма жазған үлкен сыйына балаймын.

Қарапайым шахтер мен баспахана терушісінің отбасын­да тәлім-тәрбие алған маған қиындыққа мойымау, қоғамдық пайдалы еңбектен қашпау үйреншікті әдет болатын. Оның үстіне әскерге дейін еңбектің дәмін біраз татқаным бар. Пайдасы молынан тиді. Жергілікті тұрғындар арасынан небір жақсы адамдарды кездестіріп, шапағаты мен қамқорлығын көрдім. Бірін – аға, бірін іні тұттым. Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Жақсылық Ысқақов, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко секілді беделді басшылардың тәлім-тәрбиесі, берген ақылы, көрсеткен ұлағаты шексіз болды. Осылайша Тәуелсіздіктің арайлы таңын бірге қарсы алдық.

Кейбіреулер тұрмыстың жеңіл жағын іздеп, өзге жаққа көшіп жатты. Мен ондай ойдан бойымды аулақ салдым. Еңбек ете жүріп, қысылғанда қол ұшын беретін достар таптым. Қандай қиындықты бастан өткерсек те, достығымызға, бірлігімізге еш сызат түсіре алмады. Керісінше, құрыштай бірлігіміз қалыптасты. Әрлі-берлі өткенде Қызылжар ауданына қарасты Якорь ауылына соқпай кетпеймін. Құрылыс бригадасы құрамындағы әр ұлт өкілдерінен құралған өндірдей жастар осындағы клубты безендіруге бар өнерімізді салып едік. Әлі күнге дейін сол қалпында тұр. Бейне бір ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан қалған тұрақтылықтың бір белгісіндей жаныма ерекше ыстық көрінеді.

Қап тауына бір барғанымда туған-туыстарым туған жерге оралуыма аса ықыласты болып, қалуға үгіттегені бар. Бұл кезде Қазақстанға әбден бауыр басып қалған едім. Үгіттеріне көнбесімді білсе керек, әке-шешем ақ баталарын беріп, шығарып салды. Келе сала Петропавл қаласында алғашқы кооперативті ұйымдастырушылардың бірі ретінде ел экономикасын көтеруге өз үлесімді қосуға ұмтылдым. Иесіз қалған жылыжай комбинаты мен 200 миллион теңгеге жуық шығынға батқан “Весна” АҚ-ын алғанымда “басыңа масыл тілеп алдың ғой” деген мүсіркеу сөздерді көп естідім. Сол кездері Қазақстанның болашағына сенгеннен кейін осындай нартәуекел іске бел будым десем, біреу сенер, біреу сенбес. Ең бастысы, отандық бизнес дамуының бастапқы кезеңінде жауыннан кейінгі бәйшешектей жаппай бүршік жарып, өркен жая бастаған тың бастамалар Елбасы тарапынан қолдау тауып отырса, жауапкершілікпен жұмыс істемеуге еш қақымыз жоқ еді.

Бүгінде кәсіпкерліктің өркендеуіне нақты қамқорлық жасалып келеді. Көптеген әкімшілік кедергілер жойылды. Мұның өзі Президенттің кәсіпкерлерді ұлттық экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге шақыруына қосылған нақты қадамға айналды. Бүгінде өзім жетекшілік ететін “Наурыз – 2030” ЖШС көкөніс өсірумен айналысады. Жылыжай шаруашылығы мен “Түркістан” ойын-сауық кешенінде 250-дей адам тұрақты жұмыс істейді. Маусымдық науқан кездерінде олардың саны 300-ден асады. Көкөністің оннан астам түрі қолжетімді бағамен сатылады. Осындайда Мемлекет басшысының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласындағы “Жаңғыртудың табыстылығы үшін әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуы өте маңызды” деген сөздері ойға оралады.

Өмірде өз орныңды тапқаннан, өзіңді елге, жерге, қоғамға пайдалы тұлға ретінде сезінуден асқан бақыт жоқ-ау, сірә! Анам қонаққа келіп, жер шоқтығы – Көкшетау өңіріне апарып, армансыз қыдырттым. Қашан кеткенше қазақстандықтардың бір-біріне деген сыйластығын, тату-тәтті бірлігі мен тірлігін аузынан тастамады. “Сырт көз – сыншы” деген. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, достықтың ұлы күшін, ел халқының ынтымақ-бірлігін осындайда ұғынады екенсің. Елбасымыздың сындарлы ұлттық саясатының ұлы жемісін Қазақстанды мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың, конфессиялардың қай-қайсысы болсын мақтан етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның облыстардағы филиалдарының басты мақсаты қоғамдық келісімді баянды етуге жұмылдырылған. Өзім көп жыл жетекшілік еткен әзірбайжан этномәдени бірлестігі қазақ халқының тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттауда көп еңбек сіңірді. Петропавл қаласындағы №17 ұлттық жаңғыру мектебіндегі 11 бөлімде түрлі ұлт өкілдері өздерінің және тұрғылықты ха­лықтың тарихымен, мәдениеті­мен, өнерімен жан-жақты танысады.

Менің ұл-қыздарымның бәрі Қазақстанда туып-өсті, осында ержетіп, білім алды. Шетінен қазақ тіліне жетік. Ұлым Бабек Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның қобыз сыныбында білім алады. Ол да, екінші ұлым Табриз да – халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Олардың Қазақстанның мақтан тұтар азаматтары болып өсіп­ келе жатқаны қуантады. Өзім­ облыстық мәслихаттың депу­таттығына үш рет сайланып, сайлаушылардың сенімін ақтауға бар күш-жігерімді арнап келемін.

Тағдырдың тәлкегімен емес, өзімнің жүрек қалауыммен осында қалып, таңдаудан адаспағаныма ризамын. Менің, от­басымның қорғаны – Елбасымыз және туған үйімізге айналған Қазақстаным!

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp