«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАНЫҢ КЕЛІНДЕРІ ҚАНДАЙ КЕРІМ?!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында келіндер сайысының қалалық кезеңі өтті. “Жақсы келін – жанұя бақыты” сайысын қалалық әкімдік пен “Томирис” гендерлік білім беру орталығы бірлесіп өткізген. 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Байқауға қатысқан 7 келін – әртүрлі саланың мамандары. Келіндер бірінші “Сәлем бердім иіліп” кезеңінде дастарқан жайып, өз қолдарымен жасаған тағамдарын қазылар алқасы мен келген көрермендерге ұсынып, шай құйды. Екінші – “Отбасы – алтын діңгегім” кезеңінде әр келін өзін, қайын жұртын, төркінін таныстырды. Таныстыруларын бірі өлеңмен, екіншілері қара сөзбен жеткізіп, қайын аталарының атын атамай, қазақылықтарын танытуға тырысты. Ал үшінші кезең – “Дәстүрім – асыл қазынамда” келіндерге ұлттық әдет-ғұрыптан хабардарлығын тексеретін сұрақтар қойылды. Мәселен, құрсақ шашу, босаға майлау, ат тергеу, бауырға салу деген не, табақ тарту қалай жүзеге асырылады, қазақ келініне қатысты ырым-тыйымдар, қара шаңырақта отырған келіннің міндеті қандай деген сұрақтарға жауап берді. “Он саусағынан өнер тамған” кезеңінде келіндер шаш өріп, өз тәжірибелерін көрсетті. Ал “Өнерім – серігім” кезеңінде қазылар алқасы мен көрерменге өнерлерін көрсетті: ән шырқады, өлең оқыды, домбырада ойнады, би орындады. Әдептен аттамай, өнерлерін ортаға салған келіндерге риза болған жұртшылық шапалақ ұрып, қолдауларын танытып отырды. Ал сайыстың қорытындысын шығарып, келіндер сайысының қалалық кезеңінің жеңімпазын анықтаған қазылар алқасы бас жүлдеге Өнер колледжінің мұғалімі Майра Сапарқұлованы лайық деп таныды. Ал көрермендердің дауыс беруі арқылы “Көрермендер көзайымы” аталымы бойынша жеңіс С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі Шолпан Айтибаеваға бұйырды. Ал қалған келіндерге түрлі аталымдар бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.  

СУРЕТТЕ: бас жүлденің иегері Майра Сапарқұлова шай құйып жатыр.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp