Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Ауылда әр үйге қажет бір машина отын мен екі тонна көмір сатып алу үшін үш айлық зейнетақың кетеді”. Кеше облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген отырысында жарыссөзге шыққан Иван Квашин осылай, деді. Шынында да, зейнетақының ең азын алатын ауыл тұрғындарына қазіргі қымбатшылық оңай болып отырған жоқ. Олар түгіл, облыс орталығындағы ұядай жылы үйлерде тұратын қарттар да қамқорлық тілейді. Бір жақсысы – өңірімізде өмірдің көбін өткерген ардагерлер аз емес: олардың саны 90 мыңның үстінде. Бірен-сараны болмаса, осылардың бәрі де кейінгілерден ізет күтеді.
Облысымыздың әр ауданындағы, ірі-ірі ауылдарындағы ардагерлер ұйымдары, міне, осылардың жағдайын ойлайды. Абырой болғанда, өмірдің ыстығын да, суығын да көрген ардагерлер сарыуайымға салынуды білмейді. Еңбектің қара қазанында қайнап өскен оларға қол қусырып отыру және жат: еңбекқор құмырсқалардай қыбырлап, үйдің де, түздің де қамын ойлайды. Ардагерлер ұйымдары болса соларды демеп отырады.
Облыстық мәслихаттың үлкен залында өткізілген аталмыш жиында қарттарға қамқорлық хақында кеңінен сөз қозғалды. Бұл ретте өзгелерге өнеге болып жүрген Мағжан Жұмабаев ауданында атқарылған істер тілге тиек болды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Сағындықов осының бәрін ортаға салды.
Жарыссөзге бірінші болып Аққайың аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Саласюк шықты. Осы отырыста есімі облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет кітабына енгізілуіне байланысты куәлік тапсырылған төраға өз жұмысындағы қағазбастылыққа қынжылыс білдірді. Одан кейін мінбеге көтерілген облысымыздың Құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов пен Петропавл қаласының Құрметті азаматы Александр Липовой аудандарда Қарттар үйін тұрғызу және тарифтің тежеусіздігіне қатысты алаңдаушылық лебіздерін жеткізді.