Облыс прокуроры Степан Зайтлердің төрағалық етуімен заңдылықты, құқық тәртібін және қылмыспен күресті қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда ақпараттық есептік құжаттардың толықтығы, нақтылығы және уақтылы түсуі, сондай-ақ 2013 жылдың тоғыз айында әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу жағдайы талқыланды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Прокуратура қызметкерлері әкімшілік айыппұлды өндіріп алу жөнінен облысымыздың артта қалып отырғанын алға тартуда. Өкілетті органдардың қаулыларын орындау көрсеткеніндей, өткен 9 айда бұл бағыттағы жұмыс тек 54,2 пайызға орындалған. Аталған мерзімде облыс соттары 6755 сот актісін шығарып, айыппұлдың жалпы сомасы 97,8 млн. теңгеге жеткен. Алайда, бюджетке түскенінің көлемі небары 28,3 млн. теңгені құраған. Айыппұлдардың уақтылы өндірілмеуі мемлекеттік органдардың сылбыр жұмысының себебінен орын алып отыр. Яғни, тиісті органдар өз еркімен айыппұлын өтемеген азаматтарға қатысты мәжбүрлі түрде орындату құжаттарын уақтылы жолдамаған, әрі айыппұлдың төленгендігі туралы есеп ақпаратын бұрмалаған. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің СҚО бойынша басқармасы бөлімінің басшысы Айдар Мұқановтың хабарлауынша, аталған мерзімде 51 мың адамға қатысты айыппұл өндіру жөніндегі 69 мың әкімшілік істің басым бөлігі ішкі істер органдарының еншісінде (64 пайыз). Алайда, полиция органдары бұл міндеттерін толық деңгейде атқара алмай келеді. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет станцияларының айыппұл туралы актіні тиісті азаматтарға мүлде таратпағаны да белгілі болған.
Қоғамдық орындарда алкоголь өнімдерін тұтыну, көші-қон заңнамасын бұзу және жылдамдықты асыру – әкімшілік жазалардың ішінде ең көп кездесетіні. Заң бұзушылық жасай отырып, әкімшілік жазасын өтегісі келмейтіндердің басым бөлігі Ғ. Мүсірепов атындағы аудан мен облыс орталығында тұрады. Тұрақты жұмысының жоқтығынан немесе банкротқа ұшырауына байланысты олардың айыппұл төлеуге мүмкіндігі жоқ.
Мемлекеттік қызметші өзгелерге үлгі болуы тиіс деген заманда олардың арасында да заңға бағынғысы келмейтіндер бар екен. Солардың кесірінен 11 млн. теңге көлеміндегі айыппұл мемлекет бюджетіне уақытылы түспей отыр. Бөлім басшысының айтуынша, осындай тәртіпсіздікке барғандардың арасында Төтенше жағдай департаментінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілері басым. Мұндайлардың әкімшілік жазаға тартылғандығы оларды қызметке қабылдаған кезде ғана анықталады. Облыс прокурорының пікірінше, бұл қате. Степан Зайтлер ай сайын әр мемлекеттік органның кадр қызметі мемлекеттік қызметшілерінің әкімшілік жазаға тартылғантартылмағандығын тексеріп отыруы тиіс деп, бұл жөнінде ұсыным енгізілетінін айтты.
Бұған қоса, әкімшілік айыппұлымды төледім деп, жалған түбіртек ұстап жүргендер қатары көбейіп кеткен. Осындай факті СҚО Жол полициясы басқармасында тіркелген. Көлікті құжатсыз жүргізгені үшін К.Мұхамеджанов деген азамат әкімшілік жазаға тартылып, 48 540 теңге айыппұл төлеуге тиіс болған. Ол бұл соманы “Цеснабанк” АҚ филиалында өтеген. Алайда, кейін банк түбіртектерінің жалған екендігі белгілі болып, қылмыстық іс қозғалған. Петропавлдық Н.Жаудинов пен А.Симухин пәтерлерінде отырып, жалпы сомасы 600 мың теңгеге жалған құжат басып шығарған. Қалалық соттың үкімімен бұл азаматтар шартты түрде екі жылға бас бостандықтарынан айрылды. Сонымен қатар “Қазпочта” АҚ филиалының үш қызметкерінің айыппұлдар ақшасын қабылдау кезінде қаржы жымқырғандары белгілі болды. М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов атындағы және Қызылжар аудандарындағы пошта қызметкерлері жаза тартқан азаматтарға айыппұлды өтегендері туралы түбіртекті бергендерімен, ақша кассаға түспеген. Кінәлі лауазымды тұлғалар осы заңсыздықтары үшін жұмыстан босатылды.
Отырыс соңында әкімшілік айыппұлдарды өндіру бойынша анықталған кемшіліктерді ескере отыра, бұл жөнінен шара қолдану, есептік құжаттарды көрсету тәртібіне қатысты барлық міндеттерді уақтылы орындау бойынша тиісті органдарға ұсынымдар енгізілді.