Бұрнағы күні болған дәстүрлі брифингте Мамлют ауданының әкімі Владимир Бубенко аталмыш өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен таныстырды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бүгінде 20 мыңға жуық тұрғыны бар Мамлют ауданының негізгі капиталындағы инвестиция көлемі 2 миллиард 500 миллион теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 38 пайыз артық. Ал өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,3 миллиард теңгені құрап отыр. Ауданның экономикалық жағдайын осы көрсеткіштермен таныстырудан бастаған Владимир Бубенко тұрғындарды жұмыспен қамтуға тоқталды. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 қарашасындағы мәліметке сүйенсек, ауданның 13 мыңнан астам тұрғыны экономикалық жағынан белсенді. Ал жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны – 45. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламалары зор септігін тигізіп отырғандығын жеткізген Владимир Степанович ауданда еңбекақының орташа көлемі 63 мың теңгені құрағандығын жеткізді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында еңбекақы көлемі 72 мың теңге көрінеді. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда, сәйкес түрде 6 және 17 пайызға жоғары.
Ал аудан экономикасының құрылымында 60 пайызын алып отырған аграрлық кешен жаңғыру жолына түскен. Жыл сайын ауыл шаруашылығының негізгі капиталына түсетін инвестиция көлемі өсіп, өткен 10 айда ол 1,6 миллиард теңгені құраған. 1 миллиард теңгеден астам қаржыға алынған 68 жоғары өнімді техниканың арқасында егін жинау жұмысы уақытында атқарылған. Биылғы орақта 185 мың тонна астық жинаған аудан әр гектардан 13,6 центнерден өнім алған болатын. Мал шаруашылығына, оның ішінде асылтұқымдыларын өсіруге зор көңіл бөлініп отыр. Мәселен, “Белое Агро” ЖШС, “Мәмбетов және К” КС базасында 2 асылтұқымды шаруашылық толық жобалық қуатында жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қос шаруашылықта 745 бас ангус тұқымдас ірі қара өсірілуде. Дәл осындай шаруашылық “Житница” ЖШС-де де құрылған. Ал “Жұмыспен қамту – 2020” және “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы несие алғандардың арқасында малдың барлық түрі, оның ішінде ірі қараның саны 11 пайызға көбейген.
Үстіміздегі жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 8 пайызға артқандығын айтқан Владимир Бубенко бұл жетістік “Мамлют ұн комбинаты” ЖШС-нің арқасында екенін ашық айтты. Себебі, ауданда одан басқа ірі өнеркәсіп орны жоқ. Осы олқылықты жою үшін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ендігі жылы ірі өнеркәсіп орнын ашу көзделген.
Ауыл тұрғындарын жиі толғандыратын ауыз-су мәселесі Мамлют ауданында қалай шешілуде? Владимир Бубенко аудандағы 43 елді мекеннің 97 пайызы таза ауызсумен қамтылғандығын жеткізді. Ал автокөлік жолдары желісін дамыту мен жақсартуға республика, облыс, аудан бюджеттерінен қаржы бөлінетіндігін айтты. Мәселен, Бексейіт және Меңкесер ауылдарындағы ішкі жолдарды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, бұл жұмыс “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 2014 жылы қолға алынбақ. Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, жергілікті жерде білім және денсаулық сақтау, спорт салаларында да шешілмеген мәселе жоқ көрінеді. Мамлют ауданында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз балабақшамен қамтылған, денсаулық сақтау саласында 2 дәрігер жетіспейді. Ал аудан тұрғындарының 25 пайызы спортпен шұғылданады екен. Рухани байлықтың көзі – клубтар мен кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге айтарлықтай көңіл бөлініп отыр. Осындай көрсеткіштерге ие ауданда криминогендік ахуал жақсаруда. Тіркелген ауыр және аса ауыр қылмыстың саны 14 пайызға азайыпты.
Владимир Бубенко сөзін аяқтағаннан кейін журналистер айтылмай қалған мәселелерге тоқталды. Мәселен, Чистое және Белое ауылдарына автобус қатынасының тоқтатылу себебі сұралды. Бұл орайда аудан әкімі осы күнге дейінгі тасымалдаушымен болған келісімнің мерзімі аяқталғандығын, келер жылдың қаңтар айында қайта тендер жарияланатындығын жеткізді. Ал осы уақыт аралығында тұрғындарды автобус қатынасымен қамтамасыз ету үшін жергілікті жердегі шаруашылық субъектілері автобус немесе осы бағытты алу мәселесін қарастыруда. Шағын қалаларды дамыту жөніндегі тапсырмаға байланысты Мамлютканы жаңғырту үшін қандай жұмыстар қолға алынғандығы сұралды. Бүгінде 45 көпқабатты тұрғын үйі бар аудан орталығында кәріздік жүйені жөндеуден бастап, көшелерді электр жарығымен қамтамасыз етуге дейінгі қыруар жұмыс қолға алынған көрінеді.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.