Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің Астанадағы жаңа ғимаратында болды. “Нұр Отанның” өңірлік филиалдарының төрағалары онлайн режіміндегі бейнебайланыс жүйесі бойынша өткізілген конференцияда партия Төрағасына XV съезде берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде баяндап, Елбасыны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында өңіріміздің басшысы Самат Ескендіров те Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы лебізін жолдады.
“Солтүстік Қазақстан”.
Мемлекет басшысы бұдан 22 жыл бұрын, Тәуелсіздік таңы атқан сәтте алғаш рет бүкілхалықтық Президент сайлауы өткенін, сондықтан өткен жылы еліміздің Парламенті 1 желтоқсанды Қазақстандағы мемлекеттік мереке ретінде бекіткенін атап өтті. “Бүгінде біз қажырлы еңбек еткен жылдар ішінде елеулі нәтижелерге бірге жеттік деп айтуымызға болады. Міне, жыл аяқталып келеді, жалпы алғанда, көрсеткіштер жаман емес. Сіздерді құттықтаймын және жұмыста табыс тілеймін!” – деді Президент. Бұдан соң облыс әкімдеріне кезек берілді. Айтулы мерекемен Елбасын құттықтауға асық болғандардың бірі – Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов: “Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің партияның 15-інші съезінде берген тапсырмаларыңыз Атырау облысында үлкен жауапкершілікпен орындалуда. Индустриялық-инновациялық бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан жобалар облыс экономикасына оң ықпалын тигізуде. Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен орайлас республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің салтанатты түрде ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!” – деді. Іле бұл лебізге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та қосылды: “Мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде мемлекет абыройы артып, халқымыздың тұрмысы күннен-күнге жақсаруда. Сіздің ХV съезде, Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде міндеттеген тапсырмаларыңыз біздің өңірде де толығымен орындалуда. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде экономикалық өсім 6 пайызды құрап, жұмыссыздық 5 пайызға төмендеді. Құрметті Елбасы! Барша шығысқазақстандықтар атынан Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі шешіміңіз үшін алғыс айтамын. Әлем бойынша жұмыссыздық орын алып, кәсіпорындар жабылып жатқан дағдарыс кезінде Қазақстан тұрақтылығын сақтап қалды. Бұл Сіздің еңбегіңіздің арқасында”. Өңір басшысы Самат Ескендіров те Нұрсұлтан Назарбаевқа игі тілегін арнап, еліміздің Тәуелсіздігі жылдары қол жеткен жетістіктердің бәрін халқымыз Елбасы есімімен байланыстыратынын айтты.
Іс-шара аяқталғаннан кейін “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа үлгідегі бірінші партиялық билетті тапсырды.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.