Жанна Тоққожина Шал ақын ауданының Сергеевка қаласындағы Е. Букетов атындағы мектеп-гимназияда география және биология пәндерінен сабақ береді. Ол – аталмыш аудандағы Кривощеково орта мектебінің түлегі. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің география-биология факультетін бітіргеннен кейін өзі оқыған мектебінде 6 жыл еңбек еткен. Жанна Жұмабекқызы жалпы ұстаздық өтілінің 12 жылын Сергеевкадағы мектеп-гимназияда атқарып келеді. Бірінші санатты мұғалімнің оқушылары жыл сайын олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр.
– 2012 жылы оқушым Альбина Лукьянчикова халықаралық олимпиадаға қатысып, үшінші орын алды, нәтижесінде ҰБТ тапсырудан босатылып, грантпен оқуға түсті. Қазір Қарағанды қаласында оқып жүр. Бүгінде 11-сыныпта оқып жүрген Асхат Мұрзабаев VI президенттік олимпиаданың үшінші кезеңіне облыстан өткен ондықтың құрамында. Қазір ол олимпиаданың республикалық кезеңіне дайындалу үстінде. Айнұр Тұржанова, Альбина Лукьянчикова, Асхат Мұрзабаев сияқты оқушыларым – әр жылдары ғылыми жобадан да облыста жүлделі орындар алып, мектебіміздің мақтанышына айналғандар, – дейді Жанна Тоққожина.
Өзінің тәжірибесімен бөліскен ұстаз оқушылармен үзбей қосымша жұмыс жүргізетінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, ұстаз бен оқушы тығыз қарым-қатынаста болып, бірлесе жұмыс істесе, ауылдық мектептерден де дарынды оқушылар шығады. Ол үшін оқушымен олимпиада немесе ғылыми жоба жазар кезде ғана жұмыс істемей, баланы үнемі жаттықтырып, талмай еңбек ету керек. Ғылыми жоба жазарда алдымен тақырыпты таңдап, оған қажетті әдебиеттерді саралап, сосын сол тақырып бойынша зерттеулер жүргізіледі.
– Меніңше, болашақтың мұғалімі креативті, өмір ағымынан қалып қоймайтын, өз жұмысына шын жүрегімен берілген, ең бастысы, балаларды жақсы көретін болуы керек. Өз жұмысың мен балаларды жақсы көрсең, бәрі ретімен бола береді, – деген Жанна Жұмабекқызы: “Менің марапаттау қағаздарынан басқа наградам жоқ, бірақ оқушыларымның жетістігі еңбегіме берілген баға деп білемін”, – деді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.