Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсауы үлкен мәселеге айналып отыр. Оның себептерін қоғамдық өмірден, әлеуметтік жағдайлардан, сонымен қатар адамның ішкі жан дүниесінен іздеуге болады. Облысымызда үстіміздегі жылдың басында құрылған “Рух” психология және тұлғаны дамыту орталығы осы бағытта жұмыс істейді. Орталықтың жұмысымен жақынырақ танысу мақсатында оның басшысы Резеда Баймұхаметованы әңгімеге тартқан едім.
– Резеда Сәлімжанқызы, “Рух” психология және тұлғаны дамыту орталығы жұмыс істеп жатқанына бір жылға таяп қалды. Орталықты құрудағы мақсат не?
– Өзіміз көріп жүргендей, қазіргі кезеңде балалар мен жасөспірімдер әртүрлі себептерге байланысты өмірмен қоштасып жатады. Мұндай жағдай көбінесе өз ортасынан әлдебір себептермен қағажу көріп, шеттеп қалған, өз-өзіне сенімін жоғалтқан, мектептің өміріне етене араласпаған, өзін өмірде көрсетіп үлгермеген, білім ошақтарындағы тәрбие жұмыстарынан шеткері қалған балалар арасында жиі кездеседі. Адам өміріндегі қиыншылық олардың бала күнінде жақсы сөз естімегендігінен, жақсы қылықтарымен көзге түсіп, танылмағандығынан болады. Біздің мақсат – осындай қарапайым балалармен жүйелі жұмыс істеу арқылы олардың өмірге құштарлығын арттыру және оларды дарынды балалар деңгейіне жеткізу. Осылайша өмірде өзін-өзі көрсетіп үлгермеген балаларға көмектесу. Бұл жұмысты облыстық Білім басқармасында әдіскер болып істеп жүрген кезімде бастаған болатынмын. Жұмысты алғаш бастаған кездің өзінде өзіне-өзі қол салу әрекеттерін 35%-ға төмендеткен едік. Қазіргі жеке кәсібім сол кезде бастаған ісімнің жалғасы деуге болады. Мен бір мектепте ғана қызмет істегенімнен гөрі осы жердегі жұмысым арқылы балаларға тигізер көмегім әлдеқайда көп деп шештім.
– “Мен өмірден түңіліп жүрмін” деп ешкім өзі келе қоймайтын шығар? Ондай балаларды қалай анықтайсыздар?
– Оныңыз рас. Балалардың қиыншылықтарын көп адамдар білгісі де, көргісі де келмейді. Мектептердегі жүздеген балаға бір психолог қызмет көрсетеді. Оның барлық баланы қамтуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз мектеп психологтерімен тығыз байланыс орнатып, балаларды білім ошақтарынан табуға тырысамыз. Көбіне әр есікті тықылдатып, сұрап жүріп, қауіпқатер тобындағы балаларды іздейміз. Үстіміздегі жылдың қыркүйек-қараша айларына дейін ғана 2000 баланы қамтыдық, олар, негізінен, осы топтағы балалар.
– Балалармен қандай жұмыс жүргізесіздер? Ол шаралардың беретін пайдасы бар ма?
– Балалармен тренингтер, коррекциялық жұмыстар, пікірталастар өткіземіз. Біз балаларға дайын ештеңе бермейміз. Шаралар барысында балаларды өз мәселелерін өздері шешулеріне үйретуді көздейміз. Қаланың 11 мектебінде “Мен – өз бақытымның ұстасымын” деген тақырыпта пікірталастар өткіздік. Онда бақытты болу үшін не істеу керектігін балалар өздері айтты, олар осындай шаралар өткізген бізге риза. Осы пікірталастарға қатысқан әр бала бұл өмірде немқұрайды болмай, алға жылжу керектігін түсінді. Өмір қиындықсыз болмайды. Қиындық бұл өмірде керек те. Сол қиындық арқылы балалар өздерін болашақ өмірге дайындайды, мінездері қалыптасады. Қиындық оларды шыңдайды. Бала тек салғырт тыңдаушы болмай, өткізіліп отырған шараны талдауға қатысуы, түрлі жағдайды қалай шешуге болатыны туралы өз ойын ортаға салуы керек. Осындай жұмыс арқылы біз балаларды түрлі жаман әдеттен аулақ болуға үйретеміз. 11 мектепте 500-ден астам баланы қамтыдық, оған қоса сол білім ошақтарындағы психологтермен тәжірибе алмастық. Біз өткізетін шараларда балалардың жасына шектеу қоймаймыз. Мәселен, “Рұқсат етіңіз, мен өзімді таныстырайын” деген тақырыптағы ғылыми жобалар байқауы өтті. Онда мектепке жаңа келген бүлдіршіннен бастап, 11-сынып оқушыларына дейінгі балалар қатысып, өздерінің жобаларын қорғауына мүмкіндік берілді. Шараларда біз бір баланы назардан тыс қалдырмаймыз және сенің жобаң жаман жазылған демейміз. Әр балаға орын тауып беруге, оның еңбегін бағалауға тырысамыз. Негізгі жүлделі орындардан басқа, түрлі аталымдарды көп белгілейміз. Сол арқылы олардың өзөздеріне деген сенімін арттырып, бұл өмірде өзіндік орындары бар екенін сезінуге мүмкіндік жасаймыз.
– Сіздер тек қала бойынша ғана қызмет істейсіздер ме, әлде одан тысқары да шығасыздар ма?
– Аудандарға да шығып тұрамыз. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның елді мекендерінің алты мектебімен “ХХІ ғасыр көшбасшысы” жобасы бойынша жұмыс істедік. Балалардың өздерінің ойлауына, жұмыс істеуіне, болашағы үшін шешім қабылдауларына мүмкіндік бердік. Аудандарға шыққанда психологтер мен әлеуметтік педагогтерді ғылыми жобаны жазу, оны құрастыру техникасы, жүйесі, тәсілдерімен таныстырдық. Мектепте ғылыми жобамен жұмыс істеп үйренген балаға жоғары оқу орнына түскенде оны жазу жеңіл болады. Ақжар ауданында “Патриоттар форумын” және “Әлеуметтік плакаттар” байқауын өткіздік. Онда да ауыл мектептерінің қызығушылығы мол болды. Бұл аудандарда да, облыс орталығында да Ішкі саясат бөлімдерімен бірлесе жұмыс жүргіздік. Осындай шаралармен аққайыңдық бүлдіршіндерді де қамтыдық. Балалардың жүргізген зерттеулері мен көтерген мәселелерінің барлығы оларды еңбектенуге, дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі. Қызметімізді Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Өскемен қалаларына да ұсындық. Бұл облыстарда да семинарлар, форумдар өткізіп, әлеуметтік зерттеулер жүргіздік. Мемлекеттік тапсырыстар да қабылдаймыз.
– Қарамағыңызда қанша маман бар?
– Бүгінгі таңда 12 адаммен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Орталықта үш психолог, бір заңгер, екі маркетолог, алты қазақ және ағылшын тілдерінің мұғалімі қызмет етеді. Жұмысымыздың негізгі мақсаты келеңсіз оқиғалардың алдын алу болғандықтан, біз балалармен қатар ересектерге де ақыл-кеңес береміз. Мысалы, маскүнем күйеуінен жәбір көрген әйелге заңгер тегін кеңес бере алады. Сол сияқты әкесі ұрып-соғатын балаға да тегін кеңес беріп, көмек көрсетуге болады. Бүгінгі күні біздің оған мүмкіншілігіміз бар. Бірақ ондай әйелдер мен балалар ешкімге өздерінің қиыншылықтарын дабыралап айтпайды. Сондықтан мектептердегі психологтер оқушыларда немесе олардың отбасыларында келеңсіз жағдай барын білсе, хабарласуларына болады, біз өзіміздің облыстың баласына ақысыз психологиялық қызмет көрсетеміз. Қазір бірнеше бала келіп, психологтерден көмек алып жүр. Ата-аналар келсе, олармен заңгер жұмыс істейді. Ол жағынан шектеу жоқ.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Қазақ мектебіндегі балаларға материал табу қиын. Интернеттің өзінде олар үшін материал жоқ. Қазақ балалары орысшадан аударып, екі есе көп жұмыс істейді. Сондықтан өзіміз әдістемелік құралдар әзірлеп, қазақ тілінде электрондық кітап шығаруға дайындалып жатырмыз. Бұл – болашаққа жоспарымыз. Ал таяуда ересектер тарапынан зорлық-зомбылық көретін, өзіне-өзі қол салу туралы ойлайтын кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдерге ғана арналған, тәулік бойы тегін қызмет көрсететін сенім телефонын ашсақ деген ойымыз бар. Ойымыз жүзеге асса, жапа шеккен бала кез келген телефоннан сенім телефонына қоңырау шалып, көмек сұрауға мүмкіндік алар еді. Мұндай әдіс дүниежүзілік тәжірибеде қолданысқа енгізілген. Бұл мәселе бойынша облыс басшылығынан көмек сұрамақпыз. Мақсатымыз – жасөспірімдерді өз-өздеріне қол салудан, құқық бұзушылықтардан, нашақорлықтан тағы басқа жаман әдеттерден сақтау.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.