Петропавл қаласындағы С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың Баспасөз орталығында “Заманымыздың атақты көшбасшысы” тақырыбында “дөңгелек үстел” болып өтті.
“Дөңгелек үстел” жұмысына М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушылары, “Нұр Отан” партиясының, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері қатысты.
Шараның мақсаты – жаңа тәуелсіз Қазақстанның сәтті қалыптасу жолын көрсету, Қазақстандағы Президенттік институтының рөлі мен маңызын ашу, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттіліктің қалыптасуындағы жеке үлесін атап өту.
“Дөңгелек үстелді” М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Құқық пәндері” кафедрасының доценті, заң ғылымының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева жүргізді. Қазақ мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Зәуреш Шәкенова “Ел тарихындағы тұлғаның рөлі” тақырыбында, Қазақстан халқы ассамблеясының Солтүстік Қазақстан хатшылығының бас маманы Раушан Исмаилова “Этносаралық әрекеттестік: Елбасының өмірде жүзеге асқан идеясы” тақырыбында хабарламалар жасады. “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев Президентпен кездесулері туралы әңгімеледі.
“Дөңгелек үстелдің” жұмысы барысында қатысушылар елімізде Президенттік институтының қалыптасу барысын, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тұлғасын қарастырып, оның Қазақстан саясатындағы ғана емес, әлемдік аренадағы рөлін де көрсетті.
Баспасөз орталығында “Н.Назарбаев: адам және саясаткер портреті” атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, КТК арнасы түсірген “Назарбаев Life” фильмі көрсетілді.
(Өз тілшімізден).