«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КАДР САЯСАТЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС ҮСТІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандағы демократиялық үрдістердің қарқынды дамуы құқық қорғау жүйесін әлемдік стандартқа сәйкестендіру қажеттігін көрсетіп отыр. Осыны ескере отырып және Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп, құқық қорғау органдарының кадрлық саясатының тұжырымдамасын жасады. Кадрлар жағдайы, оның әлеуеті кез келген органның өз қызметін тиімді жүзеге асыру мүмкіндігін анықтайды. Құқық қорғау органдары құрылымдары қаншалықты жетілген болса да, оның қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін сауатты және сапалы орындауы барлық органдардың қызметінің ең басында тұрады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез-келген қызмет саласын дамыту үшін мемлекеттің құқықтық, ұйымдастырушылық жүйесі мен тиісті кадрлардың үйлесімділігі қажет. Мұндай жағдайда “кадрлар барлығын шешеді” деген сөздің астарына үңілген жөн. Бүгінде барлық құқық қорғау органдарының сапалы жұмысы үшін кәсіби кадрлық құрам мәселесі өте көкейкесті болып отыр.

Гүлхан ҚАДЫРАЛИНА,

облыстық Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың кадр жұмысы және ішкі қауіпсіздік бойынша аға прокуроры.

Сонымен, ұсынылған тұжырымдама жобасында құқық қорғау органдарының кадрлық саясатын кезең-кезеңмен реформалау белгіленген. Олар алға қойылған міндеттерді білікті түрде шешетін жоғары кәсіби кадрлық құрамды қалыптастыруға көмектеседі.

Тұжырымдамада қызметкерлерге деген қажеттілікті жоспарлау, таңдау, кадрларды аттестаттаудан өткізу және бөлу, кадрлық әлеуетті кәсіби дамыту, тәрбиелеу жұмысын оңтайландыру қарастырылған.

Тұжырымдама деректері құқық қорғау органдарындағы тәрбиелік жұмысқа елеулі өзгерістер енгізуді көздейді. Мәселен, мұнда жас мамандардың құқықтық сана деңгейі, моральдық-рухани және физикалық дайындық сапасы қарастырылған. Өйткені, қызметтік тәртіп пен қоғамдық тәртіп осыған тәуелді.

Бұл ретте тәлімгерлер кеңесіне үлкен үміт артылады. Олар жұмыс барысында көмек көрсетуден басқа, жас қызметкерлердің күнделікті бос уақытын қамтамасыз етіп және ұйымдастыруға тікелей ықпал етуге міндетті. Тәлімгерлер кеңесі ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасында жұмыс істейді. Оған жұмыс және өмірлік тәжірибесі бай адамдар мүше.

Осыған байланысты облыс бойынша басқарма бәсекеге қабілетті жас қызметкерлерді дайындауда. Биылғы жылдың өзінде 8 адам ҚР БП ҚСжАЕА комитетінде кеңесуден сәтті өтті және кадрлар резервіне тұрғандардың 6-уы жедел қызметке орналастырылды.

Былтыр ҚР “Құқық қорғау қызметі туралы” Заңының нормалары күшіне енуіне байланысты қызметкерлердің көп бөлігі еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлікке шықты. Сондықтан қазір құқық қорғау органдарында кадр тапшылығы сезіледі.

Тұжырымдама арқылы кадрларды бағалау жүйесінің мүлдем жаңа бірыңғай жүйесі жасалады. Яғни, қызметкердің кәсіби әлеуеті, оның нақты жетістіктері есепке алынады. Кәсіби біліктілігі мен жұмыс тиімділігі деген екі негізгі параметр белгіленді. Қызметкердің кәсіби жетістіктері мен құзыреттілігі неғұрлым көп болса, оның көрсеткіші соғұрлым жоғары болады. Бұл кез келген құқық қорғау органының бос орындарына объективті, мөлдір конкурстық таңдаудың негізіне айналады.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында ҚР Бас прокурорының 2013 жылғы 28 тамызындағы бұйрығымен Қазақстан Республикасы прокуратура органдарына, мекемелеріне және ведомстволарына қызметке орналасу үшін байқау мен тағылымдама өткізу ережесі бекітілді. Осы ережеге сәйкес прокуратура ведомствосына, мекемесіне және органына қызметке орналасу конкурстық негізде өтеді және конкурстық негізде орналастырылатын қызметтер тізілімдемесіне сәйкес бос орындарға ғана конкурс өткізіледі.

Прокуратура органдарына қызметке орналасу конкурсының шарттары мен тәртібі мемлекеттік қызметтегідей бірыңғай, яғни бос орынға конкурс азаматтардың прокуратура органдарындағы қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Осы конкурсқа Қазақстан Республикасының он сегізге толған, отыз бес жасқа дейінгі жоғары заңгерлік білімі бар кез келген азаматы қатыса алады. Құжат тапсырғандар таңдап алынғаннан кейін конкурстық комиссия шешімі негізінде тағылымдамаға жіберіледі.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жеке, моральдық, іскерлік және кәсіби мінездемесі сәйкес келсе, бос орындарға орналасу резервіне енгізілген үміткер ретінде қызметке конкурстан тыс орналасуға құқылы.

Конкурс бірнеше кезеңнен тұрады. Олар:

– конкурс туралы хабарландыру жариялау;

– конкурсқа қатысқысы келетін азаматтардан құжаттар қабылдау;

– конкурсқа қатысушылар медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, соның ішінде әскери-дәрігерлік комиссиядан, міндетті арнайы тексерістен, қолданыстағы заңнама нормаларын білуіне компьютерлік тестілеуден өтеді;

– конкурсқа қатысушыларымен кеңесу;

– кем дегенде 10 күн тағылымдамадан өту, бұл – қорытынды кезең.

Қатысушы қандай да бір кезеңді өтпесе, оның бұл конкурсқа әрі қарай қатысуынан бас тарту үшін негіздеме болады. Конкурсқа қатысу бойынша шығындарды конкурсқа қатысушылар өздері көтереді.

Бұл жаңалық, менің ойымша, қажетті кәсіби деңгейі жоғары қызметкерлерді іздеуге кететін уақытты қысқартады, оң тәжірибені таратуға және қызметкерлерді үзіліссіз оқытуға ықпал етеді.

Жалпы, Тұжырымдаманы құқық қорғау органдарының қолданыстағы кадрлық жүйесін қайта құру мүмкіндігі ретінде бағалауға болады. Оның соңғы мақсаты құқық қорғау органдарында тиімді кадр жүйесін қалыптастыру және оның нәтижесі ретінде оларға тұрғындар сенімінің деңгейін арттыра түсу болып табылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp