Таяуда Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің директоры Рәзия Қасымова Сеул қаласында өткен халықаралық сайысқа қатысып келді. Ол – Қазақстаннан барған жалғыз өкіл.
Сайыс ережесі бойынша оған ағылшын тілін білетін мектеп директорлары қашықтықтан қатысып, бірінші іріктеу кезеңінің сұрақтарына жауап жібереді.
– Келген сұрақтарға жазбаша жауап жібердім. Бір айдан кейін маған шақырту келді. Сеулде өткен шара “Азия-Тынық мұхит елдері халықаралық түсіністікте” деген атаумен өтті. Мұндай шара төртінші жыл өткізіліп отыр екен. Олар әр жылда 20 мемлекетпен осылайша байланыс орнатады. Ондағы мақсат – Жер бетінде бейбітшілікті сақтау. Бұл жолы Австралия, Филиппин, Корея, Кука аралы, Фиджи, Шри-Ланка, Тайланд, Моңғолия, Қытай, Индонезия, Лаос, Непал, Вьетнам, Бутан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, тағы басқа да елдерден бір-бір өкілден қатыстық. Шараның сайыстан гөрі танымдық жағы басым болды. Олай дейтінім, оған қатысушылар басқаларды өз елінің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық киімдері, тағамдары, тағы басқаларымен таныстырды, – дейді Рәзия Ескендірқызы.
Сеулде қатысушыларға “Бірге өмір сүруді үйренеміз” деген ұранмен әртүрлі семинарлар өткізіліп, мектеп директорларына басқа елдермен қалай қарым-қатынас жасауға болатыны туралы үйретілген. Күн сайын ұйымдастырылған түрлі тақырыптардағы шаралардың барлығы тек ағылшын тілінде өткен.
– Мен ондағы әріптестеріме өзімнің мектебімнің даму бағдарламасын ұсынып, мектепішілік жоспарлармен таныстырдым. Сонымен қатар, тарих, мәдениет күндерінде өзіміздің мемлекет жайлы баяндадым. Қазақстан қандай мемлекеттермен шектесетінін картадан көрсетіп, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, Астана, ондағы ел мақтанышына айналған көрнекті жерлер, Назарбаев Зияткерлік мектептері туралы слайдтар көрсете отырып, хабарлама жасадым. Онда Фиджи, Лаос, Непал, Тайланд сияқты кішкентай мемлекеттерден келгендер Қазақстанды білмейді екен. Петропавл қаласы, мектебіміз, салт-дәстүріміз, ұлттық ерекшеліктеріміз туралы да әңгімелеп, бейнероликтер көрсеттім. Ұстаздар мен оқушылардың көмегімен дайындап апарған дискілер мен кәдесыйлардың барлығын таратып бердім, – дейді Рәзия Қасымова.
Меймандар Кореяның мектептеріне де барып, сабақ берген. Білім беру жүйесі біздікінен өзгеше. Кореяда 1-6-сыныптар (бастауыш буын болып есептеледі) бір мектепте оқыса, 7-9-сыныптардың директоры да, мектебі де, бағдарламасы да, жоспары да бөлек. 10-11-сыныптардікі тағы басқа. Онда оқушыларды жоғары оқу орындарына түсуге даярлайтын сыныптар мен арнайы мамандықтарға даярлайтын сыныптар бөлек оқиды.
– Біз дуальдық оқыту, яғни оқушы өзінің болашақ мамандығына оқып жүріп бейімделуі керектігі туралы енді айта бастадық. Оларда, мысалы, қонақүйде жұмыс істегісі келетіндердің арнайы кабинеттері бар. Онда тура қонақүйге кірген сияқты боласың. Жатын бөлме, жуынатын бөлме – бәрі шынайы жабдықталған. Сол жерде оқушыға төсекті, бөлмені қалай жинау керектігін үйретеді. Сол сияқты кофені қалай үгіту, оны қалай демдеу керектігін, қонаққа үстел жасауды, ішімдіктерді қалай құю керектігін үйрететін кабинеттер бар. Ал техникалық мамандықты таңдағандар үшін барлық автобөлшектер сөрелерге қойылған. Оқушылар солармен жұмыс істейді. Бір сыныпта оқушылар өздері телефондар, планшеттер құрастырып отырғандарын көрдік, – дейді Рәзия Қасымова.
Қазір мектеп-лицей ұжымының ұстаздары мен оқушылары бірлесіп, Пәкістан және Кореяның мектептерімен қарым-қатынас орнатуды жоспарлауда. Интернет арқылы байланыс орнатылған. Оқушылар бір-бірімен танысып, скайп арқылы сөйлеседі. Мектеп ұжымы келесі жылы қараша айына олардың оқушыларын өздеріне шақырған. Олардың бір-бірімен қарым-қатынасы осылай жалғаспақ. Рәзия Қасымова: “Бұл сапардан алған әсерім ерекше. Біздің Кореяның білім беру жүйесінен үйренетін тұстарымыз да көп. Ол жақта көргенімді саралап, жақсы тұстарын өзімізде пайдалансақ деген ой түйдім”, – деді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.