Қазіргі таңда жалпы орта білімнің инновациялық моделін құру шынайы қажеттілік болып табылады. Аталмыш модель қазақстандық және әлемдік ең озық дәстүрлерді үйлестіруі керек. Сонымен қатар, мектеп қабырғасынан бастап оқушыларды ғылыми-зерттеушілік пен эксперименттік іс-әрекеттерге баулып, халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын және белсенді өмір ұстанатын жоғары білімді тұлғаларды қалыптастыруы тиіс.
Заман талабына сай болу үшін Қазақстанда Назарбаев Зияткерлік мектептері құрылды. Мектептердің міндеті – Қазақстанның зияткерлік мүмкіндігін арттыруға жағдай жасау.
Назарбаев Университеті, Кембридж Университеті, Кембридж Университетінің халықаралық емтихандық кеңесі, Пенсильвания Университеті (UPenn), Халықаралық бакалавриат ұйымы, Педагогикалық бағалау институты (Cito), Джон Хопкинс Университетінің Дарынды жастар орталығы (CTY), Назарбаев Зияткерлік мектептерінің стратегиялық серіктестері болып табылады.
Мектептер базасында білім берудің екі моделі жүзеге асырылуда. Біріншісі – жаратылыстану мен математика ғылымдарын біріктірген эксперименттік бағдарлама. Ол апробациядан өтіп, енгізілгеннен кейін елдің жалпы орта білім жүйесіне трансляциялауға ұсынылады.
Біріктірілген білім беру бағдарламасы нәтижеге бағытталған білім беру моделіне ауысуды қарастырады, яғни білім алудан қабілеттілік пен біліктілікті меңгеруге, оқушылар жетістіктерін субъективті бағалау жүйесінен объективті түріне ауысуды білдіреді.
Екінші білім беру моделі Халықаралық бакалавриат ұйымының философиясы негізінде орта және жоғары сыныптар бағдарламасын жүзеге асырады. 2013 жылы 9 сәуірде Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Дипломдық бағдарлама бойынша Халықаралық бакалавриаттың Әлемдік мектебі ретінде мақұлданды. Дипломдық бағдарлама оқушыларға халықаралық талаптарға сай сапалы білім алуға және әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының студенттеріне қосылуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның ерекшелігі білім берудің біртұтастығын қарастыратын оқыту мен тәрбиелеу үрдістерін біріктіруінде.
Зияткерлік мектептердің мұғалімдер құрамы қазақстандық және шетелдік жаңа кадрлармен толықтырылуда. Қазіргі таңда мұнда 1710 қазақстандық оқытушы мен 195 шетелдік оқытушы жұмыс істейді. Шетелдік оқытушылар арасында Ұлыбритания, АҚШ, Жаңа Зеландия, Канада және өзге елдердің мамандары бар.
Оқытудың инновациялық моделін жүзеге асыру үшін сын көзбен қарайтын, жасампаз және ақпараттық коммуникациялық технологияларға дағдыланған оқытушы қажет. Елімізде жаңа технологиялар мен оқыту тәсілдері бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыратын кең ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі күні аталған бағдарлама шеңберінде 18 мың мұғалім оқытылды. Тағы 120 мың мұғалімді оқыту жоспарланып отыр.
Назарбаев Зияткерлік мектептеріне оқушылар конкурстық іріктеу арқылы қабылданады. Алғаш рет 7-сыныпқа қабылдау 2013 жылғы маусымда “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының Cito және CTY-мен бірлесіп әзірлеген жаңа жүйе негізінде өткізілді. Жаңа конкурстық іріктеу жүйесінің тестілік тапсырмалары білімді тәжірибеде қолдану және оқушылардың жаратылыстану-математикалық ғылымдарды оқып білу қабілеттерін анықтауға бағытталған. Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылар жетістіктерін критерийлік бағалау жүйесін қолданады. Бұл жүйе оқушының пән бойынша алған білімін ғана тексеріп қоймай, сонымен қатар оның жеке тұлғалық дамуын да бағалайды.
Зияткерлік мектептердің тәрбиелік жүйесінің ерекшелігі – балалардың біріккен және ұйымшыл топтарын құруға, жасаралық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты орнатуға, жетекшілік қасиеттерді дамытуға бағытталған “Шаңырақ” атты мектептік қоғамдастықтардың құрылуы. Сонымен бірге “Туған елге тағзым” атты зерттеу және өлкетану экспедициясы, “Discover Kazakhstan” атты ағылшын тілінде шығарма жазу конкурсы, “Ата-аналардың кәсіпорнында 10 күн тәжірибе алу”, “Ауылдағы екі апта” және тағы басқа әлеуметтік тәжірибелер жобалары сәтті жүзеге асырылуда.
Назарбаев Зияткерлік мектептері өз тәжірибесін трансляциялау аясында жалпы білім беретін мектептердің оқушыларына онлайн сабақтар және мұғалімдеріне онлайн семинарлар өткізеді. Сабақтардың мазмұны оқушылардың білімін, қабілеттерін және дағдыларын кеңейтуге және тереңдетуге бағытталған. Ал жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдерін оқытуға арналған семинарлардың мазмұны оларды жаңа педагогикалық технологияларға үйретуге бағытталған. Бүгінгі уақытқа дейін химия, физика, математика және биология пәндері бойынша 1126 сабақ, ал критерийлік бағалау жүйесі бойынша 109 семинар өткізілген.
www.nis.edu.kz ресми веб-сайтында математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндері бойынша “Мұғалімдерге” деп аталатын арнайы бөлім бар. Бұл өз алдына оқытушының виртуалды зертханасы болып табылады. Мұнда зияткерлік мектептердің тәжірибелі мұғалімдері өздерінің сабақ жоспарларымен және әдістемелік жұмыстарымен бөлісіп, бейнесабақтар арқылы тәжірибелік сабақтарды көрсетеді. Сонымен қатар, мұнда критерийлік бағалау, математикалық жарыстар, ғылыми жобалар, ойындар және тапсырмалар бойынша өзекті материалдар бар.
Қазақстанның кез келген өңірінен әр 5 және 6-сынып оқушысы Зияткерлік мектепке виртуалды және демалыс мектептері арқылы түсу мүмкіндігіне ие. Виртуалды мектеп тапсырмаларын сәтті орындаған оқушылар демалыс мектебіне күндізгі оқуға және бейінді пәндер бойынша консультация алуға шақырылады. Қазіргі уақытта виртуалды мектепте Қазақстанның барлық өңірлерінен 4129 оқушы тіркелген.
Зияткерлік мектептердің 11-сынып түлектері SAT-1, SAT-2, SET, IELTS, TOEFL және BCEPT сынды халықаралық емтихандарға қатысады. 2012-2013 оқу жылында 78 оқушы, яғни Назарбаев Зияткерлік мектептердің әр алтыншы түлегі жалпы орта білім туралы үздік аттестатқа және “Алтын белгі” белгісіне ие болды, 135 түлек – Назарбаев Университетіне, 27 түлек – шетелдік жоғары оқу орындарына және ТМД елдерінің университеттеріне оқуға түсті.
2013 жылы бірінен соң бірі Атырауда, Ақтөбеде, Қарағандыда, Таразда, Шымкентте (2 мектеп), Қызылордада және Павлодарда 7 жаңа Назарбаев Зияткерлік мектептері есіктерін айқара ашты. Семейде, Өскеменде, Талдықорғанда, Көкшетауда, Астанада (2 мектеп) және Оралда ашылған Зияткерлік мектептер өз жұмыстарын жалғастыруда. 1 қыркүйекте Астанамызда Халықаралық мектеп ашылды. Таяу болашақта Назарбаев Зияткерлік мектептері Алматыда (2 мектеп), Ақтауда, Қостанайда және Петропавлда ашылады. Әр жаңа мектепте басқа қаладан келген оқушыларға арнап 120 орындық жатын корпустар салынуда. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрылысы және жабдықтандырылуы 2015 жылға қарай аяқталады деп жоспарлануда.
“Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы.