«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЖЕТТІ МАМАНДЫҚТАР БОЙЫНША ТАЛАПКЕРЛЕРДІ ҚАБЫЛДАУ жан-жақты жоспарлауды талап етеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әсемгүл ЕСҚОЖА,

“Ардис” азаматтық бастаманы дамыту институты” ҚБ төрайымы.

ЖОО-ға талапкерлерді қабылдау екі әдіспен жүргізіледі. Біріншіден, мемлекет тарапынан мемлекеттік білім гранттары бөлінеді. ҰБТ және ТКТ-ден сүрінбей өткен түлектер тапсырыс беріп, грант алу үшін конкурсқа қатысады. Екіншіден, ЖОО талапкерлерді коммерциялық негізде қабылдайды. Мемлекеттік ЖОО-ға түсу үшін өту деңгейі 70 ұпайды құраса, басқа жоғары оқу орындарына – 50 ұпайдан кем емес.

Үстіміздегі жылы ҰБТ және кешендік тестілеу қорытындысы бойынша ЖОО-ға түсу құқығын 95965 адам алған (2012 жылмен салыстырғанда – 96947 адам). Солардың ішінде ең жоғары ұпай алғандар білім гранттарын алу үшін конкурсқа қатысты.

2013 жылы барлығы 35053 грант бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда 738 грантқа көп болды.

ҚР БҒМ грант конкурстары туралы ақпаратына сәйкес 2013 жылы мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық басымдықтарына бағдарланған. Әрине, бұл – ең алдымен Елбасы жариялаған үдемелі индустрияландыру бағыты. Бұған қоса, агроөндірістік кешенді дамыту назарға алынған. Мемлекеттік тапсырыс құрылымында педагогикалық кадрларды даярлауға айрықша орын берілген.

Көрсетілген басымдықтар ескеріліп, 12 мыңға жуық грантты (34%) техникалық және технологиялық мамандықтарға беру көзделген. 6700-ден астам грант (19%) – педагогикалық, 2630 грант (7,5%) – ауыл шаруашылық және ветеринарлық мамандықтарына бөлінген. Үстіміздегі жылдан бастап “Дене шынықтыру және спорт” мамандығына қабылдауға 722 грант ұлғайтылды. Барлығы – 1000 грант (2012 жылы – 278). Шетел тілдері мұғалімдерін даярлауға мемлекеттік тапсырыс артты – 1000 грант бөлінді (2012 жылы – 210).

Жоғары білімді мамандарға қажеттілік қалай анықталады?

Бұл қажеттілік Білім және ғылым, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілген жоғары білімді мамандарға экономиканың қажеттілігін болжау әдістемесіне сәйкес анықталады. Жоғары білімді мамандарға қажеттілікті анықтау үшін жыл сайын министрлік барлық салалық министрліктерге, әкімдіктерге, ұлттық компанияларға сұраулар жолдайды. Кадрларды даярлауға ұсынылған қажеттілік министрлікте талданып, мемлекеттік білім тапсырысын қалыптастыру үшін қолданылады.

Осы жерде аталмыш әдістеменің 10 жыл бұрын бекітілгені ғана басты проблема болып тұр. Себебі, мемлекеттік тапсырысты қалыптастырудың нақты критерийлері түсініксіз. Мемлекеттік тапсырыс осы немесе басқа бейінді мамандарға қажеттілікті қаншалықты көрсетеді? Тәжірибе көрсеткеніндей, қолданыстағы кадрлық ресурстарға қажеттілікті анықтау тетігінің әдістемесі айтарлықтай пәрменді емес. Мониторинг жоқ. Тиісінше болжау да, сүйенетін критерийлер де жоқ. Сондай-ақ кәсіпорындар сан алуан. Олар өздері туралы толық ақпарат бермейді және олардың жас мамандарға қояр талабының деңгейі де өзгеше. Тиісінше қолданыстағы әдістер арқылы ақпаратты қаншалықты жинасаң да, бәрі бір дұрыс болжам жасай алмайсың. Бір лауазымды иеленген адамдар әртүрлі мамандық иелері болуы мүмкін. Сонымен қатар үш түрлі лауазымда қызмет атқарып жүргендер бірдей функцияларды атқарулары ғажап емес. Мониторинг жүргізу үшін ең алдымен жиналған ақпаратты бірегейлендіру қажет. Онсыз болжамдаудың қажеттілігі жоқ.

Бұған қоса жиналған ақпараттың сапасы көптеген сұрақ туғызуда. Мамандарға деген қажеттіліктің саны ғана қарастырылады. Ал осы қажеттіліктің сапасы туралы ақпаратты орталықтандырылған түрде жинау әдістері (яғни, біліктілік талаптары, білім жиынтығы, нақты лауазымдар үшін әдістер мен машықтар) мүлдем жоқ.

Менің ойымша, мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру критерийлері мыналар: біріншіден, еңбек рыногындағы осы және басқа мамандықтарға ағымдағы және болашақтағы қажеттілігі (бос орындардың болуы), екіншіден, мемлекеттік бюджеттің оларды дайындауға, қаржыландыруға мүмкіндігі, үшіншіден, жоғары оқу орындарының жоғары деңгейдегі қажетті мамандарды дайындау қабілеттілігі болуы керек.

Бүгінгі таңда, мемлекеттік тапсырыс көлемі экономиканың осы немесе басқа салаларында экономикалық қызмет көлемінің бірдей еместігіне байланысты нақты қажеттіліктерге сәйкес емес. Үйлесімсіздіктің басты себебі – бірыңғай тұжырымдалық ұстанымдар негізінде құрылған заманауи мемлекеттік болжау жүйесінің және стратегиялық жобалаудың болмауы. Нақты мысал келтіретін болсақ, толық жоғары білімді маманды даярлау үшін бес-алты жыл керек. Осылайша 2014 жылы нақты мамандықтар бойынша мамандарды даярлау үшін нақты қабылдау көлемін бекіту қажет, 2013 жылы осы мамандықтарға қажеттілік 2020 жылға дейін болуы керек, ол қазіргі уақытта жоқ. Нақты мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға жауап беретін министрліктер мен ведомстволар қажеттіліктерді анықтап, оны тиісті стратегиялық жоспарда көрсетулері қажет (5-10 жылға). Қазақстанның алдағы 15-25 жылғы даму болжамы (соның ішінде демографиялық даму, ғылыми-техникалық даму, қоршаған ортаның жағдайы, халықтың денсаулығының жағдайы, білім әлеуеті, экономикалық даму және т.б.) қажеттілікті айқындаудың негізі болса құба-құп.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp