«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК СЫНЫПТЫҢ ҚЫЗЫЛЖАРҒА САЯХАТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біржан ҚОЙШЫБАЕВ,

А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің 5-ші сынып оқушылары – аталмыш білім ордасындағы үздік сыныптардың бірі. Бұл сыныпта білім нәрін сусындап жатқан 15 оқушының барлығы өнерлі балалар. Оқушылар мектепішілік іс-шараларға ғана қатысып қоймай, сонымен қатар аудандық, облыстық шараларға белсенді қатысуда. Егер қыз балалар ән айту мен домбыра ойнау жағына жақын болса, ер балалар спорт жағынан алдына жан салмайды. Оқулары да жақсы. Міне, осындай жас жеткіншектердің еңбегін елей білген мектеп әкімшілігі аталмыш сынып оқушыларына қолдау көрсетіп, алғашқы күзгі демалысын қызықты өткізуге өз септігін тигізді.

Жас ұрпақтың, әсіресе, оқушылардың өзінің туған өлкесін біліп өскені жақсы. Қастерлеп қадірлеуге лайық қасиет қонған мекендер мен мекемелер қазақтың әр өңірінде бар. Ал Петропавл қаласында, тіпті көп.  

Сонымен балалардың көптен күткен қуанышты сәті де басталып кетті. 5-ші сынып оқушылары туған өлкені танып білу мақсатында өз саяхатын ең алдымен облыс орталығындағы Абылай хан резиденциясынан бастады. Қуантатыны сол, толық қалпына келтіріліп, жаңаша кейіпке енген хан ордасы 2008 жылы есігін айқара ашқанымен, мұнда әртүрлі мекемелерден ұйымдасқан түрде экскурсияға келушілер ғана емес, қызықтап, өз ынта-ықыластарымен табалдырық аттағандар да аз еместігі байқалып тұр. Балалар бұл мұражайда батырдың өмірінен біршама мағлұмат алып, сол кездегі қару-жарақ үлгілерін өз көздерімен көрді. Кешеннің екінші қабаты Абылай ханның өткені, балалық шағы, жауынгерлік кезеңі, ақ киізге салып хан көтерілуі, өмірден өтуі секілді тарихи құжаттармен өрнектелген. Ең бастысы Абылайды Абылай еткен Аңырақай шайқасы туралы танып, білді.

Оқушыларға, әсіресе, мұражайда қойылған жәдігерлердің арасында Моңғолия жерінен тауып әкелінген 1869 жылғы дулыға аса ұнады. Сондай-ақ түпнұсқа күйінде сақтаулы қылыш, сауыт, найза, айбалта, торсық, шоқпар, адалбақан сияқты жәдігерлер де ерекше әсер қалдырды.

Саяхаттың келесі аялдамасы облыстық бейнелеу өнері мұражайы болды. Бұл ғимаратта оқушылар еліміздің атақты суретшілерінің шығармаларымен танысып, көздің майын тамызатын туындыларды тамашалады. Мұражайдың негізгі бөлігінде атақты суретшілер Владимир Фаворский, Георгий Поплавский, Рудольф Хачатрян және т.б. шығармашылығы көрсетілген графика бөлімін және кескіндеме бөліміндегі Қазақстан шеберлері Әбілхан Қастеевтің, Николай Хлудовтың, Әбубәкір Ысмайыловтың, Жанатай Шәрденовтың және т.б. жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ Қазақстан, Армения, Ресей суретшілерінің мүсіндемелік еңбектері және кескіндемелік шығармаларын, қазақ, орыс, украин халқының сән және қолданбалы өнер туындылары жинақталған бөлімді де аралады.

Саяхат барысында оқушылар балалар шығармашылығы жұмыстарының топтамасына ерекше көңіл бөлді десем артық айтқандық болмас. Себебі, өздеріндей ұл-қыздардың суреттеріне қарап, авторлар қиялының шексіздігіне таңғалды. Егер суретшілер туындыларының бірінде табиғаттың әсемдігін бейнелесе, екіншісінде өмірде кездеспейтін құсты салған. Балалардың бұл күнгі саяхатын ауа райы да қолдағандай, күн көзі де жарқырап, жайма-шуақ нұрын төгіп тұрды.

Одан соң оқушылар өңірімізге танымал “Ботаникалық баққа” ат басын тіреді. Бұған дейін тек теледидардан ғана көрген ананас, кокос, апельсин ағаштарын көзімен көріп, қолымен ұстаған оқушылар бұл қиял-ғажайып кешеннен ерекше әсер алып қайтты. Бүгінде бақта 200 мыңнан астам өсімдіктің түрі бар екендігін, олардың кейбіріне жойылып кету қаупі төнгенін біліп, бақтың қоршаған ортаны қорғаудағы маңыздылығын түсінгендей болды.

Ал түскі астан кейін балаларды облыс орталығында “Созвездие” ойын-сауық кешені қарсы алды. Онда балалар боулинг ойынын үйреніп, өзара сайыс ұйымдастырды.

Күні бойы Петропавл қаласын армансыз аралап, мол әсер алып қайтқан оқушылар естен кетпес саяхатқа жолдама берген мектеп директоры Ертай Оспановқа алғыстары шексіз. Алдағы уақытта оқу үлгерімдерін бұдан да жоғары дәрежеге жеткізуді мақсат еткен оқушыларым енді әрбір қазақстандықтардың арманы болған сұлу қала – Астанаға саяхат жасауды жоспарлап отыр.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp