«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ БІРЛЕСІП ШЕШПЕКШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазақстан экономикасының тиімділігін арттыру мақсатында биыл “Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы” және оның өңірлік филиалдары құрылған еді. Жаңадан құрылған ұйым кәсіпкерлер мүддесін қорғаумен қатар, өңір бизнесінің дамуына ықпал етуге тиіс. Осыған байланысты өткен аптада СҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасы өзінің тұсаукесерін жасап, жиын өткізді.

– Біз 21 қарашада тіркеуден өттік. Бүгінгі мақсат – кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнату, олар үшін өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешуге шақыру. Сондықтан кез келген кәсіпкер өзін толғандырған мәселелерді бізге жолдап, оның заң шеңберінде шешілуін талап ете алады. Сондай-ақ әр ауданда филиал құрылады. Осылайша ауылдық жерден бастап, республика аумағына дейін отандық кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігі белгілі болмақ. Өзекті мәселелердің шешімді жолын табумен палатаның білгір мамандары айналысады, – деді СҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина.

“Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы” – коммерциялық емес ұйым. Ол Қазақстанда тіркелген барлық кәсіпкерлік субъектілердің міндетті түрде мүше болу қағидаты бойынша құрылған. Заң жобасына сәйкес онда міндетті мүшелік жарна төлеу тәртібі және оның ең жоғары мөлшері белгіленетін болады. Жарналық төлем 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап жүргізіледі. Әзірге палата демеушілердің қаржысына өмір сүруде. Облыстық палатаның құрамы белгіленген, ал аудандық филиалдардың құрамы жыл соңына дейін белгілі болады. Кәсіпкерлердің өңірлік палатасының жұмысын бақылаушы кеңестің құрамы да айқындалған, оған 20 кәсіпкер мүше.  

Кәсіпкерлер палатасының негізгі қызметтері – кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және мүдделеріне өкілдік ету; кәсіпкерлікті қолдау және дамыту; техникалық және кәсіби білім беруді дамыту және кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру, сертификаттау және аттестаттау; мемлекеттік органдардың жұмыстарын бағалау; отандық өндірісті және ұйымдардың сатып алуында жергілікті үлесті арттыруды қолдау; кәсіпкерлік субъектілерінің сыртқы экономикалық қызметі, инвестиция және экономиканың әртараптандырылуы.

Осы күнгі басқосуда өңірлік кәсіпкерлер палатасының экономикалық, заңгерлік, әлеуметтік бағыттардағы мамандары жұмыстың қалай жүргізілетіндігін егжей-тегжейлі баяндады. Сондай-ақ олар жиналған қауымның сауалдарына жауап берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp