«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРЛІНІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл аудандық музыка мектебінің Мәдениет үйіне көшірілгеніне бір жыл болды. Бұған дейін көшіп-қонып жүрген ұжым тұрғын үйді жалға алып, отынын дайындап, пешін де өздері жағып, тірліктерін жасап келгенді. Енді, міне, Мәдениет үйінің бір жақ қанатына жайғасқан олардың көңілдері орнығып, өз таланттарын жан-жақты көрсетуге мүмкіндік алды. 2008 жылдан бері аталмыш өнер ортасына басшылық жасап келе жатқан Жәдігер Әлтаев өз сөзінде музыка мектебінің Мәдениет үйіне көшірілуінің екі жақты тиімділігі бар екенін айтады. Біріншіден, мәдениет ошағындағы мерекелік бағдарламаларда жас ұжымның шығармашылық атсалысуы дәстүрге айнала бастаса, екіншіден, аға буынның өнерпаздығына қарап, жас жеткіншектер де талпына түседі.

– Бүгінде кез келген ата-ана баласын бос уақытын тиімді пайдалануға үйретеді. Сондықтан біздің мектепке келушілердің қатары жылдан-жылға арта түсуде. Сондай-ақ жас жеткіншектердің өздері де өнерге жақын бола түскен. Бұрын мектебімізге жас таланттарды өзіміз іздеп, әлек болсақ, бүгінде ата-аналар балаларын өздері жетектеп әкеледі, – дейді мектеп директоры.

Бұл – Есіл ауданындағы жалғыз музыка мектебі. Биылғы оқу жылында онда 79 оқушы өнерпаздыққа баулынуда. Сондай-ақ оның Корнеевка мен Петровка ауылдарында бөлімшелері бар. Онда да бірнеше жасөспірім тәрбиеленуде. Мұндағы фортепьяно, домбыра, гитара, аккордеон, флейта сыныптарында шәкірттер толық. Мектеп ұжымының қобыз сыныбын ашпақ ойлары болғанымен, ол қаражатқа тіреліп, шешілмей отыр. Ұжым басшысы қобызшылар сыныбын ашса, оны үйренуге тілек білдірушілердің қатары қалың болатынына сенімді. Есілдіктердің бұл мектептің табалдырығын аттау үшін олардың алдын ала жазылып қоюына тура келеді. Ұстаздар штатының шектеулілігі және қаржының мөлшері мектеп шәкірттерін 80 баладан асыруға мүмкіндік бермейді.

Жас өнерпаздар ұжымы ауданның, облыстың сахна төріне шығып, өнерлерімен жұрттың ілтипатына бөленіп, таланттарымен қазылар алқасын сүйсіндіріп, жүлделі орындарды иеленіп те жүр. Олардың қатарында Мәдина Ебікеева, Мейірбек Жүсіпбеков, Зарина Құрсарина, Кәмила Мұқанова, Жансая Мәрленова, Дәмеш Рамазанова, Алпамыс Жәдігерұлы, Аня Кожевникова, Валерия Щебетова сынды дарынды жеткіншектердің есімдері ерекше аталады. Өнерпаз ұстаздар сайысында да бұл мектептің тәлімгерлері жоғары біліктілігімен және табиғи таланттарымен әріптестерінің алды болып келеді.

– Корнеевкадағы бөлімшемізде Татьяна Елькина, Ирина Голубева сынды ұстаздарымыз талай баланың талабын ашып, жылдан-жылға өз шеберліктерін көрсетіп келеді. Олардың сабағының өзі ғылыми деңгейде өтеді. Бұрын бізде оқып, өнер жолын әрі қарай жалғастырған кейбір шәкірттеріміз бүгінде ортамызға тәлімгер болып оралуда. Мәселен, Елена Маликова Мәдениет үйінде жұмыс істей жүріп, біздің мектепте хордан сабақ береді, – дейді Жәдігер Есмағзиұлы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: ұстаз Е.Маликова шәкіртімен бірге.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp