«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРЕНДЕРДІ ЖЕТЕЛЕП ӨНЕР ЖОЛЫНА…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлнәр Құсайынова осыдан жеті жыл бұрын біздің мектепке жұмысқа орналасқан кезден-ақ өзінің жылы қоңыр даусымен, сыпайы мінезімен, біліктілігімен, өз пәніне деген сүйіспеншілігімен ұжымды баурап алғантын. Сонда біз оның ұстаз болуға жаралған жан екенін аңғарған едік. Енді бүгін оған тіптен көзіміз жетті.

Гүлнәр Қуанышбайқызы бала күнінен музыкаға жақын өсіпті. Туған жері Бексейіт ауылы болса да, баланың жаратылысында ерекшелік бар екенін аңғарған ата-анасы оның қалада оқығанын жөн көріп, 1-ші сыныптан бастап облыс орталығындағы №2 қазақ мектеп-интернатына береді. Интернатта оқып жүрген жеткіншек өңіріміздің білім беру мекемелеріне дарындыларды іздеп шығатын музыка мектебінің мұғалімдерінің көзіне шалынады. Осы өмір кезеңін айтқан кезде әріптесіміз: “Музыка мектебінде сол кездері домбыра сыныбы болмады да, менің қолыма приманы ұстатып, сол аспапқа баулыды”, – дейді күліп. Өнерге осылайша біртабан жақындаған Гүлнәр Қуанышбайқызы осы бағытта өзінің өмір жолын жалғастырады. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтында музыка пәнінің маманы бойынша дәріс алған Гүлнәр Құсайынова өзінің ұстаздық еңбек жолын Мамлют ауданының Қызыләскер ауылындағы музыка мектебінде бастайды. Онда ол 13 жыл еңбек етеді. 1996-2006 жылдар аралығында Қызылжар ауданының Архангелка ауылындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған Балалар үйінде өз саласы бойынша жұмысын жалғастырады. Ал 2006 жылдан бері ол біздің қатарымызда, яғни облыс орталығындағы №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатында музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.

Гүлнәр Қуанышбайқызы анасы Шәрбану Бәйкенқызының елге сыйлы, ұрпақ тәрбиесінде үлкен еңбек сіңірген ұстаз болғанын сөз еткен кезде өзінің ардақты анасына қарап, ұстаздықты таңдағанын айтады. Тіпті, Целиноград қаласындағы жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезде оның өнер жолын әншілікке, әртістікке қарай бұрғысы келген тәлімгерлер болған. Бірақ анасының жолын, оның ақылмен айтқан сөздерін әрдайым жадында ұстаған ол өз мақсатынан жаңылмайды.

Кез келген ұстаз шәкірттерімен бағдарлама бойынша, жалпыға ортақ жоспар негізінде жұмыс жүргізеді. Алайда, қайсыбір баланың табиғи талабын байқаса, оны әрі қарай дамытуды өзіне міндет санайтын да ұстаздар бар. Ал өнерлі жанға ұстаздың, яки тәлімгердің ұлағатымен қанат бітері сөзсіз. Талабы бар баланы көпшіліктің алдына шығарып, өнерін еркін көрсетуге баулыған ұстаз оның екінші тынысын ашады. Ал біздің мектепте білім мен тәрбие алатын балалардың даму деңгейін ескерсек, мұндағы ұстаздардың атқарар жүгі, тіпті, ауыр. Сондағы ауыртпалықтарға мойымайтындардың бірі – Гүлнәр Қуанышбайқызы. Ол – талай баланың талабын, қабілетін дөп басып, оның бойына сенімділік ұялатып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде орасан зор еңбек сіңіріп келе жатқан жан. Жалпы біздің мектепте өнерпаздықтың бала мінезіне оң нәтиже беретіні анық аңғарылады. Мәселен, балалар мәжіліс залына жиналып, концерттік бағдарламаларға дайындалған кезде оқушылар әдептілік, мәдениеттілік, тілалғыштық жағынан алдарына жан салмайды. Тіпті, біздің ұжымда Гүлнәр Қуанышбайқызы мінезі қиын баламен жақсы жұмыс істей алады деген түсінік қалыптасқан. Ән мен әуен баланың жан дүниесін тазартып, мейірімділікке баулиды. Музыкаға әуестенген баланың денсаулығы мен мінез-құлқы жақсарады. “Музыка – сиқырлы күш” деп босқа айтпаса керек. Біздің мектепте психологиялық дамуы жағынан тежелген балалар көп тәрбиеленеді. Олардың кейбірі сабақтарын дұрыс оқи алмаса да, өнерге жақындығы болса, сол жағынан жақсы жетістіктер көрсетуі мүмкін.

Ұжымда өзінің ойып алар орны бар Гүлнәр Қуанышбайқызы облыстық Білім басқармасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен талай рет марапатталды. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің “Балдәурен” байқауында оның шәкірттері жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Өткен жылы ұлағатты ұстазға облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының дипломы табысталса, биыл VIII республикалық балалар шығармашылығы “Жұлдыз-ай” фестивалінің сертификаты берілді. Ол шәкірттерінің көкірегін оятып, музыкаға, әнге деген дүниетанымдарын кеңейтіп, өнердің қыр-сырын терең түсінуге үйретеді, тәрбиелейді. Мәселен, Жұлдыз Сәлікова 2011 жылы “Жұлдыз-ай” фестивалінің Гран приін жеңіп әкелсе, “Әуен” вокалдық тобы облыстық деңгейде жақсы өнер көрсетті. Былтырғы “Жұлдыз-ай” фестивалінде III орын Әлбина Нұрғожинаға бұйырған. Бүгінде оның тәрбиесінде болып, өнер жолына жолдама алған Нұргүл Сәлікова мен Абзал Махметов облыс орталығындағы Өнер колледжінде білім алуда. Аталмыш өнер ордасына Әлбина Нұрғожина биыл түсті. Облыстағы талапты балалардың шығармашылығын насихаттауға арналған облыстық “Жарқын болашақ” байқауында Елдар Махметов өте жақсы өнер көрсетіп, “Әнші бұл-бұл” аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Осылайша, Гүлнәр Қуанышбайқызының оқушылары үздік оқып, үлкен жеңістерге жетіп, оқу гранттарына ие болып, биіктерден көрінуде. Бұл, әрине, ұстаз мерейі. Отыз жылдан артық ұстаздықтың тұғырында жүрген Гүлнәр Қуанышбайқызы сияқты мамандармен әріптес болғанымызды қашанда мақтан тұтамыз.

Гүлмаржан САҒЫНАЕВА,

№1 арнайы (түзету) мектеп-интернаттың мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp