Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жуырда Тайынша қаласында жаңа нысан пайдалануға берілді. Ол – Көкшетау қаласы “Әскерилендірілген темір жол күзеті” АҚ-ы филиалының Тайынша стансасындағы атқыштар командасының қызмет ғимараты.
Қызмет ғимаратының алдына алдымен 30 адамнан тұратын атқыштар командасының жеке құрамы сап түзеді. Ғимараттың ашылуына байланысты “Әскерилендірілген темір жол күзеті” АҚ-ның президенті Темірбай Ахметов сөз сөйледі. Аудан әкімінің орынбасары Жанар Алданова да атқыштар командасының жеке құрамын қуанышты сәтпен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Осындай жылы лебіз білдіріле айтылған тілектер одан кейін де жалғасын тапты. Одан әрі салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.
Айта кету керек, аталған атқыштар командасының алдына қойылған міндет жауапты. Себебі, олар белгілі бір жерге қымбат жүктер мен тауарларды алып барумен, олардың талан-таражға түсуіне жол бермеумен айналысады. Бір қолайлысы – пайдалануға берілген ғимарат темір жол стансасына жақын маңда орналасқан. Бөлмелердің барлығы компьютерлермен, байланыс құралдарымен толықтай жабдықталған. Демалып, тамақтанатын тұрмыстық бөлмелер де көңілден шығады. Ғимараттың алды да көз тартарлық: өрнектас төселген, жағалай отырғызылған қарағай мен шырша да сән беріп тұр.
Тайынша қаласы.