Жоламан ШАХАНОВ.
Ауылда тұратын Әлтай дегеннің қызы ертеректе Алматыға бір айлық оқуға барса керек. Қыз емес пе, дүкен аралап, базар аралап жүріп, көзін қызықтырған жемістерден үйіне посылка салып жібереді. Оқуын бітіріп, үйіне келгенде қарсы алған шешесі:
– Қызым, посылкаңды алдық, алмасын жедік, кәмпиттерің де тәтті екен. Бірақ жапырағы қауқиған ана бір гүліңді қалай отырғызатынын білмедік. Не тамыры жоқ, не сабағы жоқ. Сосын сен келгенше қурап қала ма деп суға салып қойдым, – дейді терезенің жақтауын нұсқап. Қызы шешесі нұсқаған терезеге қарап:
– Ой, апа, бұл гүл емес, ананас қой. Әлгі кереметтер керемет той жасағанда үстелдеріне қоятын құнды жемістің бір түрі бұл, – дейді. Сонда шешесі:
– Е, қызым-ау, біздің көзіміз картоппен ашылған. Ананас деген жемісіңді қайдан білеміз, – десе керек.