«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСПАН АСТЫ ЕЛІНДЕ ОҚИТЫН ТІЛЕГЕН әскери дәрігер мамандығын таңдады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бүгінде экономикасының дамуы жағынан әлемнің көшбасшы елдерінің қатарына қосылған Қытай Халық Республикасы қай салада болсын таңдай қақтырмай қоймайды. Әсіресе, медицинасы дәуірлеп тұр. Тибеттің жұмбақ емшілігімен астасып жатқан Аспан асты елінің бүгінгі медициналық жетістіктеріне өркениетті озық елдердің өзі тәнті болуда. Осындай әлемдік дәрежеде танылған олардың емшілік тәжірибесінен кімнің сабақ алғысы келмейді дейсің?! Алайда, қытайлықтар ұлттық құндылықтарының біріне саналатын ежелгі халықтық емшілік сырларының құпиясын сақтап, оны оқытып, үйретуге құлықты емес. Ол еларалық ортақ мүдделік шарттарының арқасында ғана мүмкін болып отыр. Сондай көршілес елдердің Қорғаныс министрліктері арасындағы өзара келісімге сәйкес қазақстандық жастардың Шанхайдағы екінші әскери медицина университетінде дәріс алу мүмкіндігі туды.

Осындай екінің біріне бұйыра бермейтін қалаулы таңдау біздің жерлесіміз – жас өрен Тілеген Әбдірахиевке бұйырыпты. Ол оған Алматы құрылқ әскерлері институтының таңдаулы студенттерінің бірі ретінде іліккен.

– Осы институттың аудармашылық бөліміне түскен едім, онда бір жылдай оқыдым. Сонда жүргенде Қытайда оқуға іріктеу жүріп жатқаны хабарланды. Үлгерімі үздік курсанттардың бірі болғандықтан, бағымды сынамаққа ниет етіп, өз келісімімді берген өтініш жаздым. Өзіміздің институттағы қытай тілі мамандары алдын ала бізбен әңгіме өткізді, содан кейін бір аптадай қытайша дәріс беріп, тіл сындырды. Сосын оған ебімізді сынаған сынақта екінші орын алып, қабылданатындар тізіміне ендім. Одан соң комиссия жеке қабылдау жасап, таңдауымызға Қытайдың түрлі қаласындағы төрт мамандықты ұсынды. Әрине, оның барлығы әскери мамандықтар екені белгілі. Менің таңдағаным үш түрлі техникалық мамандықтың бірі де емес, Шанхайдағы әскери медицина мамандығы болды, – дейді Тілеген.

Сөйтіп, Алматы құрлық әскерлері институтының сегіз курсанты өткен жылғы шілде айында Астанадағы Қытай елшілігінде болып, ондағы әскери өкілдермен әңгімелесуден өтті. Сегіз курсанттың ішіндегі таңдаулары бірге түскен қарағандылық Ерлан Ысмайылов екеуі Шанхайға аттанды. Қытайға тамыздың соңғы күні ұшып жетті. Шетелде тұңғыш болған Тілегеннің құмырсқаның илеуіндей құжынаған мұндай қаланы бірінші рет көруі. Десе де 25 миллионнан астам халқы бар Шанхай көк тіреген зәулім үйлерімен және атақты ЯнЦзы өзенінің теңізге құятын сағасындағы ірі портымен ерекше көзге түседі екен.

Шанхайда оларды әскери медицина университетінің өкілі әуежайда қарсы алды. Қазіргі оқу курсындағы командир де сол. Алматыдағыдай курсанттар мұнда казармада емес, жатақханада жатып оқиды екен. Бір бөлмеде төрт жігіт тұрады. Жанындағы жолдастары – Оңтүстік Азияның Лаос, Камбоджа және Ауғанстан елдерінен келген курсанттар. Әрқайсысы өз елінің әскери киімімен жүреді. Бірінші жылы таза қытай тіліне оқытылады. Ал медициналық мамандыққа оқытуды екінші курстан бастайтын көрінеді. Әзірге сырттан келгендер бөлек дәріс алып жатқан болса, қытай тілін біршама меңгергеннен кейін екінші курстан бастап жергілікті курсанттармен бірге мамандық сабақтарын игеруге кіріседі.

Алғашқы семестрлік оқуын сәтті аяқтаған Тілеген жуырда туған жерінде демалыста болып қайтты. Оны осы елге келген кезінде жолықтырып, әңгімеге тартуымыздың сәті түсті. Одан білгеніміздей, талапты өрен Есіл ауданындағы Өндіріс ауылында туған. Осыдан он екі жыл бұрын отбасылары облыс орталығына қоныс аударған екен. Үшінші сыныптан бастап Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта оқып, оны жақсы үлгеріммен бітіріпті. Үш пәннен ғана төрттік бағасы болды, қалғанын үздік бағаға оқыды. Әсіресе, ағылшын тіліне деген ынтасы жоғары болатын. Алматының әскери институтының аудармашылық бөліміне түсуі себебі де сондықтан.

Бүгінде алыста жүрсе де, өзгелердей отбасына қатты сағынышын сездірмейтін сабырлы қасиеті оның бойына жастайынан интернат тәрбиесін көргенінен сіңсе керек. Осындай алаңсыз жайдың көңіл күйі мен оқу үлгеріміне де әсері бар. Алғашқы семестрді жақсы аяқтады, сондай-ақ институтішілік шараларда белсенділігімен танылған оны оқу орнының басшылығы сырттан келген бірінші курс курсанттарының командирі етіп тағайындады.

– Анам Алфера демалысқа келгелі бар жылы-жұмсағын менің аузыма тосты. Сірә, Қытайдың тамағын сүйсініп жемейтін болар деп ойлайтын шығар? Оның үстіне ол жақта түрлі жорғалауыштар жейді дейтін де әңгіме бар ғой. Мен оған олардың тамағының да жақсы екенін айтсам, сеніңкірей қоймайды. Тек оңала түскен бой-басыма қарап, шүкір ететін сияқты. Шынында да, онда барғалы 7-8 килограмм салмақ қосқаным рас. Үш мезгіл жақсы тегін тамақ береді, негізгі тамағының күріш екені белгілі, мұсылман жігіттеріне шошқа етін қоспайды, жеке дайындайды. Әрине, тамақтарының көбі біздікінен сәл ащылау болатыны рас, ол сол төңіректегі азиялық елдердің бәріне тән. Сосын біздегідей қасық пен шанышқы пайдаланбай, қос таяқшамен жейміз. Қазір бәріне үйреніп кеттік, – дейді ол.

Тілеген мен Ерлан – Қытайдың екінші әскери медициналық университеті деп аталатын оқу орнында дәріс алып жатқан алғашқы қазақ балалары. Екеуінің екі бөлмеде тұратыны болмаса, демалыс күндері бірге жүріп, қаланы бірге серуендейді. Универистеттің ай сайынғы стипендиясы – 500 юань, ол 11 ақпанға дейінгі бағам бойынша 12 500 теңге шамасында. Оның өзі қалта шығынына толық жетеді. Университетте не керектің бәрі бар, сондықтан демалыс күндері ұйымдасқан түрде болмаса, қалаға онша шыға да бермейді. Қазақстандық курсанттардың бір аңғарғаны, қытайда сырттан келгендерді қатты сыйлайды, қалада еркін жүріп-тұруларына еш кедергі жоқ.

Университетте оқу мерзімі – алты жыл, оның бір жылы толық қытай тілін меңгеруге кетеді. Төлеген бірінші семестрдегі сегіз пән бойынша жүз пайыздық үлгерімге жетті. Тіл және тарих пәндерінен басқа да әскери сап түзеу және дене шынықтыру сабақтарынан өз курсында алдына жан салған жоқ. Екінші семестрден бастап тағы бірнеше пән қосылмақшы.

– Қытайдың бір иероглифі – бір сөз. Онда барлығы 40 мыңнан астам осындай таңба қолданылады екен. Соның 5 мыңы еркін жазып-сөйлеуге жететін көрінеді, өзімнің әзірге игергенім – 1 мыңдай иероглиф. Алла жазса, алдағы бес жылда біршама төселіп кететін шығармын, – дейді Тілеген.

Алғашқы демалысын Қытайдың жаңажылдық мейрамында алған Тілеген ақпанның қақаған суығында Петропавлдағы отбасының ортасында болды. Оған, әсіресе, классикалық гимназияның бірінші сыныбында оқитын қарындасы Томиристің қуанышында шек болған жоқ. Ағасынан алыстағы Қытай, ол оқитын Шанхай қаласы туралы көп білгісі келеді, оның сол жақтан әкелген суреттерін және сыйлықтарын тамашалайды. Ал әпкесі Эльвира мен анасы Алфера оны тағы алыс сапарға шығарып салды. Тілеген әскери дәрігер болып, біржола елге оралғанынша олар оны жылына екі рет осылайша сағына қарсы алып, қимай шығарып салып тұратын болады.

СУРЕТТЕ: Т.Әбдірахиев.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp