Теңдік ШАРИШЕВА,
Дүйсеке орталау мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Мағжан Жұмабаев ауданының Дүйсеке орталау мектебінде жерлес ақын Ерік Асқаровтың туған күніне орай оқушылар оның ауылда қазір тұрып жатқан туыстарымен, сыныптастарымен кездесу өткізді. Оқушылар Ерік ағаларының қандай жақсы адам, мектепте талапты, талантты шәкірт болғаны, ағайынға қадірменді бауыр болғаны туралы қонақтардың әңгімелері арқылы мағлұмат алды.
Осы кездесуде Ерік Асқаровтың ағайыны Болат Акбаровтың айтқан естелігінен: “1977 жылы Еріктің ағасы Айдар Мұсатаев Калинин атындағы кеңшардың сауын сиырын бағатын. Сол жылы жазда ол үй салмақшы болып, кей кезде мал бағуға өзінің орнына ауылда демалыста жүрген Ерікті жұмсайтын. Мал қорасының жанында малшыларға арналған вагон-үйшік бар еді. Оның ішінде “Қызыл бұрыш” болатын. Онда газеттер жатушы еді. Қолы босаған кезде Ерік газеттердің бетіне малшыларға, сауыншыларға арнап өлең жазушы еді. Өлең жазуға ерінбейтін, әрі қолма-қол жазып тастай беретін. Мал күзетінде жатып, сол өлеңдерді жаттай беруші едім. Қазір біразын ұмыттым. Бұл өлеңдер ақынның өлең жинақтарына енбеген.
Бірінші өлеңі – жайылымның аздығынан малшылардың ауыр жұмысы туралы. Еріктің бұл өлеңі әзіл ретінде жазылғанымен, онда астарлы шындық бар еді:
Өлсек те, Лесхоз бізге жер бермейді,
“Писаревка “әрі кет”, – деп өңмеңдейді.
Жақсылық жайылымға жоламайды,
Бригадир ағатай да бір келмейді.
Сонда біз сегіз малшы өлеміз бе?
Тағдырдың жазғаны, деп көнеміз бе?
Аз жердің қурай-шөбі таусылған соң,
Аттардың жалын жұлып береміз бе?
Екінші өлеңі – құрдасы Елтай Төлеевтің Шапыраш атты жылқысы суға батып өлгенде, (Елтайды елде Ботай деген атпен біледі) Елтайдың атынан жазған әзіл өлеңі еді:
Сен Шапыраш, мен Ботай болған күнде,
Семіріп, қазы-қарта толған күнде,
Зымырап Құлагердей бәйгеде өлсең,
Шіркін-ау, болмас еді арман мүлде!
Суырып топтан озған жүйрігім-ай,
Құлпырған күлте-жібек құйрығың-ай!
Көзіңді ақшиттың да өліп кеттің,
Құдайдың қарай көрші бұйрығын-ай!
Шапыраш, жаз жайладым, қыс жайладым,
Сыртына қызды ауылдың көп байладым.
Шапырыш мерт болды деп естігенде,
Жата қалып ойбайладым, ойбайладым.
Түсімде саған қасқыр алдырған ем,
Қос сыртына суытып, қалдырған ем.
Ақыретте кінәм болса, кешіре көр,
Мен де бір атқа құмар балдырған ем.
Осы екі өлеңі жинақтарға кірмей қалғандықтан, газет оқырмандарына ұсынып отырмыз. Өкінішке қарай, біраз өлеңдері ұмыт қалған екен.
Бір дана адам айтқан екен: “Өткенге өкінбе, болғанына қуан” деп. Әрине, ағамызды сағынамыз, бірақ Алланың ісіне шара жоқ дегендей, осындай ағамыздың болғанын мақтан тұтамыз.
Мағжан Жұмабаев ауданы.