Өткен аптада өңірімізде онға жуық өрт тіркелді. Құрбандар мен зардап
Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылының тұрғыны өзінің 67-інші туған күнін тойлай алмады. Ол өз үйінен шыққан өрттен қаза тапты. Жергілікті тергеушілердің айтуынша, өрт пешті пайдаланудағы қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамаудан туындаған.
Петропавл қаласының 2-інші Косогор мекенжайы бойынша тұрғын үйде екі нәзік жан отқа оранған. Біреуі 1955 жылы дүниеге келсе, екіншісінің жасы анықталуда. Басықасында болған адамдардың айтуынша, жапа шеккендер құрбылар болып шықты. Олар ішімдікке де кет әрі емес екен. Болжам бойынша өрттің шығуына шылым шегудегі салғырттық себепкер болған.
36 жастағы петропавлдық жұмыстан келе жатып, Горький көшесінің бойында орналасқан үйінің кіреберіс есігінің астынан түтін шығып жатқанын байқаған. Есікті ашқан уақытта оның бетін от шарпып өтіп, үйге кіруге бөгет болған. Ер адамды күйік шалған. Бірақ ол берілмеген. Себебі, ол үйде балалары барын білген. Шынымен де үйде ер адамның 5 жастағы ұлы мен құндақтағы нәрестесі қалған. Балалардың анасы ол уақытта үлкен ұлымен бірге үйден шығып кеткен. Отағасы төргі үйдің терезесін сындырып, үлкен ұлы терезе арқылы інісін әкесіне беріп, өзі де аман қалған. Ол қиын жағдайда әкесі сияқты ержүректілік танытып, өзі мен інісінің өмірін алып қалды. Бауырларының денсаулықтарына зиян келмесе, әкесін күйік шалып, ауруханаға жатуына тура келді. Жорамал бойынша төтенше жағдай бейтаныс адамның отты абайсыз қолданғанынан пайда болған.
Уәлиханов көшесі, 10-ныншы үйдің тұрғыны 42 жастағы петропавлдық күйіктен жарақаттанған. Көпқабатты тұрғын үйдің 1-інші қабатында тұратын ол мас күйінде қолында тұтанған шылымымен ұйықтап қалған. Ер адам денесінің қатты ауырғандығынан оянған. Оның киімдері өртеніп жатқан. Жапа шегуші қазіргі таңда ауыр жағдайда облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.
Облыс орталығының Карьерный көшесіндегі гаражда тұрған “ВАЗ-2106” автокөлігінің қозғалтқыш бөлігіндегі сымның тұйықталуынан от шыққан. Өрт гараждың шатырын, төбенің үстіңгі жабынын, отын қора мен көліктің өзін құртқан. Сондай-ақ тілсіз жау монша мен шаруашылық қосындардың шатырын зақымдаған.
Жамбыл ауданының Новорыбинка ауылындағы жеке қосында 1,5 тонна сабан өртке оранды. Белгісіз қаскүнемдер үй иелері ұйықтап жатқанда түнде бір маяға өрт салған. Өрт үйге қарай беттеген. Абырой болғанда отты №11 бөлімнің өртсөндірушілері ауыздықтап үлгерген.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.