М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де музыка-педагогикалық факультеті ұжымының ұйымдастыруымен “Таңшолпан” облыстық ән байқауы болып өтті. Онда университет пен өнер колледжінің студенттері, қазақ-түрік лицейінің, №1, №4, №23 орта мектептердің, “БЭСТ” гимназиясының оқушылары, сонымен қатар Есіл, Аққайың және Мамлют аудандарының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.
Гүлден ЖАМБЫЛОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 1-курс студенті.
Өнер додасына қатысушылар қазақ, орыс, француз және түрік тілдерінде ән салды. Сахнада халық әндерімен қатар осызаманғы туындылар да шырқалды. Қатысушылардың қай-қайсысы болмасын өздерінің белсенді, талантты екенін дәлелдеуге тырысты. Ал көрермендер мен үміткерлердің жанкүйерлері олардан қошеметтерін аямай, байқаудың қызықты өтуіне үлес қоса білді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені СҚМУ-дің музыка-педагогика факультетінің студенті Дмитрий Самодуров, бірінші орынды осы факультеттің студенті Медет Ибадуллаев пен өнер колледжінің үшінші курс студенті Иса Әлимұсаев жеңіп алды. Бірқатар үміткерлер “Көрермен көзайымы” және “Жарасымды жұп” аталымдары бойынша марапатқа ие болды.
Талантты жастарды қолдау, вокал жанрын дамытуды мақсат еткен аталмыш байқау биыл бесінші жыл ұйымдастырылды. Бұған дейін байқауға университет студенттері ғана қатысатын, биыл алғаш рет облыс көлемінде өтті.
Концерт соңында байқау жеңімпаздарына дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.