“Саламатты Қазақстан – 2015” мемлекеттік бағдарламасының аясында облыстық онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасы құны 320 млн. теңгенің “Оптима -600” компьютерлік томографымен толықты.
АҚШ-та жасалған заманауи қондырғы обыр ауруының белгілерін жедел түрде анықтай алады. Онкологиялық ауруларды емдеуде таптырмас құрылғы 2013 жылы шығарылған.
Өңіріміз республикада обыр дерті бойынша алдыңғы қатарда екендігін ескерсек, бұл компьютерлік томограф сырқатты еш қиындықсыз ерте кезде анықтап, науқасты емдеуде де тиімді. Дәрігерлер бұл аппаратты қолданудың тәсілдерін Беларусь елінде меңгерген. Ақ халаттылар алғашқы науқастарын ақпан айының соңында қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл құрылғының көмегін онкологиялық диспансерде тіркеуде тұрған науқастар тегін қолдана алса, басқаларға – ақылы.
Жаңа медициналық құрал-жабдықтар облыстық балалар ауруханасына да жеткізілді. “Қазмедтех” АҚ ұсынған қаржы лизингісі арқылы 80 млн. теңгеден астам қаражатқа емдеу мекемесіне қажетті құрылғылар сатып алынған.
Қазіргі таңда бұл құрылғылардың көмегімен түрлі оталар жасалуда. Жаңа қондырғының бірі – автоматтандырылған анализатор. Ол санаулы минуттардың ішінде газ, қандағы метаболиттер мен электролит құрамын анықтай алады. Жаңа қондырғы дәрігерлердің жұмысын біраз жеңілдеткен. Себебі, бұған дейін бұл талдамалар жеке-жеке жасалып, 2-3 сағат уақытты алған. Енді құрылғының арқасында дәрігер емделушінің жағдайы жайлы толық ақпаратты 2 минуттан соң ала алады.
Австрияда шығарылған аталмыш аппараттың құны – 7,5 млн. теңге. Бұдан басқа аурухана ультрадыбыстық диагностикалық жүйе және екі жұмыс орнына шақталған рентген аппаратына қол жеткізген. Мұндай қондырғы емдеу мекемесінде бұрын-соңды болмаған.
(Өз тілшімізден).