Ермек МҰСТАФИН,
облыстық Ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынау жөніндегі инспектураның басшысы.
Солтүстік Қазақстан облыстық инспектураның мемлекеттік сорт сынау учаскелері 2013 жылы барлығы 426 сорт тәжірибесін қамтитын, 258 сорт пен будан сынағы енгізілген 42 дақыл бойынша сортты сынақтан өткізді. Отандық селекция сияқты, сынаққа Ресейден де және алыс шетелдерден де сорттар көптеп түсе бастады. Үстіміздегі 2014 жылы облыстық инспектураның сорт учаскелерінде сынақтан өтетін сорттар саны көбейетін болады, 712 сорт тәжірибесін өткізу жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп.
Біздің негізгі дақылымыз – жаздық жұмсақ бидайдың сортын сынау бұрын парға жыртылған және бидай өсірілген екі танапта жүргізілді. Екі учаскеде бидайдың 46 тәжірибелік сорттары сыналды, оның 36-сы – бидайдың жұмсақ және 10-ы – қатты сорттары. Сынақ қорытындылары бойынша бидайдың жаңа сорттары стандартпен салыстырғанда аса артықшылық таныта қоймады. Екі жылдың қорытындылары бойынша стандартқа жетпеген сорттар одан әрі сынақтан алынып тасталды. Өнімділігі бойынша стандарттың деңгейіндегі немесе жақсы сапалық көрсеткіштерімен көрінген басқа сорттар бойынша сынақ жалғасатын болады.
Сынақтан өтіп жатқан, Есіл және Шал ақын аудандарындағы мемлекеттік сорт учаскелерінің (МСУ) танаптарында біршама тәуір нәтиже көрсеткен жұмсақ бидайдың “Қарағандылық-30”, “Қарабалықтық-20”, “Шортандылық-2012”, “Целинная Нива” жаңа сорттары мен қазақстандық ғалымдар селекциясының “Гетьман” арпасы сортына үлкен үміт артамыз. Екі немесе үш жылдың ішінде бақылаудағы сорттардан өз артықшылығын танытқан сорттар аудандастыруға ұсынылатын болады.
Республикалық комиссияның шешімімен осы жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының 9 сортына аудандастыру рұқсаты беріледі. Соның бірі – жасыл жемазықтық “ЛГ 3255” жүгерісі, оның түпнұсқалық шығарушысы “Лимегрейн Еуропа” фирмасы, Есіл МСУ-де 2012-2013 жылдары сыналды, орташа шығымдылығы гектарынан 570 центнерді құрайды. Оның КАЗ 3П 200 стандартындағы шығымдылығы 429 центнер, яғни стандарттан артықшылығы 141 центнерді құрап отыр. Сондай-ақ құрғақ заттылығы да 2,7 пайызға артық, 19,8 пайыз деңгейінде.
Ал “Маниту” және “Аладин” картоптары Аризона стандарты бойынша Новокаменка МСУ-де сынақтан өтті, олардың түпнұсқалық шығарушысы – Голландия, үш жылғы орташа шығымдылығы гектарына 250 центнерден айналды. Сол сияқты “ЛГ 5525” күнбағысының шығарушылары “Лимегрейн Еуропа” мен “Солнечный-20” болып табылады, Есіл МСУ-де сынақтан өткен, орташа шығымдылығы 25,1 центнерді құрайды, стандарттан 1,2 центнерге артық. Өсімдіктің бойы 174 сантиметрге дейін жетеді.
Жаздық “ПР 45 Н 73” рапс дақылы Есіл СМУ-де сыналған, орташа шығымдылығы гектарына 20 центнер, стандарттан 1,3 центнерге жоғары. “Ақсайлық мұртты 55” бұршағын “АСК” ЖШС-і мен “Техник Германия” компаниясы шығарған, шашылмайтын Омбы стандартындағы дақыл, орташа өнімділігі 16,4 центнерді құрайды, стандарттан 2,1 центнерге жоғары, ақуыздылығы – 24,5 пайыз.
“Памяти Раисы” арпасының сортын Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы шығарған, “Целинный-2005” стандартына жатады, Рузаев МСУ-де сыналған, үш жылғы орташа шығымдылығы 18,4 центнерді құрады, стандарттан 2,4 центнерге жоғары.
Жаздық “Лигена” тарысының түпнұсқалық шығарушысы “Рапуль” ЖШС-і, Есілкөлдік Қазақстан стандартына ие, Есіл МСУ-де сынақтан өткен, гектарынан 11,0 центнерден өнім береді, стандарттағыдан 2,7 пайызға басым.
Азықтық “Барнаул-98” тарысының шығарушысы – Алтай АШҒЗИ МҒУ-і, “Кормовое 98” стандартында, Рузаев МСУ-де сыналған, үш жылдағы орташа шығымдылығы 16,6 центнер құрады, стандарттан 3,4 центнер артықшылығы бар.
Бұл сорттар осы жылдан бастап қолданысқа рұқсат алды. Сондай-ақ біздің облыс бойынша болашағы бар сорттар тізіміне “Такома” ақбасты қырыққабат буданы да енгізілді.
Өткен жылдан бастап СибАШҒЗИ мен “Қорғантұқым” ЖАҚ бірлесіп шығарған орта пісімді “Омбы-38” бидайы, Голландияның “Аризона” картобы және Германияның түрлі аула шөптері сорттарын пайдалануға рұқсат етілгеніне тауар өндірушілердің назарын аударамыз.
Өткен жылдан бастап облыс бойынша “Таловец-50” бұршағы, рапстың “Хидалго” жаздық буданы мен күзгі “Шпат” сорты, майлық “Есілкөл” зығыры, “Резистор” ақбасты қырық-қабат буданы, “Октябрь” пиязы, “Тоғай” судан шөбі, “Плезир” газон шөбі сұраныс тудырмайтын ескі сорттар ретінде тізімдемеден шығарылды.