Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әрі қарай қарқынға қарқын қосып дамуы жөнінде айтқан сөздері, стратегиялық мәні бар, мән-мағынасы тереңде жатқан жоспарлары бойында отансүйгіштік сезімі бар әрбір қазақстандықты толғандырмай қоймайды. Менің өз басыма үлкен ой салып, өзімнің әлі де тірі екенімді есіме алдырған Елбасының бұдан екі жылдай бұрын жария етілген “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласы болды. Өзіммен бір жылы туған Нұрсұлтан Әбішұлы: “Көпті көрген көнекөз емессің бе? Өсер ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық, жастарды қоғам ісіне тартарлық, талпынғандарға ақыл қосарлық жағдайың әлі де бар. Қолыңмен болмаса, тіліңмен елімізде болып жатқан ұлы дүбірге үлесіңді қос” деп жанымда тұрғандай болды. Оның үстіне Мәңгілік Ел болуды Ұлттық Идея ретінде ұсынып, болашақты бағамдаған Елбасының кезекті “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы адамды бейжай қалдырмайды екен. Көңіл экранына сонау соғыс жылдарынан бастап, көрген білгендерім, басымнан өткендерім шудадай шұбатылып, жіптей ширатылып түсе бастады. Әуелі балалық бал дәурен кезіміздегі ауыл адамдарының әр күні еңбекпен өткен жанпида тіршілігін, ел бүлдіршіндерінің ащы өмірдің шалғайына жабысып, өлермен күн кешкендерін ешқандай боямасыз баяндап беруді жөн көрдім. Кешегі мен бүгінгінің айырмашылығын, өмір үшін талпыныстың қай деңгейде болғанын бағалау, адамдардың қиын кездердегі қабілеттерін саралау оқырмандардың өз еркінде.
Тілеген ЖЕТЕЕВ.
Біздің 300-ден аса шаңырағы бар ұлпа-отан ауылымызда соғыс өртінің жалыны шалмаған үй болған жоқ. Менің де әкем мен ағам 1942 жылы қан майданға кетті. Онда мен екі жастамын. Үйде менен басқа жасы үлкен апайым мен қарындасым бар. Шешем Несібелі өзіміздің жуан қарын қасқа сиырмен бригада басында қона жатып жұмыс істейтін адамдарға үйлерінен жинап ас апарады. Ол таңалакөбеден тұрады да, тарантас арбаға орнатылған тоқыма ұзын қорапқа бетімен бірдей етіп шөп толтырады. Әр үйден жиналған азын-аулақ тамақты төгіліп-шашылмайтын етіп, шөптің арасын ұялап орналастырады. Апам мені ес көре ме, көлігін жегіп болғаннан кейін, жылы орнымнан көтеріп алып, қалың көрпешікке орап әкеліп қораптың арғы бір бұрышына отырғызады. Көше бойғы жұмысты қасқа сиырдың өзі біледі. Көшенің бір басынан түсіп алады да, әр үйдің терезесінің алдына жанаса келіп тоқтайды. Сол кезде:
– Ас әк-е-ел, – деген апамның әуенді үні ауыл тіршілігін қозғайды.
– Ас әк-е-ел, – дейді көшенің орта тұсынан тағы бір дауыс.
– Ас әк-е-ел, – деген тағы бір дауыс көшенің екінші жақ басынан талмаусырап естіледі. Таңғы тымырсық тыныштықта көшенің әр тұсынан шыққан әйелдердің ащы дауыстары бір-бірінің жаңғырығы сияқты.
Әлден уақытта көшені дүмпілдеткендей бір дыбыс шығады. Бұл – ұзын көшені қақ жарып келе жатқан басқарма Қажымұрат Үмітбаевтің бурыл тұлпарының сом тұяқтарының дыбысы. Қажекең жасы елудің мол ортасына кірген, атақдаңқына кескін-келбеті сай, от жанарлы, Құнанбай тұлғалы, өте ірі толық кісі еді. Арнайы тапсырмамен істелген он арыс арбаның ортан белі оның салмағына шыдамай былқылдап тұратын. Кең тоқылған шалқайма қораптың өзі бір өзіне тарлық ететін сияқты еді.
Қажекең ас жинап жүрген бізге жетіп келеді:
– Дендерің сау ма, амансыңдар ма, қарақтарым? – дейді де ас жинаудың жағдайын сұрайды. Аты “ас” дегенмен, ол кезде қайбір тамақ бар? Көбінікі айран, құрт-ірімшік. Нан тапшы. Ең көп дегенде, отқа көміліп піскен күйелеш собалақ немесе бір үзім таба нан. Кейбіреулері бір уыс қуырылған бидай алып шығады.
Кейбір үйлерден жалаңаяқтарына шәркелерін іле салып шыққан әжелер:
– Қарақтарым-ай, беретін де ештеңем болмай қалды-ау. Жалғыз сиыр соқада. Бейшаралар-ай, аштан бұрлығып өлетін болды-ау, – деп зарлана бастайды да: – Әй, тұқымыңа күл шыққыр Китлер ит-ай, төбеңе найзағай түсіп, үйің өртенсін сенің! – деп бүкіләлемдік қанішер Гитлерді қарғап-сілейді. Қажекең осындай ас бере алмағандарды қойын дәптеріне түртіп алады. Ертеңінде бұл үйлерден де ас дорбалардың бүйірлері бұлтиып шығады. Бұл басқарманың жасаған қамқорлығы екені айтпаса да түсінікті.
Ас жинап алу әжептәуір уақыт алады. Содан соң апам сиырдың басын “Балшық үйдің дөңі» деп аталатын бригада қонысына қарай бұрады. Көшеден сытылып шығып кетудің өзі бір қиямет. Көше толы аш иттер асшылардың арбаларын төңіректеп, кейбір өлермендері шетірек жатқан ас дорбаны ала қашуға тырысады. Итке беретін артық тамақ қайдан болсын, олардың да иттік жасамауға амалдары жоқ. Апамның әдейі дайындап алған ұзын таяқтары болатын. Біреуімен көлік айдайды, екіншісін менің қолыма ұстатады да, иттерден қалай қорғануды үйретеді. Кейбір бұзылған шәуілдектер қолымдағы таяқты жұлып әкетеді.
Даңғыл жолға түскен соң қасқа сиыр “ендігісін өзім білем” дегендей, бригада қосына басы тірелгенше жуан қарны солқ-солқ етіп, желе жортып мөңкілдейді де отырады. Ол мөңкілдеген сайын ішіндегі сұйығы артынан қылп-қылп етіп, әбден іші ортайғанша толастамайды.
Бригада қосының “Балшық үйдің дөңі” деп аталуы да орынды. Бұл ара – ұзыннан- ұзақ созылған құба дөң. Екінші бригаданың негізгі егістігі де осында. Дөңнің орта тұсына шымнан үй салынған. Үйдің ит арқа төбесіне қалың қылып тал төселіп, үсті ақ балшықпен құйылып, майланып тасталған. Қандай нөсер жауын болса да, тамшы ақпайды. Шұбатыла салынған үлкен үйдің үш бөлмесінің біреуінде ерлер, біреуінде әйелдер тұрады. Ал үшінші бөлме ортасында, онда құрал-сайман, ұсақ-түйек сақтайтын қойма. Қардың көбесі сөгілісімен еңбекке жарайтындардың бәрі осы үйге көшіріледі. Сол балшық үй тың игеру басталғанға дейін бригада қонысы болды. Өзім теңдес қара табан бүлдіршіндер тәй-тәй басқаннан бастап осы үйде есейді. Сондықтан, әлдеқашан төбесі ортасына түсіп, үлкен бір төмпешікке айналған үй балалық бал дәуреніміздің хикаясын бауырына басып жатқан киелі орындай көрінеді.
Бригаданың егістік жерінің дөңес белге орналасуының да өзіндік сыры бар. Техника дегеннің мүлдем жоқ кезі. Жер өңдеу қыстан қаусап шыққан арық-тұрақ өгіздермен, шаруаның сиырларымен жүргізіледі. Егіс жұмыстары ерте көктемде жер сәл-пәл кебе бастағанда-ақ басталады. Дөңес жердің күн жақ беті ертерек еріп, бұрынырақ кебеді. Егіс жұмыстары да сол күн беттен басталады. Содан өгізаяңмен жылжып отырып дөңге, одан арғы бетке ауысқанға дейін егістіктің беті түгел жылынып болады. Бұған 15-20 күндей уақыт кетеді.
Біз қасқа сиырды мөңкілдетіп отырып бригада басына жеткенге дейін күннің көзі сәскеге айналып қалады. Жұмысшылар біздің келіп жететін уақытымызды жақсы біледі. Таң ағара егістікке шығатын олар, бір дем жұмыс істеп тастап, біздің қарамыз көрінгенде-ақ ұбақ-шұбақ аяңдап, бригада тұрағына жинала бастайды. Қасқа сиыр күндегі орнына тоқтайды. Апам ас дорбаларды тарата бастайды. Бригададағы 30-40 адамның тамақтарын бір-біріне араластырмай таратып беру үлкен ұқыптылықты, жылдамдықты талап етеді. Ал менің анам дәл осындай жан еді. Қораптың айналасын қоршап алған аш құрсақ бала-шаға, қыз-қырқын:
– Анау менің тамағым.
– Анау менікі, – десіп қолдарын арандай созып, дегбірсізденіп шулап кетеді. Үйлерінен дәм келгендер көңілдері өсіп, қауқылдасып қалады. Ал тамақ келмегендер маңдайлары тасқа тигендей, жадау жүздері аппақ қудай болып, бөлектеніп барып бүк түсіп отыра кетеді. Әркім өз тамақтарын түгендеп алғанша үндеспейді. Содан ас-ауқаттарының жобасын көріп, мөлшерлеп алғаннан кейін ақсақалдардың біреуі бос топатаймен табақ алдырады. Әлгі топатайға өз айранынан шамалап құяды да, табаққа бір үзім нан тастайды. Әлгі ыдыстар қолдан-қолға өтіп жағалап кетеді. Әлден уақытта топатай айранға толады. Табаққа әжептәуір нан жиналады. Содан манағы ақсақал:
– Әй, Бәленбай, Түгенбай келіңдер. Мына бұйырған дәм – сендердің ырзықтарың. Мұны ішіп-жеп қойсақ, арам ас жегендей боламыз. Келіңдер, ұялмаңдар, алыңдар, – деп тістерін шөңгемен шұқылап отырған бейбақтарды қатарға шақырады.
Бұл – күнде қайталанатын көз үйренген жайт. Сондықтан ешкім одан тартынбайды. Бұйырған дәмге көппен бірге қаужаңдасып қалады.
Бригада адамдарының ішінде ең жасы үлкені де, сөзін тыңдата алатын беделдісі де менің Қожахмет атам еді. Ол – менің соғысқа кеткен әкемнің туған ағасы. Өмірде көргені көп, ештеңеге мойымайтын, жоқ нәрсеге бүлініп таусылмайтын, қуақылығы да мол, сөзге бай адам еді.
Егер біреу:
– Қожеке, бүгін жел қай жақтан соғады? – деп сұраса, атам сұқ саусағын жалап алып, қолын тас төбесіне көтере қоятын.
Сосын:
– Жел мына беттен соғады, – деп жел соғатын жақты нұсқайды. Атамның айтқаны дәл келеді. Таңғы ауа қандай тымырсық болса да суланған саусақтың жел болатын жағынан салқын леп білінеді екен.
Атам толғатқан малдың тәуліктің қай мезгілінде төлдейтінін де тап басып дәл айтатын. Қазір ойлап қарасам, күнбе-күнгі күйбең тіршілігі табиғи құбылыстармен астасып жатқан көне көздердің көрегендігі табиғаттың өзінен алынады екен. Атам әңгімешіл де еді. Неше түрлі ертегі, ескілікті әңгімелерді сөздің майын тамыза айтқанда, тыңдаушылары ешқашан жалықпайтын. Әсіресе, жұмысқа қолбайлау болатын жауынды күндері атамның маңайы әңгімеқор, құйма-құлақ адамдарға толы болатын.
“Ер Данай”, “Ер Қосай”, “Ер Төстік”, “Ер Тарғын”, т.б. толып жатқан ертегі-аңыздарын тыңдағанда титіміштей жүрегіміз тебіреніп, шіркін-ай, біз де солардай батыр болсақ қой деп қиял қанатына еретінбіз. Мына сияқты қандай жалмауызды болсын жәукемдеп тастайтын батырлары бар біздің қазақ халқы қандай керемет?! Дүниежүзіндегі халықтардың ең мықтысы қазақ деп түсінетінбіз. Өзіміздің қазақ екенімізді мақтан тұтатынбыз.
– Ата, – дейтін кейбір әсершіл балалар үздіге сөйлеп. – Сол батыр аталарымыз қазір қайда? Ана Китлер иттің басын неге жұлып тастамайды олар?
– Ой, балалар-ай, – дейтін атам байсалды сөйлеп. – Сендер саспаңдар. Ол батыр бабаларымыз сендердің соғыста жүрген әкелеріңе, ағаларыңа сенеді де. Олар да бабаларына тартқан шымқай батырлар ғой. Өздері-ақ Китлер сұмды көріне тығады әлі!
Бұл сөзге әкелеріміз соғыста жүрген біздер әжептәуір масайрап, марқайып қалатынбыз.
– Ата, Ер Данай, Ер Қосай аталарымыз қазір қайда жүр? Оларды көруге бола ма? – деп сұрайды ертегіге әбден сенген бір бала.
– Е-е, балам-ай, ол бабаларымыз қазір үлкен ұйқыда жатыр. Анау біздің ауыл орналасқан ұзын дөңді көресіңдер ме? – деп атам ауыл жақты сілтейді, – Ер Данай батыр сол дөңнің астында жатыр. Ал Ер Қосай батыр осы «Балшық үйдің дөңінің» астында. Алып батырлар ел шетіне жау келмесе, жер көрпесін жамылып, жылдап жатып ұйықтай береді. Алда-жалда ел шетіне жау келе қалса, орындарынан дүр сілкініп тұрады да, шомбал саусақтарымен қаптаған жауды битше бытырлатып қырып тастайды.
Санамыздың саяз кезі. Біз атамның ертегісіне қалтқысыз сенеміз. Шынында да қатарласа шұбатылып жатқан екі дөң батыр бабаларымыздың сұлбаларына ұқсайды. Сезіміміз селдей болып, өзімізді батыр бабаларымыздың апайтөс кеуделерінде лақтай секіріп жүрген шөбере-шөпшектеріндей көреміз. Жер бетіне ұйыса шыққан неше түрлі көк желек шөптер батыр аталарымыздың алып денелеріне шыққан жалбыр жалдары ма дейміз. Қалай десек те туған жеріміздің топырағына деген сүйіспеншілік сезіміміз шалқып жатады.
Мен болсам, осыншама қызғылықты әңгіме айта алатын жұмыр басты, дөңгелек жүзді, қыр мұрынды, келте мұртты, шоқша сақалды Қожахмет атамды мақтаныш тұтамын. “Атамның бары қандай жақсы!” – деп ойлаймын…
Менің анам Несібелінің жұмысы тек қана ас таратумен бітпейді. Енді қасқа сиырға неғұрлым бұтағы көп қайың ағашты тіркеп алады да, себілген жердің бетін тырмалауға кіріседі. Менің орным сиырдың жап-жалпақ белдемесінің үсті болады. Анам мен құлап қалмасын деп, сиырдың кеуде тұсынан ұзын жіпті орай байлайды да бір ұшын менің қолыма ұстатады. Үстімізден күн көзінің ыстығы, астымыздан сиырдың тершіген денесінің қызуы, оған қоса, ен даланың еркесіндей есерленіп алған маса-сона әбден мезі еткенде, қалғып кетіп егістіктің бусанған бетіне, омақасы құлайтын кездеріміз де жиі болады. Қаншама баланың көліктің аяқтарының астына түсіп жараланғанын, тіпті, мерт болып кеткенін кім есептепті? Әйтеуір, жер бетінде төмпешіктердің көбейгенін көзіміз көрді…
Бригада басындағы кешкі тамақ – үлкен қазанға қайнатылған сүт салма немесе түрі боп-боз, аздап ұн араластырылған сеппе көже. Ұзақ күнгі жұмыстан шаршап-шалдығып қайтқандар ас дорбаларының түптерін қаққыштап, нан қоқымдарын жинап, алдарына буы бұрқырап келген сеппе көжені жерік астай іштері кепкенше сораптайды. Күні бойғы ауыр жұмыстан әбден титықтаған, денелері борша-борша терлеген жұмыс адамдары сол отырған жерлеріне қисая кетіп, ұйықтап қалады. Содан қалай болса солай көк майсаға шашылып жатқан үлкенді-кішілі адамдардың қорылы басталады.
Қараңғы түсе біз ертеңгі тамақты жинап әкелу үшін ауылға бет қоямыз. Әбден әлсіреген қасқа сиыр аяқтарын ілбіп басады.
… Егіс жұмыстары жүйе-жүйесімен жүргізіледі. Алдымен жер жыртылады. Пар өгізге жегілген қос тілді соқаның құлағын ұстауға әлді деген ересектер мен жеткіншек бозбалалар жіберіледі. Қыз-қырқындар мен ер балалар көлік айдайды. Не әлі тура жүруге үйренбеген асау өгіздерді жетектейді. Әр өгіздің өзіне тән мінезі болады. Кейбіреулері тезірек үйреніп, айдағанға көніп, айтқаныңды тыңдайды. Ал мінезі қырсық өгіз кездессе, көздері алайып, айдаушы балаға: “Е-е, сенбісің?” дегендей мұрнын шүйіре қарап алады да, бұзақылығын бастайды: не бораздадан бұра тартады, не жетекке түспей әуре қылады, не жұмсақ жерге жата қалып, тұрмай қояды. Пілдей ірі өгіздерді жас баланың ұрғаны маса шаққанмен бірдей. Өгізін бағындыра алмаған балалар әбден ызаланып, ашу қысқанда амалдары құрып, жер тепкілеп, көз жастарына ерік береді. Мұндайда көмекке ересектер келеді: қарулы қолдағы дырау қамшы арқаларын осып өткенде, қырсық өгіздер “ағатай, қойдым-қойдым” дегендей зыр қағады. Асау өгізді үйретудің амалдары толып жатыр, соның бірі – жусаған сақа өгіздің жанына тентек өгізді қосақтайды. Сөйткенде үйретілген өгіз жанындағысын еріксіз сүйрелеп, ырқына көндіреді. Бұл өгіз айдаушы балалардан тәжірибелілікті, қабілеттілікті талап етеді. Бригададағы ересектер өз ісін жақсы меңгерген балаларға таласып, кейде “мынау менің айдаушым” деп, төбелесуге дейін барады. Өйткені, өнімді жұмыс істеу балаларға да байланысты.
Екінші кезекте өңделген жерге тұқым шашу басталады. Ересектер жағы мойындарына ілінген кенеп қапқа тұқымдық дәнді көтергенше салып алып, қатарласа жүріп құлаштай сермеп, бірде – оңға, бірде солға лақтырып отырады. Бұл – бар жұмыстың ең қияметі. Егістіктің бетіндегі лайланған саз балшық жыртық-жамау аяқкиімнің табанын жұлып алады. Сондықтан себушілер әлі де ызғары басталмаған жерді жалаңаяқ басуларына тура келеді. Таң алакөбеден басталған егістікке дән шашу жұмыстары кешкі қараңғы қоюланғанға дейін толастамайды.
Егін себуде Жантүгелдің Махметіне жан жетпейді десетін. Ол ала жаз бойы аяғына киім ілмейді. Бір көзден кемтар, денесі қағылез, жирен сақалды, күрең кісі еді. Тұқым шашқанда егістіктің үстінде желе-жортып, қатарындағыларды басып озып отырады. Қара жерге таптаурын болып, ұлтанды етіктей қалыңдап алған, сірідей қатты табандарына шөгір-мөгір батпай, бырт-бырт сынып отырады. Бала кезімізде үлкендер жағы терісі қалыңдап, саусақпен шерткенде ағаштай тықылдайтын табанымызды сипап отырып:
– Әй, сен өзі Махмет табан екенсіңғой, – десе, өзі бригададағы еңбек озаты, өзі жүйрік, ешқашан шаршамайтын Махаңа табанымыздың тартқанын әжептәуір бедел көретінбіз.
Ел ішінде сол Махмет атамыз жөнінде де бір хикая әңгіме қалды. Тегі, соғыс аяқталған кез болса керек. Науқандық жұмыстар кезінде ауданнан уәкіл дегендерің қаптап кетеді.
Оңғарбаев деген бір уәкіл ауданға аты шыққан, мақтаулы Махметтің жұмысын өз көзімен көргісі келіпті. Махаң әдетінше қапшығындағы дәнді ерсілі-қарсылы құлаштай лақтырып желе-жортып келе жатады. Оның тағы бір ерсілеу әдеті – құлашын сермеген сайын өзі естіген, есімдері есінде қалған биік лауазым иелерінің аттарын атап, құшырлана айғайлап жүреді екен. Егіншінің ширақ қимылына қарап риза болып тұрған уәкілдің тұсынан өткенде:
– Мә, саған, Сталин! Мә, саған, Китлер ит! Мә, саған, Сталин! Мә, саған, Китлер ит! – деп, уыс-уыс дәнді екі жағына құлшына лақтырып бара жатады. Мынадай тосын сөзді естіген Оңғарбаев үстіне ыстық су құйылғандай шошынып, өңі құп-қу болып, тұрған жерінде есі ауысып ұшып түсе жаздайды. Өзі де ер адамның құшағы жетпестей толық кісі екен. Бұқа бұғағы одан әрі ісініп, қос жанары шарасынан атып шығардай алайып, шалық тиген бурадай буырқанады. Жанына еріп жүрген бригадир Жұманға езуінен көбік шаша кекештене айғай салады:
– То-қ…то-о-қтат ан-а-а-ны! То-о-оқ-тат!
Еңгезердей Оңғарбаев өзін езіп тастар ма екен деп шапаты денелі Жұман шал Махаңның артынан жүгіреді. Екі қолын ерсілі-қарсылы сермеп, қызып алған Махаңды етжеңді Жұман арсы-күрсі болып әзер қуып жетеді. Алдын орап, шалғайына жабысқан бригадирге ырық бермеген Махмет жүрісінен жаңылмайды, тосын сөзін де тоқтатпайды:
– Мә, саған, Сталин! Мә, саған, Китлер ит!..
«Басқа пәле – тілденің» кері келді. Махаңның аузынан шыққан тосын сөз бүкіл елдің үстіне қара түнектей төнді. Мақтаулы Махаң бір сәтте халық жауларынан кесіліп қалған құйыршық, жақсы жұмысымен көз бояп жүрген сатқын болып шыға келді.
Махаңның бәйбішесі Мәміш адуын мінезді, шамшыл кісі еді. Ашуланғанда алды-артын ойламай, ешкімді тыңдамай шаң-шұң айғайлап кететін. Уәкілдің қатысуымен Махаңның ісі қаралып жатқан жиналыста тыныш отыра алмай:
– Әй, бишара-ай! Елдегі Жұман мен Қажымұрат жетпей, құрып кеткір Сталин мен Китлерде не құның бар еді?! – деп өзі де торға түскен торғайдай бүрісіп отырған Махметке дүрсе қоя береді. “Отқа май құйды” деген осы! Өзін Сталиннің бел баласындай сезінетін, оған шын берілген уәкіл Оңғарбаев бомба болып жарылады. Орнынан атып тұрып:
– Міне, халық жауларының ұясы! Бұларды бала-шағасымен, түп-тұқиянымен құрту керек. Мен ауданнан милиция алдырамын, – деп сүзеген бұқадай гүжілдейді.
Шатақ іске басы байланған Махаң жағдайды енді ғана түсініп, несіне болса да көндім, бір Аллаға сендім дегендей үндемейді. Сүзеген уәкілден зәресі ұшқан Мәміш не бүлдіргенін әлі де түсінбей:
– Көтек, көтек. Мұнысы несіей? – деп уәкілге қарай ұмтыла беріп, талықсып кетеді. Көзі алайып, ақ шашты басы қалтаңдап, отырған орнынан омақаса құлайды. Есік жақтан бір әйелдің зарлы даусы естіледі:
– Ойбай-ай, ойбай, өлді ғой сорлы, өлді, – деп сұлқ жатқан денеге ұмтылады.
– Бейбақтық жүрегі жаман еді, жарылып кеткен-ау, сірә. Жан құрбым-ай, қайтейін-ау, қайтейін? – Кеңсенің іші абыр-сабыр, у-да-шу.
Тағы бір әйел дауыс көтеріп:
– Кешегі Китлердің қырғынында өлмеген бишараны мына уәкіл өлтірді-ау. Құдай-ай, Құдай, енді қайда барайын? – деп шашын жұла бастады. Жалғыз көзі шақырайып, түсі өзгеріп кеткен Махмет әбден тер сіңіп, жылтырап алған көйлегінің омырауын дар еткізіп, кеудесін жалаңаштап уәкілге ұмтылады:
– Мә, ат мені, өлтір! Түрмеңе жап!
Безгек қысқандай қалшылдаған Махаңнан, у-шудан мәңгіріп қалған уәкіл есікке қарай жылжи береді. Тегінде, өзі сужүрек, қорқақ кісі болса керек, жалтаңдап басқарма Қажымұратқа қараса, ол кісі жұртқа білдірмеген болып, “қаш” дегендей, аудан жақты нұсқап, қолын сілтейді. Зәресі ұшқан уәкіл атына міне салып, тайып тұрады. Сол кеткеннен мол кетіп, бұл ауылға қарасын көрсетпейді. Махаң да, Мәміш те аман қалады. Кейінірек:
– Бұл әйел бүлдіре де, күлдіре де біледі, – деуші еді Мәміш шешейдің замандастары. – Ай, қызығы мен шыжығы, ащысы мен тұщысы ащы шектей араласып, бытысып жатқан қитұрқы заманай десейші.
Біздің ауылда қара жұмыстың қай түрін болса да опырып-жапырып қирата істейтін өлермен еңбеккерлердің қатары көп болды. Солардың арқасы ғой, колхозымыздың еңбек додаларында аламанның алдын бермей марапатталып жататындығы. Сондай еңбек майталмандарының бірі Мырзабайдың Сейтені еді. Әсіресе, шөп дайындау науқаны кезінде Секең алдына жан салмайды. Оның ұнатып істейтіні – шөп маялау. Өзі қара күштің иесі. Шаршап-шалдығу дегенді білмейді. Өзгелер дала қостарында денелерін жинай алмай, құрысып-тырысып жатқанда, Секең таң сәріден тұрып кетіп, екі-үш мая шөпті үйіп тастайды. Оның аты-жөні бригада басындағы, колхоз кеңсесінің алдындағы “Құрмет тақталарынан” түспейді. Андасанда берілетін заттай сыйлықтардың да иесі – Сейтен Мырзабаев.
Көпшіліктің ішінде Секеңнің ылғи оза шауып, бәйге алатынын көре алмайтындар да бар. Оның үстіне “Күлсең, кәріге күлді” желеу етіп, үлкен кісіні іліп-қағып сайқымазақтық жасайтындар болады. Сондай қалжыңбастардың бір тобы түн қараңғысында қатты ұйқыға кететін еңбек майталманының тозығы жеткен керзі етігін алады да, жас шөпті суы шыққанша бұрап-бұрап етіктердің қоныштарына балғамен ұрып тығыздап кіргізіп, тастай қылып бекітіп тастайды. Шөпті суырып алып тастау оңай емес. Оған көп уақыт керек. “Не істер екен?” деп өздері қостың іргесінен бақылап жатады. Таң алакөбеден оянған Секең етіктерін киейін десе, қоныштарына тығыздап тығылған жас шөп тастай қатып қалған. Ақсақал аңсарылып біраз отырады да, қара көлеңкеде жер сипалап, шалбарын тауып алып, қалтасынан үнемі жанынан тастамайтын бәкісімен әп-сәтте екі етіктің де қоныштарын қыл мойнынан қырқып тастайды. Сөйтеді де, шәркеге айналған аяқкиімдерін жалаңаяқтарына киіп:
– Әй, ойындарың осылғыр кәззәптар-ай! – деп қостан шығып жүре беріпті.
…Міне, бүгінгі күні жер басып жүрген 70 пен 80-нің аралығындағы балалық бал дәурені соғыс өртіне оранған, өмірлерінің бастауы да, армандарының арқауы да осындай фанатизмге бергісіз еңбекқор ортада қалыптасқан біздің ұрпақтың атқарған істері де ұшан-теңіз еді. Біз басталғанына биыл 60 жыл толатын “Тың игеру” эпопеясына да белсене араластық. Дәулетті қалалар мен сәулетті ауылдарды тұрғыздық. Өйткені, біз – қиындықтан қайтпайтын, ештеңені “болмайды” деп айтпайтын, жігері құрыш, бағыты дұрыс ұрпақпыз. Біздің бұл әңгімеміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Егемен Қазақстан” республикалық газетінің бас редакторы Сауытбек Абдрахмановқа берген “Еңселі елдікке жеткізеді” атты сұхбатымен (21 тамыз, 2012 жыл) қанаттасып жатқан сияқты:
“Мен ес білгеннен еңбектің ортасында өстім. Ана жолы айттым ғой, менің әкем Әбіш – ғұмыр бойы еңбекпен өткен адам. Ол кісінің бос отырған кезін көрмеппін. Не малды қарайды, не егін егеді, не отын жарады, не томар қопарады, әйтеуір, бір шаруаны қолға алып жатқаны. Шаршауды білмейтін адам сияқты еді. Ауыр жұмыстардан қайтпайтын. Үшқоңырдың биігінде салынған жолда да әкемнің қолының таңбасы қалған. Әкем мен шешемнің тағдыр тоғыстыруына да еңбек себепкер болған. Анам сонау Шу жақтан келіп, салынып жатқан жолға жұмысқа тұрған екен. Анам да жұмыс десе жанып түсетін. Үйдің жұмысын тындырып тастап, көрші-қолаңның шаруасына қарасып жүретініне қайран қалатынмын. Біздің үйдің адамдары ғана емес, бүкіл ауыл негізінен еңбекқор еді. Сол тәрбиені көріп өстік”, – дейді. Бұл сөздер тұп-тура біздің замандастарымызға қарап айтылғандай.
Бірақ бізден кейінгі тепсе темір үзетін жастағы ұрпақтарымыздың екі қолға бір жұмыс таба алмай, жалқаулыққа салынып, ұрлық-қарлыққа, неше түрлі арсыздық істерге барулары алаңдатады. Ауылда тұрып мал ұстамау, сиыры болғанымен, май-қаймақ, құрт-ірімшік көрмей, биесі болғанымен, қымызын ішпеу, үй маңайында ауласы болғанымен, көкөніс өсіріп, құс өрбітпеу, есесіне сынықтан сылтау тауып, біреулердің жылт еткен жақсылығын байқап қалып, “жудыру”, әсіресе, ауылдағы әйелдердің әдетіне айналуда. “Әкесі тұрып, баласы сөйлегеннен без, анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без” деген қазақтың даналығы далада қалды. “Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет” дегеннің де заманы өтіп кеткендей. Ел ішіндегі неше түрлі келеңсіздіктердің бастауы осында жатыр.
«Өзінің ары бар,
Сөзінің нәрі бар
Қарттарға жақын бол,
Оларда бәрі бар”, – демеуші ме едік?
Жамбыл ауданы.