Жыл басынан бері облыс аумағында көші-қон заңнамасын бұзудың 86 фактісі тіркелді.
Бұл үшін 70 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бөтен елдің төрт азаматы сот тәртібімен Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Солардың бірі – 24 жастағы өзбек жігіті. Ол Қазақстанда жүріп қылмыс жасаған, түзеу мекемесіндегі жазасын өтеген соң еліне аттандырылды.
Өзіміздің екі жерлесіміз шетелдіктерді жұмысқа тарту ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауап арқалады. Қонақтары тіркелу ережесін бұзған он қазақстандық айыппұл төлеген.
Ал ел аумағынан шығу жөніндегі талапты орындамағаны үшін 44 жастағы ресейліктің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Былтырғы жылдың наурызында Шал ақын аудандық сотының шешімімен көші-қон заңнамасын бұзған бұл азамат өз еліне кету керек болатын, алайда, ол әлі күнге дейін қазақ жерінде жүр. Енді ресейлік қонақ заңды елемегені үшін істі болып отыр.
СҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Еркетай Тұтқышевтың айтуынша, былтыр облыста көші-қон заңнамасын бұзуға байланысты 4 мың-нан астам заң бұзушылық анықталған. 3933 шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылды, 132-сі сот тәртібімен елден қуылды. 2013 жылы 12 қылмыстық іс қозғалған, соның ішінде біреуі – мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге, жетеуі – елден кету туралы шешімді орындамауға, төртеуі заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысты.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.