Махмет ТЕМІРҰЛЫ,
зейнеткер.
Мағжан, Мағжан,
Ерекше туған
Бір бөлек жан.
Жұлдыздай ағып,
Жарқырап жанып,
Түнекті жарып самғаған.
Мағжан, Мағжан
Кеудесі толы арман.
Қатерден қорқып таймаған.
Елім деп еңіреп,
Намысы кернеп,
Өліммен де ойнаған.
Күйдірген жанын,
Кеудесі жалын,
Сақтаған адамдық арын.
Өтсе де таяқ еттен,
Қайтпады алған беттен,
Төксе де жендеттер ағызып қанын.
Достары сүйген,
Дұшпаны күйген,
Жалындаған сөзінен.
Жаныңды тербеп,
Түсіріп өрнек,
Ағылды жырлар өзінен.
Жанымдай сүйіп,
Басымды иіп,
Аруағын сыйлап келемін.
Жүргенде де айдауда,
Аяқ-қолым байлауда.
Жұртқа айттым Мағжан өлеңін.
Болды ғой көпшіл,
Мінезі өршіл,
Түркінің ыстық қаны бар.
Көк бөрідей,
Күлтегіндей,
Сақтаған таза ары бар.
Қорлыққа көнбей,
Залымға сенбей,
Іздегені әділдік.
Қайнатқан қанын,
Қинаған жанын
Халқы көрген зәбірлік.
Адаммын деген,
Ел қамын жеген,
Ерлер болса осындай.
Белдерін буып,
Елге кеп жуық,
Еңбектенер шошынбай.
Мағжан, Мағжан
Ерекше жан.
Сөздері оқ боп атылған.
Тигенде жауға,
Айтқызған тәубе,
Кем болмай түскен жасылдан.
Мағжан, Мағжан,
Ерекше жан,
Дос сүйсініп бас ұрған.
Тербетіп жанды,
Өлмейді мәңгі,
Асады талай ғасырдан.